Испанияда Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың жылынуына қатысты саммиті өтті. Жыл соңында өткізілетін бұл жиынның жер жаһан үшін маңызы зор. Әсіресе АҚШ секілді алпауыт мемлекеттер Париж келісімінен шығып, парниктік газды шығару көлемі артқан сәтте бұл мәселе өзекті бола түсті.
Пиреней түбегіндегі саммит ресми түрде 2 желтоқсанда басталған. Алайда климат жөніндегі келіссөздерге бір жұмадан кейін ғана шартараптың назары ауды. Өйткені бұған дейін жаһандық жылынуға қатысты жалынды сөздерімен жадымызда қалған Грета Тунберг Мадридке келіп, шаһарда өткен шеруде сөз сөйледі. Бұқаралық ақпарат құралдарының дерегіне сүйенсек, Испания астанасындағы наразылық акциясына 500 мың адам қатысқан. Көшеге шыққандар әлем елдері көшбасшыларынан климат өзгеруіне назар аударып, көмірқышқыл газына қатысты міндеттемелерін орындауды талап еткен.
«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, Грета жаһандық жылыну жөніндегі наразылық акцияларынан еш нәтиже шықпағанын алға тартады. Оның сөзіне сенсек, кейінгі екі жылда парниктік газды шығару көлемі артпаса, кеміген жоқ. Тунбергтің сөзімен ғалымдар да, қоғам белсенділері де келіседі. Өйткені жаһандық жылыну туралы мәселе әлі күнге дейін келіссөздер алаңында лайықты талқыланған жоқ.
Өткен аптаның басында жарияланған «Көміртегі бюджеті» деп аталатын зерттеу Париж келісімі қойған міндеттемелерді әлем елдері қалай орындап жатқанын анықтаған екен. Аталған құжатта парниктік газды шығару көлемі өткен жылмен салыстырғанда 0,6 пайызға артқаны айтылған. Климат әсерін зерттеу жөніндегі Потсдам институтының директоры Йоан Рокстремнің сөзіне сүйенсек, келер жылдан бастап көмірқышқыл газын азайтуға кірісу қажет. Кейін кеш болуы әбден мүмкін.
Жиында не талқыланды?
Әйтсе де саммит барысында осы мәселеге қатысты бірқатар келіссөз жүргізілді. Әзірге көміртегі газын шығаруды азайту бойынша алғашқы қадамдар жасалды. Бірақ әлі де түйіні тарқамаған түйткілдер жетерлік. Мәселен, парниктік газды шығару көлемі қалай есептелуі тиіс? Немесе өз міндетін орындаған мемлекеттер келешекте қалай әрекет етуі керек?
Жалпы, бұл сұрақтардың маңызы зор. Өйткені өз міндетін орындаған мемлекеттер ауаға көмірқышқыл газын бөлудің көбеюіне жанама әсер етіп отыр. Мысалы, Германия, Ұлыбритания және Франция секілді дамыған елдер парниктік газды шығару көлемін айтарлықтай азайтты. Осылайша «Тұманды Альбионнан» тұман тарқап, Эйфель мұнарасын түтін баспай, немістер таза ауамен тыныстай бастаған. Алайда аталған елдер тұтынатын тауарлар әлемнің басқа бөлігіндегі көмірқышқыл газының артуына сеп болып отыр. Мәселен, Париж келісімінен кейін Батыс Еуропа елдерінің Қытайдан сатып алатын тауарлары күрт артқан. Бұл өз кезегінде Қытайдың парниктік газды көп шығаруына жол ашты. Сондықтан елдің географиялық шекарасынан ғана шығатын көмірқышқыл газын ғана емес, сол мемлекет тұтынатын бүкіл тауарды өндіруден шығатын парниктік газдың көлемін анықтау өте өзекті.
Сонымен қатар саммит барысында Париж келісімінің 6-бабында айтылған «көміртегі нарығы» келіссөзіне қатысты қарар қабылданбады. Бұл мәселе толыққанды шешілмесе, келешекте талайға дейін жыр болмақ. Мемлекеттер көміртегін азайтуға емес, оның техникалық жағына назар аударып кетті. Яғни, парниктік газды шығару көлемі бұрынғы қалпында қала бермек. Мұндай жағдайда жаһандық жылынудың одан әрі қарқын ала беретіні белгілі. Ал ғалымдар жедел шара қабылдау қажет екенін айтып дабыл қағып отыр.
Саммит барысында жалпы құны 37 триллион долларға тең өнеркәсіптерге басшылық ететін 631 инвестор климаттың өзгеруімен күресіп, Париж келісімінде көрсетілген мақсатқа жету үшін әлем елдерінің басшыларын әрекет етуге шақырды.
Басқалар не дейді?
