Бірінші орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов Канаданың Монреаль қаласында өткен бокс кешінде кезекті жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын сұлатып салды.
Давид Лемье (40-4, 34КО) мен Макс Бурсак (35-5-2, 16КО) андеркартында шаршы алаңға шыққан WBC нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы кәсіпқой бокс әлемінде «Цунами» лақап атымен танымал аргентиналық Хосе Антонио Вильялобоспен (12-5-2, 7КО) жұдырықтасып, жетінші раундта нокаутқа жіберді.
10 раундқа жоспарланған айқаста отандасымыз бірінші раундтан бастап басымдыққа ие болып, қарсыласын соққының астына алды. Аргентиналық боксшы алты раунд шыдап баққанымен, жетінші раундта ауыр соққыдан кейін орнынан тұра алмады. Нокаут!
Осылайша Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы 11 жекпе-жегін де жеңіспен аяқтады. Ол бұған дейін он қарсыласынан басым түскен болатын.