Баскетболдан өңірдің жас өрендері халықаралық, республикалық байрақты бәсекелерде нәтижелі өнер көрсетуде.
«Білім-инновация» лицейлері арасында дәстүрге айналып үлгерген республикалық жарысқа облыс орталығындағы аталмыш мазмұнда білім беретін мекеменің «Көкше BIL» командасы қатысып, жарыс жеңімпазы атанды.
Команда құрамы жоғары сынып оқушыларынан жасақталған. Осымен екі жыл қатарынан «Білім-инновация» лицейлері арасында ұйымдастырылып жүрген республикалық баскетбол турнирінен қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені жеңіп келеді.
– Балалар қалаған уақытында келіп спорт залда дайындалады. Сабаққа кедергі келтірмейтіндей жағдай жасап, қолымыздан келгенше барлық спорттық жарыстарға жіберіп отырамыз, – дейді облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Ғалымжан Есжанов.
Атырау қаласында өткен бәсекеде 15 команда бақ сынады. Тартысты өткен жарыс барысында көкшетаулық жас спортшылар өз бойларындағы қайрат-жігерді қапысыз көрсетіп, нағыз баптарында екендіктерін ұтымды ойын өрнектерімен дәлелдеген.
– Бұл менің жетінші сыныптан бері дайындаған балаларым. Жаттығуларымыз жемісін беріп екі жыл қатарынан республика чемпионы атандық. Балғындарды баптау ісімен бірталай жылдардан бері айналысып келемін. Біздің оқу орнымыз баскетболда ғана емес басқа да спорт түрлерінен республикада үздіктер қататында, – дейді бапкер Еркебұлан Қарасартов.
Бүгінде команда чемпиондық атақты сақтап қалу үшін ендігі жылы Өскемен қаласында өтетін жарысқа дайындықты бастап кеткен. Сабақтан қолдары қалт ете қалса спорт залға жиналып, шеберліктерін әркез шыңдап отырады.
Ақмола облысы