Күні кеше ел астанасында Қазақстан Республикасы Үкіметі тағайындаған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жемісті ғылыми, шығармашылық, спорттық жетістіктеріне орай дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында 1992 жылдан бері өткізіліп келеді.
«Әрбір ұлттың, мемлекеттің болашағы, үміті – жастар. Өткен 28 жыл ішінде Қазақстандағы жастарға қандай жақсылық, жағдай жасалғанын күнделікті өмірден, баспасөзден жақсы білесіздер. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды «Жастар жылы» деп атауы бекер емес. Биылдың өзінде 2 млн-ға жуық жас мемлекеттің қолдауына ие болып отыр. Жол картасы бойынша 500 млрд теңге жастарға шәкіртақы, грант, жатақхана, несие беруге арналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы Жастар жылын жалғастыру үшін келер жылды «Еріктілер жылы» деп атады Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев құттықтау сөзінде.
Талантты жастарға берілетін сыйлық 10 номинация бойынша – әдебиет, ғылым, бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрадалық өнер, халық шығармашылығы саласында үздік деп танылған жастарға тапсырылды. Осылайша «Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша «Қазақстан Республикасының этноспорт ассоциациясының» бас хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов, «Қазақстан студенттер Альянсы» Республикалық студенттер қозғалысы» ҚБ президенті Ілияс Түстікбаев жеңімпаз атанды. «Журналистика» аталымы бойынша марапатты бірнеше деректі фильмдердің авторы Мырзабек Түсіпов, журналистер арасындағы республикалық байқаулардың жүлдегері Айбек Тасқалиев иеленді. Осы сала бойынша номинанттарды марапаттаған Д.Абаев өз сөзінде: «Бүгінгі марапат иелеріне айтарым, сіздерге қарап ел жастары бой түзейді. Сондықтан бұл сыйлықты тек құрмет ретінде ғана емес, әрі үлкен жауапкершілік деп қабылдауларыңызды сұраймын», деді.
«Ғылым» номинациясы бойынша ғалым физиктер Нұрлан Қанат және Ерасыл Ерланұлы марапатталды. «Театр және кино» аталымының үздігі болып М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрының актері Аян Өтепберген, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Алтынгүл Ерболқызы танылды. «Спорт» номинациясы бойынша Төрт құрлық чемпионатының күміс жүлдегері, мәнерлеп сырғанаудан 2019 жылғы Қысқы универсиаданың күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев марапатталды. «Классикалық музыка» бойынша марапат түрлі музыкалық байқаулардың лауреаттары, композиторлар Данара Мұсахан мен Әзімбек Жамбаевқа табысталды. Сондай-ақ «Халық шығармашылығы» аталымы бойынша айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртісі, дирижер Жарас Сатыбалдиев марапатталды. «Әдебиет» номинациясы бойынша сыйлық өлеңдері шет тілдерге аударылған Жадыра Байбұланова мен ақын Бекзат Смағұловқа берілді. Ал «Дизайн және бейнелеу өнері» аталымы бойынша, «ЖҮЗБАЙ ДИЗАЙН» директоры, Қазақ сән қауымдастығының президенті Айжан Жүзбай, мүсінші Мүсіреп Сырым марапатталды. «Эстрада» номинациясының марапаты «Славян базары-2019» халықаралық фестивалінің Гран-при иегері Әділхан Макин мен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі Марат Әйтімбайға тапсырылды.