Ақтөбеде соңғы жылдары қыс айлары жақындаған кезде «Жылы шұлық» атты қайырымдылық акциясын өткізу тұрақты сипат алып келеді. Бұған аймақтағы «Ақбөбек» қайырымдылық компаниясы бастамашы болып отыр. Әйтсе де бұл тұтастай алғанда қайырымы мен жүрегінің жылуы мол жандардың ісі десе де болады. Мұның өзі қалтадағы қаражатпен емес, көкіректегі ізгілік пен жан байлығынан бастау алатын іс екені анық.
Яғни акция аясында тоқыма өнерге икемі бар қыз-келіншектер мен әйел-аналардың және асыл әжелердің қолдарынан шыққан жылы шұлықтар аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі. Аталған рәсім олар қыстан тоңбай, ауырмай, аяқтарынан сыз өтпей шықсын деген ізгі ниетпен ұсынылады. Жас жүректерге жылылық пен мейірім шуағын таратудың бір жолы осында. Ең бір сүйсінерлігі, әр жыл сайын бұл шараға қолдау көрсеткен қарапайым жандардың қатары көбейіп келеді.
Дәстүрге ене бастаған акцияның атауы «Жылы шұлық» болғанымен, жетім және тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жүрген балаларға қыс қарсаңында берілетін сый-сияпат тек жылы шұлықпен шектелмейді. Сонымен бірге тоқылған кеудеше, бас киімдер мен қолғаптар да тегін сыйланады. Тіпті кішкентай қыздар үшін көздің жауын алатындай әдемі көйлектер де тігіледі. Соңғы жылдары "Жылы шұлық" қайырымдылық акциясы шеңберінде мыңнан астам жас жеткіншекке он миллион теңге көлемінде тегін көмек берілгені де бір мерей.
АҚТӨБЕ