Негізі БҰҰ-ның саммиті Чилиде өтуі тиіс-тұғын. Алайда ел астанасы Сантьягодағы жаппай шерудің салдарынан жиынды Пиреней түбегіне ауыстыруға тура келді. The Guardian басылымының мәліметінше, техникалық тұрғыдан іс-шараны өткізуші Чили саналды. Саммитке қатысты бүкіл құжатта Чилидің логосы мен белгілері бар. Оған қоса, Чилидің өкілі Кэролина Шмидт бүкіл маңызды жиынға қатысып, кейбіріне төрағалық етті.
Сонымен қатар бұл саммитке мұхит тазалығы туралы мәселе көтеріп жүрген белсенділер де келген-тұғын. Олар шектен тыс балық аулауға тыйым салу, пластикалық қоқысты, химиялық және басқа да қалдықтарды мұхитқа ағызбау керек екенін айтады. Олардың пайымдауынша, бұл теңіз түбіндегі балықтар мен жәндіктерді қорғап, мұхитқа тәуелді миллиард адамға пайда әкеліп қана қоймай, климаттың өзгеруін реттеуге үлес қоспақ. Өйткені мұхит суы таза болған жағдайда ғана көмірқышқыл газын көбірек сіңіреді.
Шартарап көшбасшыларының назарын аударуды көздегендер Испания астанасының түкпір-түкпіріне түрлі суреттер салып жатыр. WWF және Prado өнер галереясы танымал картиналарды өзгертіп, жаһандық жылынудың салдарын көрсетуге тырысқан. Мәселен, даңқты суретші Диего Веласкес салған Испания королі IV Филипптің портреті өзгертіліп, патшаның аты мойнынан суға батқаны кейпінде бейнеленген.
Ұтатын кім, ұтылатын кім?
БҰҰ саммитіне 190 елден өкіл қатысуда. Әйтсе де жаһандық жылыну туралы сөз қозғалғанда, екі құрлықты ерекше атап өту керек. Оның бірі – Аустралия. БҰҰ-ның парниктік газды шығару жөніндегі есебіне сүйенсек, қазіргі таңда мәңгі жасыл құрлыққа әлемдік ластанудың 1,3 пайызы тиесілі. Яғни, ластаушылар тізімінің 16-сатысына жайғасқан. Әйтсе де, 40 елге қарағанда көмірқышқыл газын артық шығарады. Сондай-ақ жан басына шаққандағы парниктік газ көлемі жөнінен әлемде бірінші орында тұр.
Аустралия көмір сату бойынша ешкімге дес бермейді. Бұл өндірістің парниктік газды көп бөлетіні белгілі. Осыған байланысты Тынық мұхиты аймағындағы елдер аталған мәселені оңтайлы шешуге ынта танытпай жүрген Аустралия басшылығын сынға алды. Алайда ел билігі климаттың өзгеруіне қатысты екіұшты көзқарас ұстанады десек қателеспейміз. Бір жағынан өз міндетін толыққанды орындауға асықпаса да, екінші жағынан келіссөздерге белсенді араласып келеді.
Жаһандық жылыну әсер ететін екінші құрлық – Африка. Бұл құрлықты мекендеген елуге жуық елдің жалпы көмірқышқыл газын шығару көлемі 4 пайызға жетер-жетпес. Алайда БҰҰ-ның мәліметіне сай, климаттың өзгеруіне қатты әсер ететін аймақ та осы Африка.
Әлемнің басқа бұрышында парниктік газды азайту мәселесі талқыланып жатса, мұнда жаһандық жылыну салдарынан туындаған апаттардың алдын алу маңызға ие. Сондай-ақ көмірқышқыл газын аз пайдалану арқылы экономиканы дамыту да назар аударуды талап етеді. Бірақ бұл екі мәселеге көп қаржы керек. Ал Африка елдерінің басым бөлігі кедейшілікте өмір сүретіні белгілі. Яғни, қара құрлық үшін қаражат табу қиын болып тұр.
БҰҰ-ның есептеуіне сүйенсек, Сахара маңындағы елдер жаһандық жылыну салдарымен күресу үшін жыл сайын 50 миллиард доллар қажет етеді. 2017 жылы дамыған елдердің климат өзгеруімен күресуге қатысты бөлген қаражаты 54,5 миллиард долларға жеткен. Алайда дамушы елдердегі жемқорлық секілді түйткілдер кесірінен бөлінген қаржы көзделген мақсатқа жетпей жатады. Ал Табиғат ана адамзат жемқорлықты қашан жеңеді екен деп қарап отырмайтыны айтпаса да белгілі. Оның салдары анық байқалады. Қазірдің өзінде Африкада шөл, тасқын, циклон күрт көбейген.
Қысқасы, Мадридтегі БҰҰ-ның климаттың жылынуына қатысты кезекті саммиті әлем назарын аударғанымен, нақты іске келгенде қауқарсыздық танытты. АҚШ, Қытай секілді алпауыт елдердің билігі жаһандық жылынуды жете түсінбей, мәселені түпкілікті шешу неғайбыл. Осылайша жаһандық жылынудың жағдайы келесі жиынға дейін қаз- қалпында қала бермек.