• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Желтоқсан, 2019

Қостанай әуежайына алғаш рет FlyАrystan ұшағы қонды

291 рет
көрсетілді

Қостанай әуежайына бірінші рет Нұрсұлтан қаласынан FlyArystan бюджеттік авиакомпаниясының ұшағы келіп қонды. Рейсті қостанайлықтар шашу шашып, салтанатпен күтіп алды.

Жолаушылар түсіп жатқанда оның тұсаукесері жасалып, қызыл лентаны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен FlyArystan компаниясының маркетинг және сату жөніндегі директоры Жанар Жайлауова кесті. Қостанайға елордадан ұшақпен 180 жолаушы ұшып келді. Өте жайлы көлікке рахметін айтып жатты.

«Бұл бюджеттік компания екенін білесіздер. Жолаушыларға қолайлы тариф болады. Нұрсұлтан қаласына Қостанайдан ең көп дегенде 6 мың теңгемен жетеді әрі жылдам. Екі қаланың ортасына барып-келу нәбәрі 12 мың теңге шамасында болады. Бұл өте төмен баға. Бұл жерде әрине, ең бастысы сапа болып табылады» деді Архимед Бегежанұлы.

Жанар Жайлауова осы компанияның рейстері ашылғалы Қазақстанда жолаушылар тасымалы 30 пайызға артқанын айтты.

«Алдағы уақытта Қостанайдан басқа қалаларға да бағыттар ашылуы мүмкін. Ол үшін облыс әкімшілігімен тығыз жұмыс істейтінімізге үміттіміз. Шығыны төмен болса, билет бағасының құны да төмендейді» деді Жанар Жайлауова.

Қолайлы әрі арзан көлік қостанайлықтардың назарын бірден аударса керек. Облыс әкімінің айтуына қарағанда, желтоқсан айының соңына дейін барлық билет сатылып кеткен. Архимед Мұхамбетов компания басшылығына рахметін айтып, олармен алдағы уақытта ынтымақты жұмыс істеуге облыстың дайын екенін де жеткізді.

«Ұшақтың қатынауына сапалы қызмет көрсету басты міндетіміз болып табылады. Биыл Қостанай әуежайының ұшу-қону жолақтары жаңғыртылды. Ұзындығы 2 шақырым 500 метрден 2 шақырым 800 метрге жеткізілді, ені 45 метрден 60 метрге кеңейтілді. Енді 200 тоннаға дейінгі әуе кемелерін қабылдай береді. Соған орай жабдықтар да жаңартылды» деді Архимед Бегежанұлы.

Облыс әкімі келесі жылы әуежайдың өзі жөнделетінінен де хабардар етті. Терминал кеңейтіліп, жолаушыларды қабылдауға, шығарып салуға барлық жағдай заманауи деңгейге жеткізілетін болады.