• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Президент 18 Желтоқсан, 2019

Президент атына Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсуде

202 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері атынан құттықтау жеделхаттары толассыз келіп түсуде. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан халқын ұлттық мерекесімен құттықтады.

«Біз бүгінде халықаралық ынтымақтастық бұрынғыдан да аса қажет қиын заманда өмір сүріп жатырмыз. «Біз, БҰҰ халқы» бейбітшілік, тұрақты даму және адам құқығы аясында ізгі ниетпен біріге алсақ, бұдан бүкіл әлем ұтады», – делінген құттықтау жеделхатында.

Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдель Азиз Әл Сауд Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған құттықтауында: «Достас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруін, Сізге зор денсаулық және бақыт тілеймін»,– деп жазған.

Франция Президенті Эмманюэль Макрон француз халқының атынан Қазақстанға бақ-береке тілеген.

«Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың жоғары дәрежеде екенін ерекше атап өткім келеді. 2018 жылдың 18 қазанында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен Брюссельде өткен Еуропа-Азия саммитінің аясында кездескенімізде экономиканың үш басым бағыты бойынша, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және тағам өндірісі, цифрлы даму, энергия көздерін жаңарту салаларында ынтымақтаса жұмыс істеуге уағдаласқанымызды білесіз. Енді осы салалардағы бастамаларымызды бірге іске асыруымыз керек. Ол үшін алдағы он жылға бағытталған стратегиялық әріптестіктің жол картасын бірлесіп анықтасақ жөн болар еді. Бұл біздің бірлескен жаңа жобаларымыздың іске асуына көп септігін тигізеді», – деп жазады Франция Президенті.

Эмманюэль Макрон Қазақстанның ұжымдық қауіпсіздік және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану секілді бастамаларын қолдайтынын айтқан.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық даму, тұрақтылық пен ұлттық келісімді қамтамасыз ету бойынша зор жетістіктерге жеткенін атап өтті. 

«Жаһандық қауіпсіздікке, Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді тереңдетуге, өркениетті қоғам құруға маңызды үлес қосып отырған Қазақстан халықаралық байланыстарда абыройлы мемлекет ретінде беделін нығайтты. Өзара сенімге, қолдауға және тығыз серіктестікке негізделген дәстүрлі Беларусь-Қазақстан достық қатынастары алдағы уақытта да екі елдің игілігі үшін арта береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне орай Грузия Президенті Саломе Зурабишвилиден, Молдова Президенті Игорь Додоннан, Египет Араб Республикасының Президенті Абдель Фаттах Ас-Сисиден, Армения Премьер-Министрі Никол Пашиняннан, Сауд Арабия Корольдігінің Тақ мұрагері, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қорғаныс министрі Мухаммад бен Салман Абдель Азиз Әл Саудтан, Татарстан Президенті Рустам Миннихановтан құттықтау хаттар келді.