• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Желтоқсан, 2019

Көкшенің көркі көзқұртына айналды

903 рет
көрсетілді

Көкшетау орманымен көрікті. Бурабайдың баурайындағы Меңіреудің ит тұмсығы өтпейтін қалың орманы өз алдына, Зерендідегі Қошқарбай тауының етегінен көктей көмкерген орман сілемі Кіші Түкті мен Үлкен Түктінің қалың жынысына ұласады. Мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай қайыңдар, тамаша табиғаттың тамылжыған суреті көз арбайды-ақ.

Соңғы жылдары орманның жауы көбейді. Табиғатта апат қана емес, аяуды білмейтін аш­көз адамдар аз емес. Бал­тасын сап­таған «батыраштар» әлденеше жыл көшеттен көр­кейіп өсетін ағаш атаулының шыбын жанын шырқыратуда. Ақмола облысында 383,839 гектар орман алқабы бар. Ну жыныстың 695 гектары жеке меншіктің қолында. Осы орайда түсінбестік туындап, талай мәселе көтерілген.

– Қырық жыл ғұмырым орманда өтті, – дейді байырғы ор­маншы Шабдан Тоқмурзин, – кейінгі тәртіп бойынша орманды қырық жыл жалға беру менің ақылыма сыймайды. Егер шірігенін кесіп, бүлінгенін отау керек болса, бұл шаруаны ең алдымен жергілікті орман ша­руашылығы атқаруы тиіс. Са­нитарлық кесуден түсетін қаражат сол орманға ие болып отырған, табиғат апатынан қорғайтын, ұры-қарының жолына тосқауыл қоятын орман­шылардың материалдық-техни­калық базасын жақсартуға жұм­салуы керек. Жеке меншікке бе­­ру­дің не қажеті бар? Бар жұ­мыс­­ты атқарып отырған орман ша­руа­шылықтары ғой.

Бұл өз алдына жеке тақы­рып. Біз қаузап отырған жай – ор­ман мен жабайы жан-жа­нуарға қауіптің көбейгені. Об­лыстық табиғи ресурстар мен табиғатты реттеу бас­қарма­сы­на 13 мемлекеттік орман шаруа­шы­лығы қарайды. Сондай-ақ өңір­де үш мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Қорғалжын мем­лекеттік табиғи паркі, Сан­дық­тау оқу-өндірістік орман ша­руа­шылығы, «Жасыл аймақ» мем­лекеттік кәсіпорны тәрізді мекемелер бар. Осы мекемелердің барлығы табиғаттың ен тегін бай­лы­ғын қысы-жазы кірпік қақ­пай қарауылдағанымен, заң бұ­зушы­лардың қарасы әлі сейіл­мей тұр.

– Биыл заңсыз 900,434 текше метр ағаш кесілген 49 оқиға болды. Орманды ойсыратып ота­ған 32 оқиғаны инспектор­лар анықтады, – дейді орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі инспекциясы басшы­сының орынбасары Нығ­мет Қауашев. – Осы оқи­ғаларға қа­тысты барлық істердің мате­риал­дары ішкі істер органдарына тап­сырылып, қылмыстық іс қозғалды.

Заңсыз ағаш кесу өткен жылмен салыстырғанда төрт есе кө­бейіпті. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инс­­пек­циясының басшылары жыл бойы тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Орманның ел қа­зынасы екенін халықтың құ­лағына құйып, көкірек көзін ашу­ға тырысуда. Әйтсе де, орман ішінде балтаның балауса қайыңды шырқырата шапқан дауысы бәсеңдеудің орнына үдеп барады. Сонда бұл не?! Әл­де кейбіреулер кем-кетіктерін жал­пыға ортақ халықтың қазы­насы – орманның есебінен тол­тырмақ па?

