Таяуда Жақсы ауданының бірқатар тұрғындары баспаналы болды. Пәтер кілттері халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған өкілдеріне табысталды.
Аудандағы 27 отбасы қоныс тойын тойлады. Олардың қатарында жетім балалар, көпбалалы отбасылар, сонымен қатар зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар және толық емес отбасы өкілдері бар.
–Бүгін біз «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға арналған пәтерлерді табыстаудамыз. Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен Қызылсай ауылдық округінде 2 пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға беріліп отыр, дейді аудан әкімі Бауыржан Мәлғаждаров.
Ақ түйенің қарны жарылған бұл күні баспаналы болғандардың арасында көптен бері тұрғын үй тақсыретін тартып келген аналар да аз емес. Мәселен, үй кезегінде бес жыл тұрған 4 баланың анасы Айнұр Мәуленбекованың алғысында шек жоқ.
–Бұл біздің көптен күткен қуанышымыз деуге болады. 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Мемлекеттің қамқорлығына мың алғыс, дейді көпбалалы ана.
Кировское ауылының 2 бірдей отбасы да баспаналы болды. Ауылдағы тұрғын үй жергілікті кәсіпкер, меценат Ұзақбай Шәкеевтің жеке қаржысына салынды.
–Біз осы ауылда екі пәтерлі 11 үй салдық, бұл дегеніміз 22 пәтер. Баспана кілттері негізінен серіктестіктің механизаторлары мен жүргізушілеріне және мұқтаж жандарға табыс етілді. Игі дәстүрді әлі де жалғастыра береміз. Жыл сайын бірнеше тұрғын үй саламыз деп межелеп отырмыз, дейді «Қаражон» серіктестігінің директоры Ұзақбай Шәкеев.
Елге қамқор болғанның есесі кетпесі анық. Әр ұжымның басшылары өз елді мекендерін дәл осылай қамқорлықтарына алса, жалпы жұрт жақсылыққа бөленіп қалмас па?..