Ел басына күн туған, ер тағдыры сынға түскен уақыттың өзінде де ұлттың үнін жеткізуге, жақсылықтың жаршысы болуға тырысқан басылымды мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс әкімдері, шет мемлекеттердің елшілері мен ақпарат құралдары, ұлттық компаниялар мен серіктес кәсіпорындар құттықтады.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «Ғасырлық тарихында халқының көкейіндегісін көздеген белді басылым қалың оқырманына қуатты үнін арнай беретініне сенімдімін. «Егемен Қазақстан» қашанда елдіктің туын көтеріп, тәуелсіздіктің тұғырын берік ете берсін», деп құттықтайды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ел газетінің мерейтойымен құттықтап, полиция имиджін көтеруге, тәртіп сақшыларының еңбектері мен ерліктерін көрсетуге атсалысып келе жатқан газет басшылығы мен тілшілеріне алғыс айтады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Осы газет арқылы ұлттық және мемлекеттік маңызды мәселелердің талай шешімін тапқанына куә болып жүрміз», деп лебізін жолдаған.
Ал Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «Сіздерге төл әскеріміздің беделін арттыруға, халықтың оң көзқарасын қалыптастыруға қосып жүрген үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін» деп құттықтау хатын жолдаған.
«Басылымның бүгінгі ұжымы алдыңғы толқын аға буынның өнегелі ісін, шығармашылық жолын лайықты жалғастырып келеді», деп Жоғарғы сот Төрағасы Жақып Асанов бас басылымның бүгінгі келбетіне ризашылығын білдірген.
Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов:
«Егемен Қазақстан» шырайлы өлке Шығыс Қазақстан облысының жағымды жаңалықтары мен өзекті мәселелеріне әрдайым ерекше көңіл бөледі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңіріміздегі газет тілшісі Азамат Қасым көтерген Күршімдегі көпір мәселесін назарына алып, Үкіметке тапсырма беруі де басылымның қоғамдағы беделін анық аңғартса керек», деп атап өткен Д. Ахметов өңір жұртшылығының атынан қалам ұстаған қауымға ел игілігі жолындағы еселі еңбекте толағай табыс тілейді.
Ғасыр жасаған ел газетінің ұжымына құттықтау лебізін жолдаған Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин басылымның иісі қазақтың жаппай сауаттанып, мәдениеті мен әдебиетінің еңсе тіктеуі жолында орасан зор еңбек еткеніне тоқталған. «Заман ыңғайына қарай бірнеше рет атауы өзгерсе де, негізгі бағыт – елге қызмет етуден айнымаған басылым Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі бекіп, аяққа нық тұруы үшін де есепсіз қызмет етті.
Қазақстанның бір ғасырлық жылнамасын хатқа түсіріп, соңғы отыз жылға жуық уақыт ішінде Мемлекет басшысының, Үкіметтің саясатын сауатты жүргізіп келе жатқан аға газет ақтөбелік оқырмандар арасында да зор беделге ие» дей келе облыс әкімі «Егемен Қазақстанның» тойы – күллі оқырманның, барша қазақстандықтың тойы екендігін атап өтеді.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов құттықтау хатында тағылымды тарихы «Ұшқыннан» бастау алған бүгінгі «Егемен Қазақстан» газеті Алаш арыстары мен ұлт зиялылары қазығын қаққан ұлт баспасөзінің ұстаханасы екенін жазған. «Егеменнен» ақылды ой, келісті тіл, руханиятты, парасатты көресіз. Басылымнан барыңды көріп қуанасың, ел табысына шаттанасың, ұлт жетістігіне марқаясың, өрнектелген өмірдің рухани қазынасына кенелесің! Өйткені дара жолы бар «Егемен Қазақстан» – ары мен намысын, рухы мен қайратын, елдің егемендігін еңселеуге, тәуелсіздіктің тұғырлана түсуіне арнап келеді», дейді Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов.
