Көкшетау қалалық емханасында ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жаңа рентген аппараты жұмыс істеп тұр. Құрылғы «Ардиагност» деп алады. Заманауи үлгідегі рентген құрылғысы бүгінде іске қосылып, халық игілігіне айналды.
Бұл отандық өндірушілердің өнімі. Құны шамамен 46 миллион теңгені құрайды. Жоғары технологиялық қондырғының атқаратын қызметі де күрделі. Яғни, адамның бас сүйегінен бастап, аяқ буындарына дейін диагностика жасауға мүмкіндігі бар.
– Жаңа құрылғы арқылы көптеген тексерулер жүргізіледі. Аппараттың толық автоматтандырылған конструкциясы тік, көлденең жағдайларда, латеропозицияда зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді, бұл тексеру кезінде аса қолайлы. Құрылғы зерттеулердің барлық түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді: сызықтық томография, ішекті, бас сүйекті, қаңқа сүйектерін, урографияны, миелографияны, қан тамырлары мен өкпені тексеріп, жоғары сапалы суреттер арқылы көрсетеді, – дейді қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі Әлия Нығметова.
Емхана 95 мыңға жуық қала тұрғынына қызмет көрсетеді. Күніне 30-дан астам адам рентген құрылғысының көмегіне жүгінеді екен. Сондықтан жаңа «Ардиагност» рентген құрылғысы науқастарға нақты диагноз қоюға көмегін тигізуде. Тіпті, дәрігерлерге қауіпсіздік жағы да қарастырылған.
Жаңа құрылғының көмегі көп. Әсіресе, сүйек ауруларының алдын алуда таптырмас құрал. Сәулелену дозасы өте төмен, пациенттер үшін де қауіпсіз. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген емхананың дәрігерлері де білікті. Олар жаңа аппаратты қолданудың тетіктерін меңгеріп үлгерді.