• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2010

ЕЛДІК – ЕЛГЕ СЕРТ

605 рет
көрсетілді

Осындай тақырыппен Қызылағаштағы қайғылы оқиғаға байланысты телекөпір ұйымдастырылды Үстіміздегі жылдың 12 наурызына қараған түн барша отандастарымыздың қабырғасын қайыстырып, көңілдеріне ауыр дақ салған күн ретінде есте қалды. Сол түні Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылының жоғары тұсында орналасқан су қойма­лары­ның бірінде нөсер жаңбыр мен қардың күрт еруінен жиналған 40 млн. текше метрден астам су бөгетті бұзып, бүтіндей елді мекенді топан судың астында қалдырды. Осының салдарынан су қойма­сы­нан құлаған тасқын жолындағы тұрған үйлерді шайып, 40-тан астам адамды ажал құштырды. Қай­ғы­лы оқиғадан қаза тапқандар саны әлі де нақ­ты­лануда. Қазір апат орын алған жерде облыс басшы­лы­ғы мен осыған байланысты құрылған арнайы топ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсыр­ма­сына орай барлық күш-жігерлерін жұмылдырып, зардап шеккендерге көмек көрсету, ауылды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 20 наурыз күні кешкі сағат 18.00 мен 20.00 арасында республикалық “Хабар” агенттігі мен “Қазақстан” ұлттық телеарнасының ұйымдас­ты­руымен Қызылағаш тұрғындарын қолдауға арналған тікелей теле­кө­пір жүргізілді. Елбасының тап­сыр­масымен осынау оқиғадан зардап шеккен азаматтарға қолұшын бе­ріп, ауылды қалпына келтіру мақ­са­тында құрылған арнайы топтың мүшелері – Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы Құсайынов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Гүлшара Әбдіхалықова, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев, Алматы облысы­ның әкімі Серік Үмбетов пен басқа да азаматтар қатысқан телекөпір барысында Қызылағаштағы апат­тың себеп-салдары, елді мекенді қал­пына келтіруде істелініп жатқан жұмыстар мен Шығыс Қазақстан облысының кейбір жерлеріне төніп тұрған қауіптің бетін қайтару сияқ­ты мәселелер бойынша жан-жақты мәліметтер келтірілді. “Елдік – елге серт” атты тақырыпта ұйым­дас­тырылған телекөпірді “Хабар” агенттігінің белгілі журналисі Берік Уәли мен “Қазақстан” ұлттық телеарнасының шолушысы Сәуле Жұмабек жүргізіп, хабарға қатыс­қан азаматтарға осынау оқиғаға бай­ланысты сұрақтар қойып, қос телеарнаның меншікті тілшілері арқылы еліміздің барлық өңір­ле­рін­де апаттан зардап шеккен азамат­тар­ға көмек көрсету мәселесінің қандай деңгейде ұйымдастырылып жатқаны туралы мәліметтермен таныстырып отырды. Телекөпірде алдымен Қызылағаштағы оқиғаның себеп-салдары туралы шағын бей­некөрініс ұсынылды. Осыдан кейін апатқа байланысты Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев Пре­мьер-Министр, Үкімет мүшелері, Бас прокурор, Президент Әкім­ші­лігінің Басшысының қатысуымен өткіз­ген жиыннан үзінді көрсетіліп, онда Елбасының зардап шеккен азаматтарды ақшалай, киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз ету, бұзылған үйлерді қайта тұрғызу не­месе жаңа баспаналар салу жөнінде берген тапсырмасы туралы сюжет берілді. Онда Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның қаза тапқан азаматтардың от­ба­сыларын, зардап шеккен ауыл тұр­ғындарын “Нұрлы көш” бағдар­ламасы бойынша дайындалған 80-ге тарта пәтермен, басқа да тұрғын үйлер салу үшін ақшалай