Бүгін Қытайдың Циндао қаласында дзюдодан әлемдік «Masters» турнирі басталады. Аталған жарыста Қазақстан намысын 9 дзюдошы қорғайды.
Ерлер құрамасы сапынан 60 килода Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен жуырда ғана Әбу-Дабиде өткен Grand Slam жарысында топ жарған Ғұсман Қырғызбаев, 66 килода Будапешт Гран-приінің күміс жүлдегері Елдос Жұмақанов пен биылғы Азия чемпионы Ерлан Серікжанов, 73 килода бірқатар жарыстың жүлдегері Жансай Смағұлов, 81 килода 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Дидар Хамза және 90 килода құрама үздіктерінің бірі Ислам Бозбаев бақ сынайды. Ал қыздар құрамасынан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг) пен Севара Нишанбаева (57 кг) Қытай татамиінде белдеседі.