• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Желтоқсан, 2019

Өңірдегі өнегелі іс

343 рет
көрсетілді

Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылында «Дара – бизнес академиясы» мектеп-лицейі ашылды.

Ғимарат құрылысына инвестор – «Kazyna-SR» ЖШС 450 миллион теңге қар­жы құйған. Оны мердігер «Silk-Road Corporation» ЖШС 2017 жылы қолға алып, биыл аяқтап отыр. «Kazyna-SR» ЖШС директоры Сайра Матайбаеваның айтуынша, бұл жекеменшік білім ордасы жаратылыстану-математикалық бағытында жұмыс істейтін болады. Оқушыларды ағылшын тілі және кәсіпкерлікке машықтандырады. Жас ұрпақ­қа сапалы білім мен саналы тəрбие беруде мұғалімдердің білімді де білікті болуымен бірге, мектептің материалдық-техникалық жарақ­тандырылуы мен озық оқу құралдарымен жеткілікті қамтамасыз етілуіне зор мән беріліп отыр. Мектеп кабинеттері заманауи технологиямен жабдықталып, интерактивті тақта орнатылған. Білім ошағында 25 сынып бар.

Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, сөз сөйледі.

– Бүгін баршамыз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Халқының саны көбейіп келе жатқан Қосшы ауылының тұрғындары үшін жаңа мектеп-лицейі үлкен сый болды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жол­дауында әлеуметтік салаға, оның ішінде білі­м беру, медицина және халықтың әл-ауқатын арттыруға көңіл бөлуді тапсырған болатын. Бұл – білім ордасы Целиноград аудандық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Сайра Матайбаеваның Президент Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға қосып отырған бағалы бастамасы, – деді әкім.

Бұл ауданда сырттан көшіп келушілердің көп болуы себепті бұрынғы білім ошақтары тар­шылық етуде. Ағымдағы жылдың көк­темінде өңі­рге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені шешу туралы тапсырма берген болатын. Бұл мәселе облыста біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, биылғы оқу жылында Бурабай ауданында 700 орындық мектеп пайдалануға берілсе, Көкшетау қаласында 4 мектепке қосымша ғимарат салынуда. Қазіргі таңда Целиноград ауданының Қоянды, Қосшы және Қажымұқан ауылдарында барлығы 2700 оқушыға арналған үш мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бө­лек, Семеновка (120 орындық) және Шұбар (300 орындық) ауылдарында екі мектептің жоба­­лық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал 2020-2021 жылдары Қосшы кентінде әрбіреуі 1200 оқу­шыға арналған тағы екі мектеп салу жоспарланған.

Салтанатты шара барысында өңір басшысы Ермек Маржықпаев пен жеке кәсіпкер Сайра Матайбаева жаңа мектептің лентасын қиды. Ақ түйенің қарны жарылған шараға өз кезегінде аудан тұрғындары атынан сөз сөйлеген Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС-нің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр игі істі қолға алған кәсіпкерге ризашылық сезімін білдірді.

Туған жер перзенттері ел еңсесін көтерер осындай ғибратты шараларды қолға алып, өз үлестерін қосуы жан сүйсінтеді.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы