Нұр-Сұлтан қаласында 20-21 желтоқсан аралығында қазақ күресінен VIII Әлем біріншілігі өтеді. Оған 33 мемлекеттен 300-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
«Даулет» спорт кешенінде өтетін байрақты бәсеке барысында ерлер мен әйелдер арасында 12 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынбақ. Әлем біріншілігінің салтанатты ашылуы жоғарыда аталған спорт кешенде 20-шы желтоқсан күні сағат 16.00-ге жоспарланған.
Аталған Әлем чемпионаты Біріккен Күрес Әлемінің (United World Wrestling) 2019 жылға арналған ресми күнтізбесіне енген және жарыстар толықтай UWW ресми өкілдері мен халықаралық дәрежедегі төрешілерінің қатысуымен өткізілмек. Ал ел жанкүйерлері «QAZSPORT» телеарнасы арқылы додалы жарыстың белдесулерін тамашалай алады.
Әлем чемпионаты аясында алыс-жақын шет елдердің өкілдерінің қатысуымен Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының Халықаралық Конгрессі өтеді.
Сондай-ақ жиынның күн тәртібінде федерация алқа мүшелерінің сайлануы және басқа да мәселелер қарастырылады. Халықаралық Конгресс «Пекин Палас» қонақ үйінің «Silk way» мәжіліс залында 2019 жылдың 19-желтоқсанда сағат 11.00-де басталады.
Жарыс Біріккен Күрес Әлемі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының ұйымдастыруымен өтеді. Сондай-ақ жарыстың өтуіне «Eurasian Resources Group» (ERG) компаниясы қолдау көрсетті.