• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Желтоқсан, 2019

Әлеуметтік салалардың 5 жылдық даму бағдары

1238 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2016-2019 жылдарды қамтыған Білім және ғылымды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның қорытындысы шығарылып, оның алдағы 5 жылға арналған жоспары қаралды. Сонымен қатар Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қорытындыланып, 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаның жаңа жобасы таныстырылды.

500 мың педагогтің еңбекақысы 2 есе өседі

Алдымен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасап, Қазақстанда білім мен ғылымды дамы­ту­дың 2025 жылға дейінгі жаңа мем­лекет­тік бағдарламасы әзірленгенін айт­ты. Министр өз сөзінде бүгінгі таңда білім және ғылым жүйесінің алдында жаңа мақ­сат-міндеттер тұрғанын, бұл мін­дет­терді шешу үшін Мемлекет басшы­сы­­ның тапсырмасы негізінде 2020-2025 жыл­дарға арналған жаңа бағдарлама да­йын­далғанын айтты.

– Жаңа бағдарламада бірнеше стра­тегия­лық құжат негізге алынды. Атап айтқанда, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Рухани жаңғыру» бағдарламалары, Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасы, Тамыз кеңе­сінде, Жолдауда берген білім саласына қатысты тапсырмалары толығымен қам­тылды, − деді министр.

Ол атап өткендей, бағдарлама жобасы педагогикалық ұжымдарда қарапайым мұға­лімдердің, сарапшылардың қатысуы­мен және Парламент депутаттарымен бірге алдын ала талқыланды. Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өңірлерге сапары аясында да жергілікті жерлердегі мұғалімдердің ұсыныс-пікірлері жан-жақты қарастырылды.

– Жобаның тағы бір ерекшелігі, биыл біз PIRLS, PISA, ICILS сияқты 5 ха­лық­аралық зерттеудің нәтижесін алдық. Осы зерттеулерді қарап, оның талдауларына көз жүгірттік. Тиісті шешімдер қабылдадық. Ең басты мәселелерді және оларды шешу жолдарын ескердік. Осылайша бұл бағдарлама ғылыми негізде дайындалды деуге болады. Жал­пы, мемлекеттік бағдарлама жобасында 2 мақсат, 11 міндет, 8 индикатор және 39 көрсеткіш көзделген. Басты мақ­саты – отандық ғылым мен білімнің әлем­­дік бәсекеге қабілеттілігін арттыру, құн­дылықтар негізінде тұлғаларды тәр­­биелеу мен оқыту, сонымен қатар эко­но­ми­камыздағы ғылымның үлесін ұлғай­ту. Бұл мақсатқа жету 5 бағыт пен 11 міндет аясында жүзеге асады, − деді А.Аймағамбетов.

Министр атап өткендей, Қазақстанда педагогтердің еңбегін нормалау жүйесі енгізіледі.

– Біз жобада педагогтердің мәрте­бесін бірінші орынға қойып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 4 жыл ішінде 500 мың педагог­тің еңбек­ақысын 2 есеге ұлғайту қарас­ты­рыл­ған. Мұғалімдерді қайта даяр­лау­­дың, біліктілікті арттырудың жаңа жү­йесі енгізілетін болады. Бұдан былай бала­бақша, қосымша білім және колледж педагогтері, олардың басшылары аттес­тат­таудан өтіп, жалақысы артатын бола­ды. Педагогтердің еңбегін нормалау жү­йесін енгіземіз және 2021 жылдан бастап уни­вер­ситеттердің түлектері реттелетін ма­ман­дықтар бойынша сертификаттаудан өтетін болады, – деді министр.

Педагогикалық білімді жаңғырту, болашақ мұғалімдердің педагогикалық практикасын өзгерту және оны ұлғайту, оқу бағдарламаларын жалпы 100%-ға жаңарту қарастырылған. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен толық қамту жоспарланған.

