• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Желтоқсан, 2019

Күлкі керуені № 22

3483 рет
көрсетілді

БІРДЕ...

Атақты суретші Рерихтың шеберханасында бір сыншы суретшінің «туындысына» қарап тұрып:

– Қандай ғажап дүние! Өзіндік өрнек, өзгеше құбылыс қой мынау! – деп таңданыс білдіргенде Рерих:

– Е, ол ана сурет салып жатып қаламымды әлсін-әлсін тазартып тұратын орын ғой... – деген екен.

***

Кеңестер одағының халық артисі Махмуд Эсамбаев 1991 жылдың наурыз айында телебағдарлама жүргізуші Сергей Дитячевке бүкілодақтық сыйлықтың дипломын тапсырып:

– Жоғарғы атағың құтты болсын! – деп құттықтағанда Сергей Дитячев:

– Е, бұл атақты осымен үшінші рет алуым... Осы бүкілодақтық үш атақты бір ғана «Ресейдің еңбек сіңірген артисі» деген атаққа айырбастап алмасқа болмас па екен... Айырма болса мен төлеуге әзірмін... – деген екен. 

***

 

 Оноре де  Бальзак графологиямен айналысқанды, яғни адамның жазуына қарап мінез-құлқын, болашағын ажыратуды  жақсы көрген екен. Бір бикеш Бальзакқа оқушының дәптерін  көрсетеді де, жазуына қарап  оқушының болашағы туралы айтып беруін өтінеді.

 – Сіз бұл баланың шешесісіз бе?

 – Жоқ.

 – Онда мен бар шындықты айта алады екенмін: бұл бала – жеңілтек, жалқау әрі топас. Оның қолынан еш жақсылық келмейді.

 Бикеш ішек-сілесі қатып күледі.

  – Бальзак мырза, сіз қалайша  өзіңіздің жазуыңызды танымай қалдыңыз? Бұл сіздің мектепте оқып жүргендегі дәптеріңіз ғой...

 Сол күннен бастап  Бальзак графологиямен айналасуын доғарыпты.

***

  Брежнев кабинетіне кірген Сусловқа:

  – Жолдас Суслов, сіз менің « Тың» атты кітабымды оқыдыңыз ба? – дейді.

 Сасып қалған Суслов:

  – Оқығанда қандай, Леонид Ильич, екі қайтара оқып шыққанмын, – деп кетуге асығады.

  – Кіруіңізден кетуіңіз жылдам болды ғой? – дейді Брежнев.

  – « Тыңыңыз» ғажап кітап, үшінші рет оқып шықсам ба деп тұрғаным, – деп шыға жөнеледі.

Сонда  Леонид Ильич ойланып: «Ойпыр-ай-ә, бәрі ғажап кітап дейді... қой, оны мен де оқып тастайыншы...» – деп «Тыңды» қолына алыпты.