Үкімет басшысы Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың М.Досмұхамбетовті өңір әкімі лауазымына ұсынған кандидатурасына қолдау білдірген Атырау облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты.
Атырау облысының активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Премьер-Министр оның үлкен өндірістік тәжірибесі мен біліктілігінің мол екенін атап өтті.
«Жаңа әкімнің алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша маңызды міндеттер қойылды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Атырау облысының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр, Махамбет Жолдасғалиұлының зор сенімді ақтайтынына сенемін», деді А. Мамин.
Премьер-Министр бұрынғы әкім Нұрлан Ноғаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметінде табыс тіледі, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.