Қазақстан дүние жүзіндегі екі жүзден астам мемлекет арасында жерінің аумағы жөнінен алғашқы ондықтың ішінде тұрғанымен, халқының саны жағынан әжептәуір кейінірек қалып жүргені мәлім. Сондықтан да бүгінгі күні мемлекет тарапынан халқымыздың демографиялық өсімі мен туу көрсеткішінің өсуіне қажетті жағдайлар туғызылып келеді. Айталық қазіргі кезде Алматы қаласының тұрғындарының саны екі миллиондық межеге таяп, Нұрсұлтан мен Шымкент қалалары тұрғындарының өсімі миллионнан асып мегаполис қала атанғаны еліміздегі осындай оң демографиялық ахуалдың көрінісі деп бағалағанымыз жөн.
Бұл бағытта республикамыздың бірқатар өзге қалаларында да халық саны жыл сайын тұрақты түрде өсіп келе жатқаны жағымды жәйт. Статистика органдарынан алынған соңғы деректер осы тізімнің көш басында еліміздің батыс өңіріндегі өндірісі өркен жайған қала Ақтөбе тұрғанын айғақтайды. Соңғы кезде мұнда тұрғындар жарты миллиондық межеге таяғаны айтылып қалып жүретін. "Бір тойым болатыны, сөзсіз менің, Бірақ қай күні екенін айта алмаймын" деп Төлеген ақын жырлағандай Ақтөбе қаласының халқы дәл қай күні осы биік санға жететінін айта алмай жүрген жағдайымыз да болған.
Міне, осы ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн өткен алтыншы желтоқсан күні, қасиетті жұманың сенбіге ауысқан түнінде, сағат бірден он минут кеткенде болғанын оқырманға сүйіншілеп айтуға болады. Шыр етіп дүниеге келгеннен кейін уілдеген пәк сәбидің атып ата-анасы Әлинұр деп қойыпты. Оның салмағы 3060 грам, бойы 53 сантиметр. Мұның өзі нәрестенің қалыпты жағдайда өмірге келгенін көрсетеді. Тұтастай алғанда сәбидің жарық дүние есігін ашуы ата-анасымен бір құрсақтан өрбіген бауырлары үшін бір қуаныш болса, бұл жағдай көңілге нұр құятын, өзі дүниеге келген жердің көсегесін көгертетін оқиғамен тұспа-тұс келсе қуаныш еселене түспей ме?
Сондықтан да осы жағымды жәйт құлағымызға тиген соң қаланың без жүз мыңыншы тұрғыны іңгәлап өмірге келген Ақтөбе облыстық перинаталды орталығына барып реті мен сәті шықса сәбидің анасына жолығуды жөн көрдік. Тілегіміз орындалды.
- Әлинұр отбасындағы төртінші перзент. Оның Нұрасыл, Ернұр және Айтжан атты үш ағасы бар. Шаңырақтың иесі, сүйіп қосылған қосағым Тәңірберген көлік жүргізуші болып істейді. Ұлымыздың Ақтөбеге қаласында дүниеге келген без жүз мыңыншы тұрғыны болып тіркелгені біз үшін күтпеген тосын жағдай болды. Тіпті бұған не деп, не айтарымды білмей тұрмын. Өте қуаныштымыз. Әр бала өз несібесімен дүниеге келеді демей ме халқымыз. Құттықтан келгендердің бәріне айтар алғысымы шексіз деп, - ағынан жарылды өмір есігін аттаған сәбидің отыз тоғыз жастағы анасы Эльвира Досқали.Аталған перинаталды орталықты биылғы жылдың он айы ішінде алты мыңнан астам сәбидің кіндігі келсіліпті. Орталық директорының медициналық қызметтер сапасының бақылау жөніндегі орынбасары Анар Әмірқұлованың айтуынша құтты перзентханада тек соңғы бір тәуіліктің ішінде 26 ана босаныпты. Жанға жәйлі тиетін бүгінгі сүйінші мақаламыздың сызық-таяқшасын бұдан да гөрі жоғары алсақ соңғы жылдары Ақтөбе қаласында тұрғындардың табиғи өсім есебінен көбею көрсеткіші өсіп келе жатқанына көз жеткіземіз. Яғни статистикалық деректер өткен 2018 жылдың 11 айында облыс орталығында 11939 сәби дүниеге келсе, биыл дәл осы аралықта олардың саны үш пайызға ұлғайған екен.
Мұндағы сәби санын ұлғайтқандардың бірі бақытты отбасы иелері Тәңірберген және Эльвира Жалғасбайлар екенін тағы да қайталап айтқанның артықшылығы бола қоймас. Жұптары жарасқан ерлі-зайыптыларды Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мен Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин құттықтап, Әлинұр Жалғасбайдың Ақтөбенің без жүз мыңыншы тұрғыны екенін растайтын куәлік пен бағалы сыйлықтар табыс етті. Тағы бір айта кетерлік мәселе Жалғасбай отбасы Ақтөбе қаласының нөмір 11 шағын ауданында пәтер жалдап тұрады екен. Міне, олардың үш перзентіне төртінші ұл да қосылды. Мұндай жағдайда жалдамалы баспана одан әрі тарыла түспей ме? Осы жәйт ескерілгендіктен аталған отбасы иелеріне алдағы 2020 жылдың наурыз айында «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде жаңа пәтердің кілті тапсырылмақ.
Сөзімізді түйінедй келе агломерациялық-урбанистік даму жолындағы Ақтөбе қаласында тұрғындар саны табиғи өсіммен бірге ішкі көші-қон үдерісі есебінде де өсу үстінде екенін айтқымыз келеді. Мұндай кезде тұрғындардың жабайы урбанизацияның жетегінде кетпеу жағын алдын ала ойластырудың да орны айрықша. Тұрғындар санының ұдайы өсуіне орай өткен 2018 жылдың сәуір айында облыс орталығында қос ауданның құрылуы да осындай өміршең қадамнан бастау алғаны анық.
Көбеймесек, көсегеміз көгермейтіні аян. Осы орайда Ақтөбеде халық санының өсуі оның заманауи урбанистік орталыққа айналуының басты тұтқасының бірі болып қала бермек.
Ақтөбе