Жақында Нұр-Сұлтан қаласында ІІІ республикалық имамдар форумы өтіп, оның барысында «Жеті рухани қазық» деп аталатын тұғырнама қабылданғаны белгілі. Жуықта Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша бас имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай аймақтың журналистерімен кездесіп, тарихи құжаттың мән-маңызын жан-жақты түсіндіріп берді.
Ол өңірде мешітте ресми түрде жұмыс істемесе де, діни рәсімдерге қатысатын дүмше молдалар көп болмаса да, бірен-саран бар екендігін, оларды ас беруші адам өзі таңдайтындықтан тыйым сала алмай жүргендіктерін де айтты. «Құранды нақышына келтіре, әдемілеп оқитын кісілерді білімді, терең адам деп ойлайтындар арамызда аз емес. «Астың иесі шақырды» деген соң мұндай молдаларға шара қолдана алмаймыз», дейді ол.
Кездесуде қазір мешіттер салғанымен артынан ғибадат үйі мүлде қараусыз қалатыны жайында да айтылды. «Қазір мешіт салатындар көп. Бірі өзінің атағын шығару үшін салса, екіншісі шын ниетпен, шын көңілмен тұрғызады. Өкінішке қарай, мешіт салған азаматтардың кейбірі «мен өз міндетімнен құтылдым» дегендей, сол күйі мешітке ат ізін салмай кетеді. Сондықтан Діни басқарма мешіт салушы азаматтарға оның әрі қарайғы күтімін естен шығармауды ескертіп отыр. Жасыратыны жоқ, қазір көп ауылдарда имам жоқ. Табу қиын. Кейде кәсіпкер азаматтарға: «Кішкене ауылдарға мешіттің қажеті жоқ, шағын намазхана болса жетеді. Одан да балабақша, жол, көпір салып беріңіздерші. Халық соған риза болады» деп ұсынысымызды айтып жатамыз», дейді бас имам.
ӨСКЕМЕН