Әдеп жөніндегі кеңестің жуырдағы бір отырысында талқыланған мына мәселе жұртшылықтың назарын еріксіз аударып, әрқилы қоғамдық пікірлер тудыруға себепші болды. Шенеуніктің тәртіптік жазаға тартылуын қолдаушылар да, шешімге қарсылық білдірушілер де аз емес.
Оразбек Бескемпіров тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлердің бірі саналады. Бұл саладағы жұмыс өтілі – 16 жыл. Бүгінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда қазынашылық бөлімге жетекшілік етіп, міндетін талапқа сай атқарып келеді. Осы мерзім ішінде қызметіне қатысты бірде-бір шағым түспеген. Кәсіби іскерлік, адамдармен қарым-қатынас, мінез-құлқы жағынан жағымды түрде сипатталады. Олай болса, аяқасты мүлт кетіп, «атың шықпаса жер өртенің» кебін құшқаны қалай? Әлде әйнектей шытынап, сыздауықтай сыздап барып жарылған «жараның» бізге беймәлім сырлары бар ма?
Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басқарма басшысының міндетін атқарушы Руслан Жұмағұлов қызметтік тексеру барысында О.Бескемпіровтің жергілікті банктер мен шағын несие ұйымдары арқылы рәсімдеген несие мөлшері 4 миллион теңгені құрап, уақытылы өтей алмағанын жеткізді. Сот орындаушылар мен коллекторлар қарыздың өтелуін талап етіп, мекемеге қайта-қайта телефон қоңыраулатса керек. Мұның өзі ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға, қалыпты еңбек жағдайына кері әсерін тигізіп, мамандардың мазасын алып, ренішін тудырған көрінеді. Басты «айып» осы! Бөлім басшысының айтар өз уәжі бар. Ол несиенің көп бөлігі балаларының ем-домына, сондай-ақ жалға алған пәтердің коммуналдық төлемдерін төлеуге жұмсалғанын, төлемнен бас тартып, жалтарып жүрмегенін, қазіргі уақытта бухгалтерия арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу шарасы қолданылып жатқанын айта келіп, келесі жылы толық жабатынына сендірді.
Осы жерде кеңес мүшелерінің ұстанымы екіге жарылғанын айта кеткен жөн. «Мемлекеттік қызметкердің жеке басына қатысты құпиялылықты коллекторлардың жалпақ жұртқа жариялауы түсініксіз. Мәселеге тереңірек үңілгеніміз жөн секілді. Жалақысы мардымсыз шенеунікті кінәлау оңай. Меніңше, алдымен несиені онлайн-режімде шүлен таратқандай оңды-солды үлестіре беретін шағын несие ұйымдарына заңдық тұрғыдан тосқауыл қоюдың нақты жолдары ойластырылмаса талайлар жапа шегуі әбден мүмкін. Алған несиенің жартысындай пайыздық үстеме белгілеу сүлікше сору деген сөз. Адамдар қысылғаннан кейін олардың қызметіне амалсыз жүгініп, оның ақыры осындай тығырықтарға тіреп жатады. Заң нормаларымен қатар адамгершілік ар-ождан бар екенін де ұмытпауымыз керек. Сондықтан шағын несие ұйымдарына заңдық тұрғыдан шектеулер мен тыйымдар салынғаны жөн», деді тәжірибелі заңгер Инесса Қуанова.
Департамент басшысы Елена Степаненконың пікірі басқаша өрбіді. Оның айтуынша, О.Бескемпіров әдеп нормаларына жат қылықтарға барған. Кез келген басшы өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы тиіс. Ұжымда қолайсыз жағдай тудырғаны үшін оған тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс қолдау тапты.
Талқылаушылар мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіндегі талаптарға сүйенгені анық. Кодексте жауапты тұлғалардың мінез-құлқының негізгі стандарттары белгіленіп, халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуды, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруды, мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуды діттейді. Дегенмен «таяқтың екі ұшы бар» демекші, қарсы тараптың, яғни коллекторлардың азаматтың жеке басына қатысты мәліметті жұртшылыққа жария етуі дұрыс емес деушілердің қарасы мол. Шынында да, даудың басы несиені өндіріп алуға жауапты тұлғалардың жұмыс орнына қайта-қайта телефон соғуынан бастау алып тұрғаны белгілі. Осы жерде несие алу құпиялығын өрескел бұзу, еш себепсіз ұжым мүшелерінің мазасын алу фактілері көрініс тапқанын аңғару қиын емес. Және де ең бастысы еріксіз өндіріп алу шарасы бойынша қарызды өтеу үдерісі әлдеқашан қолға алынған. Оның үстіне жұмыс процесінің әлсіреп, нашарлап кеткені жайлы дәлелдердің жеткіліксіз екені де көзге анық шалынады.
Жауапкершіліктен қасақана жалтарған басшыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту керек. Бірақ О.Бескемпіровтен ондай іс-әрекет сезілмейді. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін жазалау шешімінің қабылдануы түсініксіз.
Солтүстік Қазақстан облысы