– Сапаны арттыру мақсатында оларды лицензиялауды кезең-кезеңмен қайтару және балаларды мектепке даярлауды жақсарту үшін жаңа бағдарламалар енгізу көзделген. Күнде көріп жүргеніміздей, жекеменшік балабақшаларда әртүрлі келең­сіз жағдай көбейіп кетті. Сон­дық­тан кезең-кезеңмен лицензиялау мә­селесін де қолға алған жөн деп ұйғар­дық. Өңірлердің жекеменшік бала­бақ­­ша­ларының ұсынысы бойынша мем­ле­кеттік тапсырыс құны 30 мың теңгеге дейін жеткізіледі. Ол үшін респуб­лика­лық бюджеттен 400 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр, − деді министр.

 Бес жылда 800 мектеп салынады

Үкімет отырысында Білім және ғы­лым министрі алдағы 5 жылда жаңадан 800 мектеп салынатынын айтты.

– Келесі маңызды бағыт – инфра­құ­рылым. Болжамға сүйенсек, 2025 жыл­ға қарай орын тап­шылығы 500 мыңға жуықтайды. Аталған проблемаларды шешу үшін мектептер мемлекет және жекеменшік тарапынан салынатын болады. Атап айтқанда, 650 мыңнан астам орындық 800 жаңа мектепті мемлекеттік бюджет тарапынан және жеке инвестиция тарту арқылы салу жоспарланды. Оған 876 млрд теңге бөлінеді. Нәтижесінде 3 ауысымды мектептер мен орын тапшылығы шешіліп, апатты мектептер азаяды, − А.Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, ауыл мек­тептерін қолдау үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде ауылдағы тірек мектептер үшін 114 интернат салуға 53 млрд теңге бөлу жоспарланған.

– Бүгінде елімізде 1879 мектепте спорт залы мүлдем жоқ. Осыған орай оқушы саны 150-ден асатын барлық мектепте спортзал салынады. Бұл мақсатта 724 спортзалын салуға 80 млрд теңге бөлінді. Жаңа бағдарлама аясында барлық мектептерді физика, химия, биология пәндік кабинеттермен толық қамтамасыз етуге 100 млрд теңге, пәндік кабинеттерді компьютерлермен қамтуды 100%-ға жеткізу үшін 50 млрд теңге тағы бөлініп отыр. Бұл мәселелердің жылдар бойы шешілмей келгенін атап өткім келеді, бұл – шын мәнінде білім саласы үшін өте үлкен жақсы жаңалық, – деді сала министрі.

А.Аймағамбетов шағын жинақталған мектеп педагогтеріне еңбекақы төлеу жүйесі өзгертілгенін айтты.

– Тағы бір маңызды мәселе – қалалық және ауылдық мектептердің білім сапа­сындағы алшақтықты азайту. PISA деректері бойынша қазір алшақтық 1,5 жылды құрайды. Оны қысқарту үшін кешенді шаралар қабылданды. Ең бастысы, білікті педагогтермен қамтамасыз ету үшін шағын жинақталған мектеп педагогтеріне еңбекақы төлеу жүйесі өзгертіледі, ауылдық мектептерді оқу материалдарымен, компьютерлік жабдықтармен және цифрлы техникамен, цифрлы ресурстармен толығымен қамтитын боламыз. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 150 млрд теңге арнайы қарастырылып отыр, – деді министр.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, әлемдік тәжірибеге сәйкес білім сапасын арттыруда бақылаудың орны ерекше. Енді сыртқы бақылау тек қана кемшілікті табу емес, оның алдын алу және жою үшін әдістемелік көмек беруге бағытталатын болады.

– Осы тұста бақылаудың жаңартылған жаңа жүйесін енгіземіз. Университеттерге, колледждерге қойылатын талаптарды кү­шейтетін тиісті нормативтік-құқықтық құ­жат­тарды қабылдаймыз, – деді министр.

Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр Асқар Мамин 3 жылда мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін 1 трлн 466 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді.

– Мектепке дейінгі ұйымдардың желісі 1728 бірлікке ұлғайтылды, 3 жас­тан 6 жасқа дейінгі балаларды мектеп­ке дейінгі оқытумен қамту 98%-ға дейін артты. 1-10 сынып оқушылары (95,4%) жаңартылған мазмұнға көшті. 273 мың мұғалім (94%) жаңартылған оқу бағ­дарламасы бойынша оқытылып, 30% мөлшерінде үстемеақы алуда. Ат­тес­тациядан өткен 123 мыңнан астам мұғалім 30-50%-ға қосымша төлем алады. Білім беруді дамыту Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытының басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім сапасын одан әрі жақсартуға, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға және педагогтердің мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды, − деді А.Мамин.

469 жаңа медициналық нысан ашылды

Келесі кезекте Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов 2016-2019 жыл­дар­ға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дар­ламасының қорытындысын жария етті.

– Негізгі нәтижелердің қатарында халықаралық тәжірибеге сәйкес қоғамдық денсаулық қызметі құрылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту аясында жалпы практика дәрігерінің жүк­темесі 16 %-ға төмендеді, аурулар­ды басқару бағдарламасы енгізілді. Ел­басы тапсырмасын орындау аясында дәрі­лердің бағаларын реттеу енгізілді. 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыруды енгізу үшін дайындық жұмыстары жүргізілді, – деді министр. Министрдің дерегінше, меди­циналық қызметкерлердің жалақысы 30 %-ға өсті, дәрігерлер тапшылығы 2,7 есе азайды. Денсаулық сақтау саласына салын­ған инвестиция екі жарым есе артып, 147 млрд теңгеге жетті. 469 жаңа ме­ди­циналық нысан пайдалануға берілді. Цифр­­ландырудың арқасында емха­налар­дағы кезек екі есе азайды. Меди­ци­на­лық-ақпараттық жүйелер барлық мем­лекеттік медицина ұйымдарында енгізілді.

– Нәтижесінде денсаулық көрсет­кіштері жақсарды. Өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асты. Жалпы, өлім 2%-ға, ана өлімі 13%-ға, нәресте өлімі 4%-ға, туберкулезден өлім саны 41%-ға төмендеді. Қорытындылай келе, «Денсаулық» бағ­дар­­ламасының негізгі мақсаттары мен міндеттері орындалды деп айтуға болады, – деді Е.Біртанов.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдар­лама­сының алдағы 5 жылдығында  сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау­ды қамтамасыз ету көзделген.  Алғашқы міндет – қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту. Осы орайда тұзды тұтыну 31%-ға, темекі шегу 13,6%-ға, алкогольды тұтыну 16%-ға төмендейді. Дене шы­нық­тыру және спортпен айналысатын халық үлесі 36%-ға жетеді. Екінші бағыт аясында тамақ өнімдерінің сапасына, негізгі инфекциялық аурулармен күреске және жарақаттану мен жазатайым оқиғаларды төмендетуге назар аударылады. Нәтижесінде азаматтарды иммун тапшылығы вирусынан емдеумен қамту 29%-ға артады, жол-көлік оқиғасынан болатын өлім көрсеткіші 24%-ға, туберкулезбен сырқаттану 9%-ға, уланудан өлім 10%-ға төмендейді. Үшінші бағыт аясында аурулардың алдын алуға, жастар денсаулық орталықтарын күшейту арқылы балалар мен жастар денсаулығына, оның ішінде ментальды және репродуктивті денсаулыққа ерекше көңіл бөлінеді. Осы шаралардың ар­қасында алғашқы медициналық-сани­тарлық ұйымдарға профилактика мақ­сатымен келу жиілігі 16 %-ға артады деп жоспарланып отыр.

– Келесі бағыт – адам капиталын дамыту. Мұнда кәсіби дамытуды жетілдіру, биомедициналық зерттеулер нарығын дамытып, коммерцияландыру, дербес медицинаны енгізу көзделген. Жалақыны арттыру, әлеуметтік қолдауды күшейту, кәсіби жауапкершілікті қорғау арқылы медициналық қызметкер мәртебесін арттыру жоспарланған. Дәрігердің орташа жалақысы 2025 жылы 2,5 есеге өседі, ауылдарды медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 13%-ға артады, клиникалық зерттеулер саны 2 есе көбейеді, – деді министр.

