Аймақтарда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған тұрғын үй өз иесін тауып жатыр. Мәселен, Алматы облысының аумағында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 18 көп пәтерлі тұрғын үй және 288 жеке тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Кезең-кезеңімен толық аяқталатын пәтер саны 1 243 болса, бүгінге дейін 545 пәтер қолданысқа берілді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында тұрғын үйге қолжетімділікті, әсіресе халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының қолжетімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Қазір облыста тұрғын үй алу кезегінде 51 мың адам тұр, олардың ішінде көп балалы отбасылар саны – 6039. Биыл барлық бағыттар бойынша 1 447 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған еді, қазірге дейін 1 093 отбасы үйлі болды. Бұл орайда «Нұрлы жер» бағдарламасының да үлесі бар. Осы бағдарлама бойынша 151 отбасы баспаналы болса, сатып алу есебінен 346 отбасы, меценаттар есебінен 169 отбасы және «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 427 отбасы тұрғын үймен қамтылды, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Баспаналы болу бақыты Жетісу өңірінің ауылдарына да бұйырды. Жақында Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында 18 отбасы жаңа қонысқа көшті. Сарыөзек ауылында салынған жаңа үйдің құрылысына жергілікті бюджеттен 285,500 млн теңге қаржы бөлініпті. Ал тұрғын үй алабының инженерлік-коммуникациялық желілерін жасақтау үшін 106,756 млн теңге қаражат қарастырылған екен.
Жалпы, ауыл шаруашылығына арқа сүйеген Кербұлақ өңірі биылғы жылды табыспен қорытындылап отыр. Ауданда өндірілген агроөнеркәсіп өнімдері 35 млрд теңгеден асып, жыл басында болжанған көрсеткіш асыра орындалған. Ауыл шаруашылығы саласын қаржылай қолдаудың нәтижесінде диқан мен шаруаның ісі оңға басты. Биылдың өзінде 3 шаруа қожалығы мен 12 жеке кәсіпкер 65 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Бұл өз кезегінде аудандағы жер игеруге жан бітіріп, егістік алқабының көлемін ұлғайтқан. Мал шаруашылығы да дамып, төрт түлік тұяғы көбейді. Өнеркәсіп те ілгерілеуде. Аудандағы он шақты қайта өңдеу кәсіпорны 17 мың тонна шикізатты өңдеп, 9 690 тонна өнім шығарған екен. Енді осындай еңбегі ақталған өңірдің тұрғындары үшін баспаналы болу бақыты бұйырса, қуаныш екі еселенбей ме?
– Сарыөзекте жаңа шағын аудан да бой көтерді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 18 тұрғын үй иесін тапты. Баспана негізінен аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, Ауған соғысының ардагерлеріне, мұғалімдер мен дәрігерлерге және мемлекеттік қызметкерлерге берілді. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы алдағы уақытта да жалғаса береді. Қазір ауданда сегіз жүзден аса адам үй кезегінде тұр, оның арасында 148 көп балалы ана бар, – дейді Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев.
Тоқ етерін айтқанда, аймақтар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің қолжетімді болуы – баспанаға мұқтаж жандардың мәселесін шешуге жасалған оң қадамға айналып отыр.
Алматы облысы