Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстауға арналған салтанатты рәсімге қатысты. Жиын барысында бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егемендік еліміздің баға жетпес байлығы екенін айтты.
– Біздің буын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Байрақты бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олардың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жанын пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы 2019 жылдың еліміз үшін ерекше маңызды болғанын атап өтті.
– Біз мемлекеттілігіміздің мызғымастығын және демократиялық жолмен дамитынын, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытын сабақтастық дәстүрімен жалғайтынымызды дәлелдедік. Тұңғыш Президент – Елбасының баға жетпес тәжірибесі мен білімі халқымыз үшін аса қажет және ел игілігі үшін пайдаланылады. Аса көрнекті мемлекет қайраткері, тарихи масштабтағы тұлға және мемлекетіміздің негізін қалаған Елбасының ерен еңбегін құрметтеу – біздің парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін жүзеге асыру туралы атап өтті. Бұл мақсатқа 3,5 триллион теңге қаржы бөлінгенін, аталған қаражаттың 530 миллиард теңгеден астамы көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға жұмсалатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті халық экономикасын құрудың маңыздылығына назар аударып, оны дамыту нәтижесінде еліміздің әрбір азаматы пайда табуы тиіс екенін жеткізді.
– Біздің басты міндетіміз – әр азаматтың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға баса мән беріп отыр, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты іске асыру жөнінде айта келіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру үшін орындалатын міндеттерге тоқталды.
– Мемлекеттік құрылыстың заманауи үлгісі қазірдің өзінде элитарлық, өзгешелік тұжырымдардан алыс. Әр шенеунік өзін халықтың бір бөлшегі ретінде сезініп, халық үшін және халық арасында жұмыс істеуі тиіс екенін ұмытпауы қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет дегеніміз – бюрократиядан мүлде ада болып, цифрландыру негізінде жүзеге асырылатын барлық рәсімнің ашықтығы, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бүкіл халықтың мықты күш-жігерінің арқасында биік белестерді бағындырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, ел тарихындағы барлық жетістіктер – әр азаматтың ерен еңбегінің нәтижесі.
Қазақстан Президенті салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде мемлекеттік награда алған азаматтардың сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
Сонымен Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарының бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі, ән өнерін насихаттаудағы ерекше еңбегі үшін әнші Роза Рымбаеваға берілді. Өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» ӨБ кен өндірістік кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Макишевке берілді.
«Отан» орденімен жазушы И.Жақанов, «Alageum Electric» холдингтік компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы С.Қожабаев, Ақтөбе облысы «Казхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры В.Тиль, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының көмекшісі – Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқарушысының бірінші орынбасары А.Бисембаев марапатталды.
Ал І дәрежелі «Барыс» ордені Парламент Мәжілісінің депутаты С.Абдрахмановқа, ғалым және қоғам қайраткері Ә.Ахметовке, жазушы Т.Әбдікұлына, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы М.Қасымбековке, «М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» РМК бас ғылыми қызметкері М.Мырзахметұлына, «Бөбек» балалар қорының президенті С.Назарбаеваға, опера әншісі Б.Төлегеноваға, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені «ЛОРД дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернат» КММ мұғалімі Р.Әзімбаеваға, ақын М.Айтхожаға, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғ.Есімге, мемлекетаралық су шаруашылық үйлестіру комиссиясы жанындағы Су шаруашылық мәселелері бойынша ғылыми-ақпараттық орталығы Қазақ филиалының директоры Н.Қыпшақбаевқа, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені ақын, «Сәкен Сейфуллиннің мұражайы» МКҚК директоры Н.Айтұлына, Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ президенті Қ.Беркінбаевқа, тарихшы М.Қойгелдиевке, Парламент Сенатының депутаты Т.Мұқашевқа, жазушы Қ.Салғараұлына және басқаларға берілді.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениет саласының 36 көрнекті өкіліне берілді, олардың ішінде белгілі әншілер Т.Асар мен Д.Құдайберген, ғалым А.Жұмаділдаев, киноактер Н.Есімғалиев, дирижер Р.Салаватов, балет әртісі Н.Семенова және басқалар бар.
Белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өндірістік сала өкілдерінің еңбектері «Парасат» орденімен бағаланды. Олардың арасында «Шымкент қалалық орыс драма театры» МКҚК басшысы И.Вербицкий, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» РҚБ төрағасы Ж.Ерманов, «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» РМК профессоры С.Қасқабасов, «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» ЖШС директоры Қ.Қойлыбаев, Солтүстік Қазақстан облысы «Ақселеу» ЖШС директоры С.Малаев, «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КЕАҚ профессоры Қ.Сәбденов, «Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры» КММ әртісі К.Темірбайұлы, қоғам қайраткерлері Е.Сакенова мен Е.Тарасенко, Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Өтешов, «М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы» МКҚК солисі С.Шакрат, Қарағанды облысы «Алтай Полиметалы» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Р.Юн бар.
