Кеншілер астанасы көктайғақпен күресті кешенді түрде бастап кетті. «Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасы» мекемесінің бас инженері Талғат Смайылов мәлімдегендей, осы мақсатқа деп қазіргі уақытта 500 тонна құм-тұз қоспасы дайындалған.
Жалпы, аталған кәсіпорын облыс орталығындағы 90-нан астам нысанның аумағын қар мен мұздан тазалауға жауапты. Басқарма штатында барлығы 180 жұмысшы және 50 механизатор бар. Барлық аумақ сегіз учаскеге бөлінген, олардың әрқайсысына жеке бригада бекітілген.
Бас инженер Талғат Смайыловтың айтуынша, қар тазалау технологиясының өзі былай қарағанда оп-оңай болып көрінгенімен, өзіндік қиындықтары мен жауапкершілігі бар шаруа екен.
– Қар тазалау технологиясы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен ол жиектастарға сыпырылады, содан кейін жиналады және полигондарға тасымалданады. Көктайғақ кезінде құм-тұз қоспасы да қолданылады. Жұмысшылар қар үйіндісін қолмен сындырады, ескерткіштерден, баспалдақтардан және орындықтардан қарды тазалайды, кездейсоқ қоқыстарды жинайды, қарды тиеу кезінде көмек көрсетеді. Қалған жұмыстарды соқа-сыпыртқы жабдығы бар тракторлар, өздігінен жүк аударатын көліктер, фронтальді жүк тиегіштер – барлығы 40 бірлік арнайы техника түрлері атқарады, – дейді ол.
Кәсіпорынның жұмысшылары жай күндері таңғы сағат 8:00-ден кешкі 16:00-ге дейін еңбек етеді. Ал қар қалың жауған күндері олар таңғы төрттен түннің бір уағына дейін екі ауысыммен жұмыс істейді.
Қарағанды облысы