Сырдария өзенінде орналасқан су электр стансасын толық жаңғыртуға байланысты Түркістан облысындағы Шардара су электр стансасында жаңа агрегаттар іске қосылады. Мұнда соңғы жылдары ескіден келе жатқан техникалардың орнына түгелдей жаңа, шетелдік озық технологиялар пайдаланылып, өнім қуаттылығы еселене түсті.
Арқырап аққан өзен суынан экологияға залалсыз энергия қуатын алуда өңірде көшбасшы мекеменің алдағы жоспарлары да аз емес. Осы жоба аясында төртінші, соңғы гидроагрегатты іске қосу 2020 жылы ақпан айының соңына жоспарланған. Жаңғырту жұмыстары түгелдей аяқталған жағдайда Түркістан облысы мен Шымкент қаласы электр қуатынан тапшылық көрмейді. Алынған электр энергиясы «Оңтүстік-Жарық» мекемесі арқылы айналымға түспек.
Судан қуат өндіретін кәсіпорын қазір түбегейлі жаңғырту бағдарламасы арқылы жұмыс істеуде. 2020 жылдың наурыз айына дейін соңғы су агрегаты да жаңартылмақ. Шамамен жарты ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған ескі турбиналар ауыстырылып, 4 гидроагрегат іске қосылса, өнім көлемі өсіп, сағатына 126 МВт, ал тәулігіне 3 миллион 24 мың кВт сағат электр қуаты өндірілмек.
Түбегейлі қайта құру не береді дегенге келсек, бұл СЭС-тің қуатын 26 пайызға (қазіргі 100 МВттан 126 МВт-қа дейін) ұлғайтуға мүмкіндік тудырмақ. Харьков зауытының ескі гидротурбиналарын аустрия-германиялық «Andritz Hidro GmbX» компаниясының жаңа гидротурбиналарына ауыстыру стансаның электр энергиясын өндіру ісін жылына 480 млн кВт сағаттан 537 млн кВт сағатқа дейін ұлғайтуға сеп болмақ.
Бір сөзбен жаңа жабдық жылына қосымша 57 млн кВт сағат электр энергиясын өндіруден тыс, су электр стансасының жұмыс істеу мерзімін 35-40 жылға ұзартады. Сондай-ақ СЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырып, апат деңгейін төмендетеді. «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының сөзінше, бұл жоба энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысы мен Шымкент қаласын электр энергиясымен қамтамасыз етуде және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие.
«Шардара су электр стансасының жалпы қуаты қазіргі таңда 100 МВт Ал түбегейлі жаңғырту жұмыстарынан өткен соң, стансада қуат өндіру 126 МВт-қа ұлғаяды. Мұндағы әр су агрегаты бұрындары 20 МВт электр жарығын берсе, жаңғыртудан соң 32-35 МВт қуат өндіре алатын болады. Мақсатымыз – отандық электр энергия саласына өз үлесімізді қосу. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, Шардара СЭС-інің қуаты 126 МВт-қа дейін артады. Қайта құру СЭС-тің қуатын 26 пайызға – қазіргі 100 МВт-тан 126 МВт-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жыл сайын қосымша 57 млн кВт/сағат электр энергиясы өндірілетін болады. Жаңа жабдық су стансасының қызмет ету мерзімін 50 жылға дейін ұзартып, СЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырады және апат қаупінің деңгейін төмендетеді. Жоспарланған 4 су агрегатының үшіншісі жуырда пайдалануға берілді. СЭС-те технологиялық жабдықтың сынағы ойдағыдай аяқталып, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді», дейді Шардара су электр стансасының басшысы Бақытбек Жаңабаев.
Жобаның жалпы құны 38 млрд теңгені құрайды. Мұның 32 пайызы кәсіпорын есебінен, қалған 68 пайызы несие арқылы іске асырылуда. Жоба мердігері – аустриялық-германиялық «Andritz Hidro GmbX» компаниясы.
Әрқайсысының қуаты 31,5 МВт болатын алғашқы екі гидроагрегаттың 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылуы арқылы Шардара СЭС-і электр өндірудің жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. Жоспарланған 301 900 мың кВт сағаттың орнына стансада 403 655 мың кВт сағаттан астам электр энергиясы өндірілді.
Айта кетерлігі, Шардара СЭС-і 1967 жылы пайдалануға берілген. Стансаның технологиялық жабдығының норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болғанымен, 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, әбден тозығы жеткен. Оны жасаған зауыттардың өзі қазір бұл жабдықтарды шығармайды, өндірістен алып тастаған. Үнемділігі мен пайдалану сенімділігі тұрғысынан жабдықты одан әрі пайдалану мақсатқа сай болмай қалған.
Стансаны толық жаңғырту аясында жобалық қуаты жоғарылатылған – 31,5 МВт болатын бірінші гидроагрегат 2019 жылғы ақпанда іске қосылды. 2019 жылғы сәуірде екінші гидроагрегат пайдалануға берілді. Жоба іске асырылғаннан кейін, Шардара СЭС электр энергиясын өндірудің жылдық орташа өсімі 596 млн кВт сағатты құрайды деп жоспарлануда (жаңғыртуға дейін орташа жылдық өндіру – 473 млн кВт сағат).
«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдингі, акцияларының 100 пайызы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі. 2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату; энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр стансалары» АҚ, «О.Д.Қантаев атындағы Мойнақ су электр стансасы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және т.б. кіреді.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның «Нарықты дамыту» департаменті әзірлеген, Қазақстанның электр энергиясы мен көмірі нарығына 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде жасалған талдауға сай, осы жылдың 9 айында компанияның «таза» электр энергиясын өндірудегі үлесі (КЭС, ЖЭС, шағын және ірі СЭС-тер) 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда (2 152,2 млн кВт с) 11,3 пайызға артқан (2 395 млн кВт с).
Жаңа үш гидроагрегаттың пайдалануға тапсырылуымен қатар, СЭС-тің жоспарды орындауына себеп болған басты факторлардың қатарында – стансаның негізгі және қосалқы жабдығының апатсыз жұмыс істеуі, сондай-ақ Сырдария өзенінде су көлемінің жеткілікті болуы аталады. Алдағы жоспарға сәйкес 2020 жылы Шардара СЭС-ін техникалық жаңғырту жұмыстары аяқталмақ.
Түркістан облысы,
Шардара ауданы