• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 06 Желтоқсан, 2019

Субсидияның жаңа талаптары

889 рет
көрсетілді

Бүгінге дейін инвестициялық субсидияға қажет 28,5 млрд теңге көлемінде берешек жа­был­ған болатын. Үкімет басшысы жақын арада мал шаруа­шы­лығын суб­си­диялауға қажет 36,8 млрд теңге, сондай-ақ инвес­тициялық субсидиялар бойынша 11,7 млрд теңге сомасындағы қарыз қалдығын жабу жөнінде тапсырма берді.

Ауыл шаруашылығына көр­се­тіліп жатқан мемлекеттік қолдау­дың нәтижесінде саланың инвес­тициялық тиімділігі артып, негізгі капиталға инвестиция­лар тарту бойынша нысаналы индикаторлардың орында­луы қамтамасыз етілмек. Қазіргі уа­қытта жалпы сомасы 4,4 трлн теңгені құрайтын 113 инвес­тициялық жоба әзірленіп, жүзеге асыру процесінде тұр.

Таяуда Үкіметтің кезекті отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі тиімсіз субсидия­лардан бас тартып, нәтижеге бағдарланған субсидияларға көшу арқылы қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруді ұсынған болатын. Ауыл шаруашылығы министрі Сапар­хан Омаров мемлекеттік қол­даудың жоспарланған крите­рийлерін атап өтті. Оның ішінде жаңа ереже бойынша тұ­қым, тыңайтқыш пен өсімдік­терді қорғау құралдары құны­ның бір бөлігін арзандатуға ба­ғыт­­талған базалық субсидия­лар қала беретінін айтты. Себебі ша­руа­шылық тыңайтқыш қолдан­са, сапалы тұқым сатып алса, уақ­тылы химиялық өңдеу жүргізсе, түсімділік кем дегенде әр гектардан 7-8 центнерден жоғары болатыны анықталып отыр. Есесіне, 2017 жылдан бастап өсімдік ша­руа­шылығындағы тауарлық-спе­цификалық субсидиялар азайтыла бастады.

– Біз дәнді дақылдарды, май­лы және көкөніс-бақша дақыл­дарын субсидиялаудан бас тарт­тық. Енді ірі қара етіне, жұмырт­қаға, қымыз бен шұбатқа, күріш­ке, мақтаға арналған субсидияларды алып тастауды жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл тауарлар бойынша еліміздің өзін-өзі қам­тамасыз ету деңгейі тұрақты, − деген С.Омаров аталған азық-тү­лік өнімдеріне бөлінуі тиіс қара­жат асыл тұқымды аналық мал басын сатып алуға, сондай-ақ им­портқа тәуелді сүт, құс еті, қант қызылшасы сияқты өнімдерге бөлінетінін айтты.

Жаңа ережеге сәйкес инвес­ти­циялық субсидиялар ма­шина-трактор паркін жаңартуға басымдық бермек. Субсидия­ланатын бағыттар қайта қаралып, тиімсіз бағыттар анықталды. Мы­салы, жайылымдарды сулан­дыруға арналған құдықтар бойынша субсидиялар нормативі 80%-дан 25%-ға дейін төмендетіледі. Осы­лайша, инвестициялық пас­порттарды оңтайландыру есебі­нен шамамен 20 млрд теңге ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жаңарту, тауар­лы-сүт фермалары, етті бағыт­тағы құс фабрикалары, бақтар, жылыжайлар, жемістер мен көк­өніс­терді және т.б. сақтау инфрақұрылымы сияқты басым бағыттарға қайта бөлінбек.

Субсидиялаудағы жаңа­шыл­­дықтарға орай біз ауыл­ша­руа­шылық өнімін өндіруші­лер­дің пікірін білген едік.

 Айдарбек ХОДЖАНАЗАРОВ, «Олжа-Агро» ЖШС басшысы:

– Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа үлгісі Үкімет пен бизнестің өзара пікір алмасуы негізінде туындап отыр. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет көптеген ескертулер ескерілді. Ең бастысы, бұл субсидиялар өнімділікті арттыруға бағытталып отыр. Біз үшін мемлекет тарапынан тыңайтқыштарды, тұқымдарды субсидиялауға қолдау көрсетілгені аса маңызды. Өйткені бұрынғы ережелер керісінше, шығымы аз тұқымдарды алуға мәжбүрлейтін. Бұл жаңа ереже нәтижелі жұмыс істеуге жол ашады.

 

Анатолий РАФАЛЬСКИЙ, «Тайынша Астық» ЖШС басшысы:

– Еліміздегі аграршылар соңғы жылдары мемлекет тарапынан зор қолдауға ие болуда. Әсіресе, соңғы жылдары мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына көңіл бөлініп, қатысушылардың қатары көбейіп келеді. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда сүтті бағытта да, етті бағытта да мал басы саны аз. Менің ойымша, бүгінгі біздің негізгі міндетіміз – ірі қара малды тез әрі тиімді арттыру. Бұл бағытта нәтижелі жұмыс атқаруға толық мүмкіндік бар.

Бұған дейін керекті-керексіз барлық бағыттарға субсидия беріліп отырды. Бұл жағдайдың өзіндік тиімді тұстары болғанымен ең негізгісі, мал басын арттыруға тиісті назар аударылмаған еді. Енді Үкіметтің шешімі бойынша мал басын арттыру мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлінбек. Ескеретіні, бұған дейін бөлінген субсидиялар қысқартылмайды, мемлекетке қайтарылып берілмейді. Тек басқа тиімділігі жоғары бағыттарға аударылады. Біз ресейлік сапасыз сүт, сүт өнімдерін тұтынуға мәжбүрміз. Себебі ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Мал басының саны көбейсе, бұл мәселе де оң шешімін таппақ.