«Қай кезең болса да, уақыттың талабына сай еліміздің толымды өзгерістерін жариялап, мемлекетіміздің жылнамасын жазуға сүбелі үлес қосып келеді. Халықтың көзайымына айналған басылымның жаңа жобаларының қатары көбейе берсін» дейді құттықтау хатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Ал облыс әкімі Құмар Ақсақалов екі ғасырдың куәгері «Егемен Қазақстан» – ел шежіресі екенін айтқан. «Ол талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өтіп, өзінің бүгінгі мерейлі белесіне абыроймен көтерілді. Бұл басылымда біздің жерлестеріміз Смағұл Сәдуақасов, Ғабит Мүсірепов сияқты қарымды қаламгерлердің қолтаңбасы жатыр. Бұл – солтүстікқазақстандықтар үшін үлкен мәртебе», деп жазған Қ.Ақсақалов.
Ал Қарағанды облысының әкімі құттықтау хатында қарағандылықтардың газетте жазылатын сараптама материалдарды мұқият оқитынын атап өткен. «Әлемдік ақпарат нарығындағы бәсекелес ортада «Егемен Қазақстан» өзінің лайықты орнын ала білді. Газеттің әр санын елеңдей күтетін ойлы оқырмандар қатарында өндірісі өркендеген, ұлт руханиятының ұясы, байтақ еліміздің бел омыртқасы саналатын Қарағанды облысының тұрғындары да бар. Ендеше, сараптамалық сипаттағы маңызды мақалаларымен жұрт жүрегін баураған «Егеменнің» ертеңі жарқын екендігі анық», дейді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Елдің сөзін сөйлеп, тілегін арқалаған, ұлттың маңдайына біткен қаншама кесек тұлғалар осынау қастерлі ұяда қалам ұштап, қанаттарын қомдады. Сайып келгенде, мұның бәрі келешек үшін құн жетпес үлгі-өнеге. Қазақтың нөмірі бірінші газеті әлі талай ұрпақтың сырласы боларына қылаудай күмән келтірмеймін», деп басылымның ғұмырлы болуына, бүгінгі ұжымның шығармашылықтың шыңына шырқай беруіне тілектестігін білдірген.
Ел астанасы болған жылдары «Еңбекші қазақ» атауымен Қызылордада жарық көрген басылым төрт жыл бойы Алаш жұртына Сыр өңірінен тарап тұрды. Осы дерекке тоқталған Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов құттықтау хатында былай дейді: «Қазақтың қабырғалы қайраткерлері қызмет істеген басылымның «Алаштың анасы» атанған Сыр жұрты үшін де орны ерекше. Тәуелсіздіктен кейін қайта түлеген «Егемен Қазақстанның» тақырып ауқымы кеңи түсті».
«Облыс халқы, Жайық жұрты сіздердің елімізде ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулық-түсінікті нығайту, халқымыз бен ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы қажырлы еңбектеріңіздің әр кез нәтижелі, жемісті болуына тілектес», деп Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Жайық жұртының атынан егемендіктерді құттықтайды.
«Бүгінгі таңда газет беттерінде өміріміздің барлық қырлары, қазіргі күннің өзекті міндеттерін шешу, сыртқы және ішкі саясатты жүзеге асыру, демократиялық құқықтық мемлекет пен ашық азаматтық қоғам құру бойынша орасан зор және маңызды ақпарат көрініс табады», деп Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтау хатын жолдаған.
Атырау облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаев «Егемен Қазақстан» – елдіктің белгілерінің бірі, ұлттық руханияттың атрибуттары қатарында қастерленетін халықтық қазынамыз», деп атап өткен. «Басылым бетінде тәуелсіз Қазақстанның экономикалық өркендеу, өрлеу жетістігімен бірге, мұнайлы Атыраудың да тыныс-тіршілігі ұдайы көрініс тауып келеді. Елдегі жасампаз істер мен реформалар жемісі де «Егемен Қазақстанның» назарынан түскен емес», деп газеттің бүгінгі болмысына шынайы бағасын береді.