ІІ дәрежелі «Достық» орденіне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Вайнах» чешендер және ингуштер қауымдастығы басқармасының мүшесі Ю.Келигов, айтыс ақыны Ә.Қалыбекова, «Айнұры» татар-башқұрт мәдени орталығы» ҚБ төрағасы А.Халиков, Қарағанды қаласы «LITUANICA» ҚБ төрағасы В.Тварионас және басқалар ие болды.
«Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында ақын О.Әбділдаев, Түркістан облысы «Жетісай қосалқы мектеп-интернаты» КММ мұғалімі Ү.Әбдиев, «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» РМК доценті А.Әбиденқызы, Ақмола облысы «Алтын дән» ЖШС директоры Қ.Байзақов, Алматы қаласы «Қазақстан дүнгендерінің қоғамы» ҚБ төрағасы А.Войнце, «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры» РМҚК солисі Г.Дәуірбаева, Қостанай облысы «Мелитопольское» ЖШС директоры Э.Двуреченский, танымал боксшы В.Демьяненко, «Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы» РММ оқытушысы Ш.Имашев, Қызылорда облысы «Еңбек жер» ЖШС директоры Ш.Ысқақов, Петропавл қаласы «Кардиологиялық орталық» КМК бас дәрігері А.Мағзұмов, Шымкент қаласы «Болашақ» №66 балабақшасы» МКҚК меңгерушісі Т.Мартыненко, «Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе стансасы» ЖШС механизаторы А.Назин, әнші С.Нұрмағамбетова, «Милосердие» ерікті қоғамы» қайырымдылық қорының директоры, Қазақстан Республикасының балалар құқықтары жөніндегі уәкілі А.Саин, «М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры» РМҚК әртісі Ү.Сейтімбет, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» РМК кафедра меңгерушісі Ә.Төлеубаев, Нұр-Сұлтан қаласы «Наз» мемлекеттік би театрының директоры С.Сраилов, Қарағанды қаласы «Жас сұңқар» спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы Е.Шынкеев бар.
Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 72 жұмысшысы мен еңбеккері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері атанды, атап айтқанда, Ақмола облысы «Хлебороб» ЖШС механизаторы М.Боранбаев, Маңғыстау облысы «Жайлау» ЖШС бас шопаны Е.Өтесов, «ҚТЖ Жүк тасымалдау» АҚ филиалы Жамбыл пайдалану локомотив депосының жөндеушісі Н.Хомутенко және басқалар.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ», сондай-ақ І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Лебіздер легі
Роза РЫМБАЕВА,
Қазақ КСР-інің халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері»:
– Бүгін әріптесім Тамара Асар, дирижер Ренат Салаватов, симфониялық оркестрдің концертмейстері Дамиля Махпирова бар, барлығымыздың еңбегімізге жоғары баға беріліп отыр. Оркестр құрамындағы әртістерді сирек бағалайды. Сондықтан бүгін – ерекше күн. Бұл – барлық музыканттарға көрсетілген құрмет. Ал біз өз кезегімізде халқымыздың мәдениетін, бірлігін одан әрі халықаралық аренада насихаттап, Қазақстан мәдениетінің жоғары деңгейде екенін көрсетуге еңбек етеміз.
Клара ЖҰМАБАЕВА,
еңбек ардагері, «Парасат» орденінің иегері:
– Бүгін осындай марапатқа жеткеніме мақтанамын, ризамын! Барлығына ризамын. Әсіресе Әбішке көрсетілген құрметке ризамын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығын тойлауды бастаған еді. Одан кейін республикамыздың бірнеше қаласында атап өтілді. Халық та риза деген ойдамын. Әбіштің анасы да 90-ға келіп қайтыс болды. Оған 40 жыл келін болдым, жағдайын жасадым. Осы еңбегімнің арқасында бүгінгі күнге жетіп отырмын деп ойлаймын. Халқыма, ел азаматтарына алғысымды айтқым келеді.
Ербол МАХАМБЕТОВ,
«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ бөлім меңгерушісі, «Құрмет» орденінің иегері:
– Дәрігерлердің еңбегі бағаланғанына шын жүректен қуаныштымын. Бұл марапатқа лайық дәрігерлер елімізде көп. Әр азаматты ел үшін адал қызмет етуге шақырамын. Дәрігер мамандығын таңдағанымда да мұндай абыройға ие боламын деп ойламадым. Сүйікті ісіммен айналыстым, міндетімді орындадым. Басшылығымның, одан кейін Мемлекет басшысының ұйғарымымен осындай құрметке бөленіп тұрмыз. Ел Президентіне дәрігерлер еңбегін елеп, ескергені үшін алғысымды білдіремін.
Марат БОРАНБАЕВ,
«Хлебороб» ЖШС механизаторы, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері:
– Бір апта бұрын хабарды естігенде, шыны керек, қатты қуандым. Мұндай құрметті тіпті армандамадым да. 5 балам бар, отбасымызбен шын жүректен қуаныштымыз, ризамыз. 33 жыл диқан болып қызмет етемін. Ақорданы көргеніме қуанып тұрмын. Басшылығым ұсынып, осындай марапатқа ие болып отырмын. Жастарға жұмыс істеуден қашпаңдар дегім келеді. Ниеті бар адам қашанда жұмыс табады, ауылда да жұмыс бар. Барлығымыз еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етейік.