Жетісу жерінде 6 жас пен 17 жас аралығындағы ұрпақтың зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты тіркелген деректер жантүршіктіреді.
Өткен жылдың он бір айында 66 оқиға болса, биыл бұл көрсеткіш тіпті көбейіп, 100 баланың тағдыры ойран болғаны жайлы мәлімет бар. Бұл педофилдер тарапынан зорлық көрген балалар мен кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты оқиғаларды қоса алғандағы дерек.
Өкініштісі, жауыздық әрекеттер көбейген сайын, құрбандықтардың қатары да жасарып келеді. Анықталған бірнеше дерекке тоқталсақ, биыл Жансүгіров кентінде 5 жасар бүлдіршінді зорлаған қорқаудың қолына кісен салынды. Зорлықшыл алыстан емес, көрші үйден келген екен. Қапшағайлық 9 жастағы ұл баланы зорлауға әрекет жасаған шетелдік турис те қазір қамауда отыр. Талдықорған да 7 және 12 жастағы туған қыздарымен ұзақ уақыт бойына жыныстық қатынасқа түсіп келген азғын әке тұтқындалды. Матай ауылында 2 қызды жәбірлеген жігіт те 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айтпақшы, бүгін облыс әкімі Амандық Баталов зорлық-зомбылық көрген жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсеткен ерікті маман, Матай орта мектебінің психологы Ажар Дүйсенбекованы қабылдады. Мектеп ұстазы биыл ауылдағы зорлық көрсету фактісін анықтап, кінәлінің жазаға тартылуына мұрындық болған-ды. Ол жәбір көрген жасөспірімге дер кезінде психологиялық көмек көрсетіп, өзіне қол салудан сақтап қалды.
-Менің орнымда болса, кез келген психолог осылай жасайды деп ойлаймын. Мен бір ерекше іс жасадым демеймін, тек өзімнің кәсіби міндетімді орындадым. Әрбір бала мейірім мен махаббатқа бөленіп өсуі керек, балаға зорлық жасауға ешкімнің де хақы жоқ. Біз әрбір баланың тағдырына жауаптымыз, дейді Ажар Дүйсенбекова.