Көкшетаулық аспаздар Өзбекстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған бірінші халықаралық «Тәтті Өзбекстан» аспаздар сайысынан олжалы оралды.
Дәмі тіл үйірген тағам дайындау үшін де шынайы шеберлік қажет. Сайысқа қатысушылардың айтуларына қарағанда, топ жару оңай болмаса керек. Әлемнің отыз мемлекетінен 250-ден астам айтулы аспаздар жиналған. Бірінің дәмінен бірінікі тәтті. Безендірілуі де әсем. Ең кірпияз, талапшыл талғам иесінің өзін тәнті еткендей. Алдымен, өзбек халқының ежелден мақтаулы асханасымен танысыпты. Сан ғасырлық тәжірибесі бар өзбек аспаздары шығыс халқының әлемге әйгілі тағам түрлерін дайындаудың өздері әбден меңгерген қыр-сырын ашқан. Уақыттары жеткенше үйреткен, дәм татырған. Сол арқылы өздерінің қаншалықты қонақжай халық екендіктерін көрсеткен.
Бәйге атаулының бәрінде мерейіңнің үстем болуы алдымен өзіңе байланысты. Қатысушыларға небәрі отыз минут уақыт берілген екен. Осы уақыттың ішінде таңғы ас, түскі ас дайындап үлгеруің керек. Көкшетаулық аспаздар ұлттық тағам түрлерін дайындаумен ұтыпты. Ірімшік, құрт, сүрленген қазы-қарта, жал-жая.
– Біз дайындаған дәмді татқандар маңайымыздан айналсоқтап кете алмай қалды, – дейді облыс орталығындағы №1 колледждің шебері Ирина Ибрагимова, – ұнатқандары сондай, сатасыңдар ма деп қолқалады. Әсіресе түтінге аз ғана ұсталып, бабымен кептірілген сүр еттің иісі қазылар алқасын ғана емес, былайғы жұртты да шақырып тұрды.
Аспаздардың айтуына қарағанда, туризмді дамытуға дәмі тіл үйіретін тағам да дәнекер бола алар еді. Әрине әлемдегі әрлі, нәрлі тағамнан талғап дәм татып жүргендерді таңырқату оңай емес. Бұл орайда олар үшін қазақтың бар дәмі бағалы. Оны осы жолы біздің аспаздар аңғарып қайтқан. Ендігісі қарапайым қазан қайнатқанға қарап қалмай, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық тағам дайындау өнерін соны бір биікке шығару.
Айтпақшы, Көкшетаудан барған төрт аспаз Қазақстан аспаздары ұлттық ассоциациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинскаяға алғыстарын айтуда. Жеке кәсіпкер байқауға қатысушылардың бар шығынын көтерген. Сол көмегінің арқасында төрткүл дүниеден жиналған ас қадірін білетін қауым қазақ халқының дәмін татып, жоғары бағасын беріпті. Көкшетаулық аспаздар үш аталым бойынша күміс медальдармен марапатталған. Ең бастысы, ендігі арада бізден басқа жұрт та қазы-қарта, жал-жаяның қадірін біле жүреді.