«Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Жарма ауданының Шар деп аталатын шағын шаһарынан сәл әріде орын тепкен «Жан», «Дәурен» шаруа қожалықтарының жұмысымен жақын танысқанда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қанша уақыт өтсе де мәнін жоймайтын осы бір сөзі еріксіз еске түскен.
Бізді күннің бораны мен толассыз жауып тұрған қарына қарамай Өскеменнен осында бастап келген «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлнұр Солтанбаева «Жан» шаруа қожалығы биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие алып, Қостанайдан 139 бас қазақтың ақ бас сиырын сатып әкелгенін айтқан-ды жол-жөнекей. Сөз ләмінен мұнда келудегі мақсаты мемлекет тарапынан берілген несиеге не алынып, не алынбағанына көз жеткізу екенін аңғарғанбыз. Әңгімені бізді Шардан қарсы алып, шаруа қожалығына қарай алып жүрген Нұртуған Манапов көлік ішінде бастап кетті.
«Өскеменде бірнеше жыл банкте жұмыс істедім. Басқа қалаларға да жұмысқа шақырды. Ойлана келе, ауылға келіп, мал шаруашылығымен шұғылдануды жөн деп шештім. Қазір әулетімізбен, әкем бар, анам бар, інім бар, осы жерде асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырын өсірумен айналысып жатқан жайымыз бар. 2011 жылы «Аграрлық несие корпорациясынан» 15 миллион теңге несие алып, шаруаны енді қолға алған кезімізде бар болғаны 60-70 ірі-қарамыз бар еді. Бүгінде міне, құдайға шүкір, сиырымыздың саны мыңға жетіп қалды» дегенде әуелде сенбегеніміз рас. Бізді қойып, шаруа қожалығына бұған дейін бірнеше мәрте несие рәсімдеген «Аграрлық несие корпорациясының» өкілі де «Бұл сол жер ме, әлде басқа жер ме?» дегендей бұрын келген қыстағының адам танымастай өзгеріп кеткеніне таңданысын жасырмады. «Қазір жайланып шай ішіп отырған үйіміз бірнеше жыл бұрын мал табанындағы қаңыраған ғимарат болған десем сенбейтін шығарсыздар. Осының бәрі ұлдардың еңбегінің, білімінің арқасы. Бізге сенім білдіріп, осымен үшінші мәрте несие берген «Аграрлық несие корпорациясына» мың алғыс. Мемлекеттің қолдауы болмаса, бүгінгідей дәрежеге жетер ме, жетпес пе едік?!» деген шай үстінде ағайынды Нұртуған мен Дәуреннің әкесі Шыңғыс ағамыз.
Шаруа қожалығындағы қайнап жатқан тірлікті көріп Өскеменнен арнайы келген «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлнұр Солтанбаеваның көңілінің тоғайғаны рас. «Аграрлық несие корпорациясы» негізінен мал және өсімдік шаруашылығына қатысты жобаларды қаржыландырады. 2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы облыс бойынша жалпы сомасы 900 миллион теңгені құрайтын 42 жобаға қаржы бөлінді. Жыл аяғына дейін тағы құны 500 миллион теңге болатын 30 жобаны қаржыландырмақ ойдамыз», дейді ол.
Май өндірісімен шұғылданатын Өскемендегі «Таг-Тин» ЖШС-сы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қомақты несие алыпты. Серіктестік басшысы Қанат Құрманғалиевтің айтуынша, осы бағдарлама аясында берілген қаржыға зауыт бой көтеріпті. «Зауыт құрылысын 2016 жылы бастағанбыз. 2019 жылдың басында зауытты іске қостық. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының көмегімен зауыт құрылысына жалпы сомасы 700 миллион теңге қаржы жұмсалды. Оның 180 миллионы – өз қаражатымыз. Біз қазір күнбағыстан өндірілген майды Қытайға экспортқа шығарып жатырмыз, дейді кәсіпкер.
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы