Ханымдар мен мырзалар!
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біз – талай сынақтарды бастан өткерген халықпыз. Дегенмен, басына бақ дарыған елміз, қайсар бабалардың ұрпағымыз. Ұлы дала елі ғасырлар бойы Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендегені жер жүзіне мәлім.
Біз – ата-бабамыз аманат еткен Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасы, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан дархан даланың заңды мұрагеріміз. Қазақтың байтақ жері – бабадан қалған ең асыл қазына. Бұл – қазақ жері.
Атадан балаға мирас болған кең даланы сақтап қалу оңайға тиген жоқ. Баһадүр халқымыз небір жаугершілік замандарда еркіндік үшін қылыш сермеп, бодан болған қиын кезеңдерде бостандықты аңсап өткені белгілі. Кешегі Алаш арыстарының да игі мұраты – егемендік еді.
Біз ата-бабаның асыл арманын орындап, осыдан 28 жыл бұрын тәуелсіздіктің іргесін бірге қаладық. Әлем қартасында Қазақстан деген дербес республика, азат ел пайда болды. Ол күндер оңайға соққан жоқ.
Тәуелсіздіктің қиындықтардан басталуы бізді үлкен жауапкершілікке жетеледі. Зауыттар тоқтап, тіршілік тұралап қалғаны ел есінде. Сол ауыртпалықтарды бірлік пен татулықтың арқасында еңсердік, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық.
Біз елдігімізді баянды етіп қана қоймай, Қазақстанды әлем мойындаған мемлекетке айналдыра білдік. Ұлтымыздың сағын сындырып, бағын тайдырған күрделі кезеңдер артта қалып, еліміздің жаңа тарихы – мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды.
Тәуелсіздік – біздің жолымыздың бастауы ғана. 28 жылда толағай табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырып келеміз. Көздеген түпкі мақсатымыз – әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына кіру.
Жасалып жатқан игі жұмыстардың бәрі келер ұрпақ үшін екенін мен әрдайым айтып келемін. Бабадан қалған қастерлі жерімізді көздің қарашығындай сақтау, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету ендігі кезекте жастарға аманат!
Біз 1991 жылы 16 желтоқсанда арнайы заң қабылдап, бүкіл әлемге Қазақстан енді тәуелсіз мемлекет екенін жарияладық. Бәріміз бірге мемлекеттілігіміздің негізін қаладық әрі жаңа дәуірдің куәгері болдық.
Бабаларымыздың ғасырлар бойғы аңсарын жүзеге асырудың ұлы құрметі біздің буынның үлесіне тигенін мақтан тұтамын. Олардың ерлігін, осы арманды жүзеге асыру жолында жан қиған әрқайсысын құрмет тұтамыз.
Біз өткенді жадымызда ұстап, болашаққа ұмтыла отырып, осыдан 28 жыл бұрын «Мәңгілік ел» құруға бағыт алдық. Осы жылдар ішінде өзге мемлекеттер ғасырларын сарп еткен жолды жүріп өттік. Халқымыздың ынтымағының арқасында қуатты, тәуелсіз және өркендеуші мемлекет құрдық. Осы жолдың өне бойында мен әрқайсыңыздың, әрбір қазақстандықтың өлшеусіз қолдауын сезіндім. Бүгін әрқайсыңызға да өзімнің ризашылығымды жеткізе- мін.
Тәуелсіздіктің арайлы таңында біз КСРО күйрегеннен кейін мұраға қалған атом қаруынан бас тарттық және ең ірі ядролық полигонның бірін жаптық. Біз жаппай қырып-жою қаруын жоюды және ядролық қарусыздануды жүйелі түрде жақтап келеміз. Бұл біздің қағидатты ұстанымы- мыз.
Әрбір мемлекет үшін шекараны делимитациялау мен демаркациялау маңызды мәселе болып саналады. Біз барлық көршісімен шекарасы нақты айқындалған әлемдегі бірден-бір мемлекетпіз.
Тәуелсіздік жылдары біз ашық әрі нарықтық экономика қалыптастырдық. Қазақстан инвестиция тарту жөнінен, экономикасының көлемі бойынша Орталық Азия өңірінің дара көшбасшысы. Біздің халықаралық капитал салымдары нарығындағы бұдан әрі қарайғы жағдайымыз іске қосылған «Астана» халықаралық қарсы орталығын нығайта түсуге бағытталған.
Біз құрлықтың Шығысы мен Батысын жалғаған көлік дәлізін салу арқылы геосаяси әлеуетімізді іске асырдық. Инфрақұрылымдық және индустриялық даму бағдарламаларын табысты жүзеге асырып келеміз. Рекордтық мерзімде салынған жаңа астана болашаққа ұмтылудың символына және экономикалық өсімнің драйверіне айналды. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кіруі еліміздің айшықты табысы болып саналады. Осының бәрі біздің жетістіктеріміздің аз ғана бөлігі.
Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру нәтижесін халықаралық қоғамдастық жоғары бағалап отыр. Бізді бүкіл әлем біледі және құрметтейді. Жаһандық бастамаларымыз жан-жақты қолдау табуда. Бітімгерлік қадамдарымыз бірқатар мемлекетаралық қайшылықты шешуге және әскери қақтығысты тоқтатуға мүмкіндік берді.
Достар!
Тәуелсіздік, бұл – халықтың қанаты! Осынау баға жетпес тарту әрбір халықтың маңдайына жазыла бермейді. Тіпті қолы жеткендердің бәрі бірдей оған табысты иелік ете алмайды.
Біз 1991 жылы қанатымызды байлаған шырмауды үзіп, еркін самғауға ұмтылдық. Бізді дауылды боранмен қорқытты. Экономикалық тұралауға, ұлтаралық қақтығысқа ұшырайды деп болжады. Оңай болған жоқ.
Күйреу қаупін тудырған жаһандық, әлемдік үрдістердің турбулентті ағындары бізге де жетті. Бірақ сұрықсыз болжамдар мен сынақтарға қарамастан, барлығына төтеп беріп, нығая түстік! Жаңа биіктерге шығуға дайынбыз!
Ерік-жігер, сенім және мемлекет тағдырына деген жауапкершілік ұлтымызды біріктірді. Бүгін біз «Қазақстан – 2050» cтратегиясының басты мақсаты – әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына қосылу жолында келеміз.
Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын жеңістері мен толағай табыстарының, жаңа тарихының жалғасына айналары сөзсіз. Ол тарихты өркендеп келе жатқан мемлекетте түлеп ұшқан жалынды жастардың жазары хақ. Өскелең ұрпаққа аға буынның өмірлік және кәсіби мол тәжірибесі септігін тигізеді деп сенемін.
Алдыңғы буынның өкілі ретінде менің жастарға айтар тілегім бар. Біз сендер жақсы өмір сүру үшін барлық жағдайды жасадық. Сондықтан тек қана алға ұмтылып, биік белестерді бағындырыңдар, асқар асуларға талпыныңдар. Ең бастысы – елімізде бірлік, бейбітшілік пен келісімді сақтай біліңдер. Бұл – біздің Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі және алдағы жеңістеріміздің кепілі.
Қадірлі қауым!
Мен отыз жыл бойы жас ұрпақтың жарқын болашағы мен ел мүддесі жолында адал қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Бұл – үлкен мәртебе, зор бақыт.
Елім үшін, халқым үшін, Тәуелсіз Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайын тұрдым. Мемлекеттілік пен тәуелсіздік сияқты қастерлі құндылықтарды сақтауға тырыстым. Бар күш-қайратымды туған елімнің еңсесін биік ұстауға арнадым. Артымда арқасүйер халқымның тұрғаны барлық сынақтардан сүрінбей өтуіме ұйытқы болды. Егемендіктің алғашқы сәттерінен бастап Отанымызды өркендетуге, елдігімізді нығайтуға зор үлес қосқан, заманның ауыр жүгін бірге көтерген барша Қазақстан жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін.
Біздің буын дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді. Осынау күрделі кезеңде халқымыздың бейбіт те берекелі ғұмыр кешуі басты жетістік деп санаймын. Ендігі кезекте осы табыстарды еселей түсу маңызды.
Ел Конституциясына сай жаңа Президент сайланды. Бұл – тарихи кезең. Жаңа ел басының алғашқы қадамдары оңай болмайды. Еліміз өркендеу жолында іркілмей өсіп-өне беруі үшін барлығымыз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап, онымен бірге болуымыз керек.
Біз билік сабақтастығын сақтай отырып, стратегиялық бағыт-бағдардан ауытқымауға тиіспіз. Себебі біздің ойымыз да бір, мұрат-мақсатымыз да ортақ. Ол – Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту, елімізді мәңгілік ету.
Әбіш Кекілбайұлы: «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік», – деген еді. Ендеше баршаңызды тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында аянбай еңбек етуге шақырамын. Төл мерекеміз құтты болсын!
Мемлекеттігіміз мәңгілік болсын!