қаражат­пен қамтамасыз ету керектігі және еліміздегі жеке меншік қолына өткен су қоймаларын мемлекетке қайтару туралы берген тапсыр­ма­сына ерекше назар аударылды. Одан кейін телекөпірге Қызылағаш ауылынан Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов, Төтенше жағдайлар  вице-министрі Валерий Петров пен ауыл тұрғындары қосылып, оқиғаның мән-жайы, апаттың орнын толтыру үшін іс-шаралар жөніндегі ойлармен бөлісті. Облыс басшысы оқиғаға қатысты білдірген пікірінде қазір елді ме­­кенде 47 компанияның құрылысқа білек сыбана кірісіп, 458 үйді қалпына келтіру бойынша жұмыс істеп жатқанын, ауылға 1788 адам­ның қайта оралғанын,  олардың жұмысқа тартылып отырғанын айтып, осы жұмыстардың бәрі Елбасының тапсырмасына сәйкес үш-төрт айдың көлемінде біте­тінінен хабардар етті. Осы жерде елімізге Қытайдан көшіп келгеніне жеті жыл болған Нұрсұлтан Жұма­дияр атты азамат телекөпір арқылы Президентке, барлық отандаста­ры­мызға Қызылағашты қалпына кел­тіруде қолұшын созып, мате­риал­дық көмек беріп жатқандарына ал­ғыс сезімін білдіріп, Астана студия­сында отырған Ауыл шаруашы­лығы вице-министріне қырылған малдың төлемі бола ма деген сұрағын қойды. Бұған жауап ретінде Марат Оразаев қазіргі таңда шығын бол­ған малдың орнын толтыру үшін азаматтарға шағын несие­лендіру бағдарламасы бойынша екі жылға несие беру мәселесі қарастырылып жатқандығын айтты. Осы арада телекөпірге шығып сұ­рақ қойған қандасымызды тол­ғандырып жүрген тағы бір мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүл­ша­ра Әбдіхалықова да өз пікірін біл­діре кетті. Мұнда ведомство бас­шы­сы елге оралған қандастарымыз­ға көмектің барлығы жасалатынын, қазір Қызылағашта шетелден көшіп келген 575 адамның тұратынын, олардың 435-і квотамен келген бауырларымыз екенін көлденең тарт­ты. Осы орайда бұлардың бә­ріне төлемдер берілетінін ескерткен министр жалпы апаттан зардап шеккен азаматтардың бәріне 120 мың теңге көлемінде ақшалай кө­мек­тің берілетінін, ал қайтыс бол­ған­дардың отбасына 500 мың теңге, сондай-ақ зейнетақы туралы заң бой­ынша республикалық бюд­жет­тен бұлардан да басқа көмектің қарастырылатынын жеткізді. Одан әрі “Елдік – елге серт” теле­көпіріне қатысушылар – Төтенше жағдайлар министрі Владимир Бож­ко, Қызылағаш ауылынан тікелей көрсетілімге шыққан оның орынбасары Валерий Петров, Көлік және коммуникациялар ми­нис­трі Әбілғазы Құсайынов, Ауыл ша­руашылығы вице-министрі Ма­рат Оразаев, Парламент Сена­ты­ның депутаты Болат Жыл­қы­шиев, Пре­зиденттік Мәдениет орта­лы­ғы­ның жетекшісі Мырзатай Жол­дас­беков, “Нұр Отан” ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин сөз сөйлеп, өз ведомстволары тарапта­рынан атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде кеңірек мәлімет бере кетті. Телекөпірдің келесі бір бөлігі республика өңірлерінің Қызыла­ғаш­тағы оқиғадан зардап шеккен­дерге көрсетіп жатқан көмектеріне арналды. Осыған байланысты мен­шікті тілшілердің арнайы берген хабарларында 8 жастағы бала мен 80-ге келген Әзілхан Нұршайықов секілді халық жазушысы мен басқа да зейнеткерлердің апаттан қайтыс болғандардың отбасына және зар­дап шеккен өзге де азаматтарға үл­кен жүректерімен көрсетіп жатқан көмектері жан-жақты суреттеліп, бейнеленді. Дастан КЕНЖАЛИН.