– Бұрын орманшы түгіл ел ішін­дегі ақсақалдар бей-берекет ағаш кестірмейтін. Ағаш кескенді айтасыз, рұқ­сатсыз қамшыға сап та ала алмайтынсыз, – дейді Зеренді ауданындағы Қызылсая ауы­лының тұрғыны Жұмабек Закирин. – Іргедегі Биіктесін ауылының маңайы қазір тып-типыл. Заманында әр жерде қа­йың шоқтары тұнып тұратын ауылдың өзі әуел баста орманның ортасында қо­ныс тепкен. Қазір көз ұшы жететін жерге дейін ағаш жоқ. Жолдыбай ауылының ма­ңайындағы орман да ойсырай оталды.

Жалғыз осы екі ауыл ға­на­емес, қанат­тас қонған Ақан, Ба­ра­­тай, Уголки елді мекен­де­рі­нің төңірегі де селдірей сұйы­лып қалған. Әне бір жыл­ғы эко­номикалық қиындық кезінде осы ауылдың азаматтары жаңа жо­сықты кәсіп ашты. Ол кәсіп – балғын қайыңды бау­дай түсіріп, облыс орталығына апа­­рып отынға сату. Ел ішінде екі қолына бір күрек таба алмай жүрген азаматтар айдалада жатқан батпан құйрыққа кездескендей тұра ұмтылғанда, сыңсып тұрған орманның түте-түтесі шықты.

Кескені былай тұрсын, көк өс­кінді тамырымен қопарып қа­зып алып жатқандары не сән?! Тек­серіс барысында 59 ағаш­тың заңсыз қазылып алынғаны анық­талыпты. Бұл анықталғаны ға­на, анық­талмағаны қаншама де­се­ңізші. «Отрадненск» орман ша­руашылығында 514 ағаш кө­шеті зақымданған. Ма­кинск құс фабрикасы үшін су құбырын тарту кезінде жер­­дің беткі қабаты сырылып, жас көшеттермен бірге қопары­лып тасталған. Бұл да жаны ашы­мастықтың өзегіңді өртер өкінішті көрінісі.

Биыл орманға қияпат қауіп төндірген 56 өрт оқиғасы тір­келді. Мұның да дені адам қолы­мен жасалғанына шүбә жоқ. Рас, арагідік найзағайдан дала өртінің орманға ауысуы­нан да болған кезі бар. Өрт өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге көбейген. Мәселен, «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кінің Ерейментау филиалында өңірдегі ең ірі орман өрті болып, 2,59 гектар алқап жанып кетті.

Облыстық орман ша­руа­шы­лығы және жануарлар дү­ниесі инспекциясының қыз­­­­меткерлері биыл 260 рет жос­­парлы және жоспарсыз тек­серіс жүргізіп, бірқатар ке­лең­сіздіктің орын алып отыр­ғанын анықтады. Нәти­жесінде 63 ескерту жа­сал­ды. Әйтсе де та­би­ғатқа тағы­лық азайып кете қойған жоқ. 2019 жылдың 10 айында орман заңнамасының 200 мәрте бұзыл­ғаны белгілі болып отыр. Құқық бұзушыларға 5384,4 мың теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Облыс көлемінде 160 аңшы­лық шаруашылық бар. Оның 134-і әртүрлі меншіктегі 78 ұйымға бекітіліп берілген. Күзет­шісі көп болғанымен, ке­лең­сіз оқиғасы да аз емес. Биыл аңшылық туралы ережелер 145 мәрте бұзылғаны анықталған. Сөй­тіп табиғат байлығына сұқ көзін сала­тындарға 171701 теңге айып­­пұл салынған. Аңшы мыл­тықтары, әлденеше тұзақ, қақ­пан тәркіленген. Жануарлар әле­міндегі заңнаманы өрескел бұзған 28 факті тіркеліп, 8 қыл­мыстық іс қозғалған.

Тамылжыған табиғат аясына қаншалықты қастандық жасалып жатқандығын бір-ақ дерекпен көз алдыңызға келтірелік. Жануарлар әлеміне 1 420 148 375 теңге шығын кел­тіріліпті. Енді не айтарсыз?..

 

Ақмола облысы