Елбасының бастамасымен жарияланған Жастар жылы сәтті аяқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылының басталуы рәсіміне арналған шарада сөйлеген сөзінде «Елге қызмет ету тек білімді ғана емес, намысты да талап етеді. Жас ұрпақтың ар-намысы жоғары болса, мемлекетіміздің мәртебесі биік болады» деп атап көрсетті. Жастар жылында өскелең ұрпақты қолдау үшін көптеген жұмыс атқарылды.
Биыл Жастар жылына орай ұйымдастырылған іс-шаралардың басы-қасында болғаныма қуанамын әрі мақтан тұтамын. «Болашақ» қауымдастығы жастарымызды жан-жақты дамытуға арналған бірқатар республикалық жобаны жүзеге асырды. Олардың қатарында «Жастар – Отанға!» инновациялық фестивалі, Bolashaq business forum секілді іргелі бастамалар бар.
Мәселен, Нетворкинг және жастар ұйымдарының тәжірибе алмасуы жөніндегі жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-ға жуық жас қатысты. Барлық өңірді қамтып, шараларды ұйымдастыру бойынша тиімді ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін аймақтардағы ҮЕҰ жастарына қолдау көрсетуді көздедік. Келешекте де осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз.
Келер жылы еліміздегі волонтерлікті дамытуға үлкен үлес қосатынымызға сенімім мол.
Лаура ДЕМЕСІНОВА,
«Bolashaq» қауымдастығының атқарушы директоры