Е.Біртановтың айтуынша, бесінші бағыт аясында педиатрия, оңалту және бас­қа медициналық қызметтерді кеңей­ту және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жетіл­діріледі. Пациенттердің медицина­лық көмек сапасына қанағаттану деңгейі 65%-ға дейін артады, мүгедектікке ал­ғашқы шығу деңгейі 2,4%-ға төмен­дейді. Ал алтыншы бағыт бойынша ақпараттық жүйелерді одан әрі дамыту, бизнес-интеллект құралдарын енгізу, статистиканың жаңа тәсілдерін енгізу көзделген. Осылайша, интероперабельдік платформамен толық интеграцияланған медициналық ұйымдар үлесі 90%-ға жетуі тиіс.

– «Денсаулық сақтау жүйесінің тұрақ­ты дамуы» деген үшінші міндет аясында халықтың денсаулыққа жұмсаған жеке шығындары 39%-дан 27 %-ға төмен­дейді. Елбасының тапсырмасын орындау барысында алғашқы меди­цина­лық-санитарлық көмек пен қоғам­дық денсаулық сақтауды қаржылан­дыру жалпы шығыстардың 60 пайызына жетеді. Сегізінші бағыт аясында құрал-жабдықтарды жаңартуға, ірі объектілерді салуға инвестициялық шығын­дарды өтеу, тарифтерді жетіл­діру көзделген. Президент тапсырмасы бойынша, медициналық техникамен жабдықтау 100%-ға жетеді, меди­цина­лық ғимараттардың тозуы 32%-ға төмен­дейді, денсаулық саласына инвестициялар көлемі алты жылда 2,8 триллион теңгеге артады. Оның ішінде жеке инвестициялар үлесі 70%-дан асады, − деді министр.

Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр А.Мамин алдағы уақытта медициналық көмек сапасын арттыру, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифр­лы кеңістігін құруды аяқтау бо­йынша шаралар қабылданатынын жеткізді. Сонымен қатар барлық өңірде медици­налық қызмет көрсетудің жаңа технология­лары енгізіліп жатқан алғаш­қы медици­налық көмек көрсетудің озық тәжірибе орталықтарын дамыту жал­ғасатынын атап өтті. Медицина қыз­мет­керлерінің мәр­тебесін арттыру үшін кадр­лық ресурс­тардың ұлттық жүйесі құрылатынын айтты.

– Дәрігерлер мен мейірбикелердің жалақысы орта есеппен 2 есе артып, оларды әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі, сондай-ақ кәсіби жауапкершілік шаралары да күшейтіледі. Жалпы, бір дәрігердің жүктемесі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне дейін төмендейді (1500 адамға – 1 дәрігер), − деді А.Мамин.

Үкімет басшысы медицина саласын­дағы инвестициялық ахуалды түбегейлі жақсарту және жобалық басқаруды енгізу жоспарына да тоқталып өтті.

– Алғаш рет салаға 2,8 трлн теңге қаржы бөлу жоспарланған, оның 2,2 трлн теңгесі жеке инвестициялар есебінен болады. Осы қаражат есебінен 431 ден­саулық сақтау нысаны салынады, соның ішінде 10 мың орынға арналған, халық­­аралық деңгейдегі 19 көпсалалы ауру­­хана мемлекет-жеке­меншік әріп­тес­­тігі механизмі арқылы салынады. Бұл ауру­ханалардағы емдеу орындарын 50%-ға ұл­ғайтуға, ме­дициналық нысан­дардың тозуын 56%-дан 38%-ға дейін азайтуға мүм­кіндік береді, − деді А.Мамин.

Премьер-Министр осы шаралардың барлығы медициналық инфрақұрылымды жақ­сартуға және ауру-сырқаудың дең­ге­йін азайтуға, сондай-ақ қазақстан­дық­тардың орташа өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға қарай 75 жасқа дейін көтеруге ық­пал ететінін атап өтті.