«Бүгінгі таңда «Егемен Қазақстан» басылымы оқырман жан дүниесін, толғамды ой тиегін ағытқан сарабдал мақалалармен, мірдің оғындай өткір, сыни дүниелермен байытып келеді. Қоғамдағы ең өзекті мәселелерді қозғап, сірескен сең көмбесін сөгуге септесетін сарабдал газет еліміздің саяси-әлеуметтік өмірінде аса маңызды рөлге ие», деп құттықтайды Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов «Егемен Қазақстан» газеті – рухани жаңғыруға бет алған халқымыздың шамшырағы іспетті», дей келе, «Бір ғасыр дерегінде ел үшін аса қажет басылым екенін дәлелдеген газеттің айтар сөзі салмақты, ойы сарабдал келетіні ақиқат» деп газеттің бүгінгі болмысына жоғары бағасын береді.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Ел өміріндегі маңызды жаңалықты жариялап, астарлы ақпарат жазудағы қаламдарыңыз қарымды болсын», деп құттықтайды.
«Ел-жұртымыздың бірлігін бекемдеп, берекесін еселеуді, ынтымағын нығайтып, ырысын молайтуды мақсат тұтқан еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын», деп Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов құттықтайды.
Құттықтаулар легін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) А. Шпекбаев пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Анар Жайылғанова жалғастырған.
АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер бас басылымның қазіргідей өтпелі әрі қиын кезеңде жаһандық медиа нарыққа бейімделуді жалғастырып, Қазақстан халқының мүддесі үшін жұмыс істейтін сапалы журналистикаға жетелейтініне сенім білдірген. «Жүз жыл бойы газет ретінде өмір сүру – зор мәртебе, ал қазіргідей смартфондар дәуірінде әлемдік көшке ілесу – шынайы жетістік. Сіздердің оқырмандарыңызға әр тарапты, шынайы ақпарат беруге талпыныстарыңызға, «Нью-Йорк Таймс» секілді халықаралық медиамен ынтымақтастықтарыңызға сәттілік тілеймін», деп құттықтайды АҚШ елшісі.
Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэсик «Мен Қазақстан халқының бойынан заманауи мемлекеттің іргетасын қалау барысында қалыптасқан сенімділікті байқадым. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен жаңа Үкімет халықтың сенімі мен рухынан қуат алған жаңа көзқарас пен саясат арқылы ұлттық бірлік пен дамуға бастайтынына сенімім мол» деп, бас басылымның мерейтойымен құттықтайды.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі болған Иманғали Тасмағамбетов «Асаудай тулаған замана толқындарында уақыт құдіретімен «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» болып атауы өзгергенімен, республикалық басылымның бұл негізгі алтын арқауы өзгерген жоқ», деп еліміздің төл басылымының ғасырлық торқалы тойымен құттықтап, тамыр тартқан үрдістің баянды болуына тілектестігін білдірген.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев газет ұжымын арнайы құттықтады. «Газет – қоғамның айнасы! «Egemen Qazaqstan» газеті осы маңызды миссиясын абыройлы атқарып келеді. Қазақстанның ақпарат айдынында өзіндік орны, қолтаңбасы бар «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшілері қоғамдағы барлық құбылыстар мен оқиғаларға өзіндік бағаларын айқын позициясы арқылы білдіріп келеді. Мұнай-газ секторы туралы да сараптамалық терең материалдардың әр кез жарыққа шығатыны бізді қуантады, делінген құттықтау хатта.
Сондай-ақ Қырғыз Республикасының «Эркин ТОО» газетінің бас редакторы Дыйканбек Керимбаев, «Кыргыз Туусу» баспа үйінің директоры Эрнис Балбаков, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин, БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Ақан Бижанов, ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА вице-президенті Тілектес Есполов, «Алматы ақшамы» газетінің және «Дом печати» ЖШС-нің ұжымы құттықтайды.