Жетісу жолдарында апаттан көз жұмғандар саны азаймай тұр. Өткен 9 ай ішінде 1700 көлік апаты тіркеліп, 374 адам қайтыс болған екен.
Ал жолдағы апаттан жарақат алғандардың саны былтыр 2185 адам болса, жыл басынан бергі көрсеткіш 2422 адамға жеткен. Қауіпті оқиға негізінен Алматы маңындағы аудандарда болуда. Есепті мерзімде Еңбекшіқазақ ауданында 280, Қарасай ауданында 258, Іле ауданында 241, Талғар ауданында 221 жағдай тіркеліпті.
Оқиға себептерін сараптаған құзырлы органдар көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапсыздығы салдарынан болған апаттардың көбейгенін айтады. Әсіресе, көлік ағыны жоғары қала маңындағы жолдарда жылдамдықты артыру, жол қозғалысы ережесін сақтамаудың кесірінен күн сайын ондаған көлік апаты болады екен. Сондай-ақ жолаушылардың күре жолды белгіленбеген жерден қиып өтуі мен бағдаршам белгілеріне селқос қарауының салдары да қайғылы оқиғаға апарып соғуда.