Алаштың рухани астанасы атанған Семей шаһарында Тәуелсіздік күніне орай ерекше ғимарат есігін айқара ашты. Ерекшелігі сол, заманауи үлгіде салынған көпсалалы мәдени-спорттық кешен бір мезетте 5000 адамды емін-еркін қабылдай алады.
Әлемдік талаптарға сәйкес тұрғызылған нысан тиісті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ғимараттың қасбетінде көздің жауын алатын әсерлі бейнелік дисплей орнатылған. Қаланың іргесінде жаңадан салынып жатқан Қарағайлы шағын ауданында бой көтерген кешенде бір мезетте 120 адамды қабылдай алатын олимпиадалық бассейн мен 55 адамға арналған сауықтыру бассейні, заманауи субұрқақ та бар.
Семейдің ажарына ажар қосқан ғимараттың ашылу салтанатына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов арнайы қатысып, өңірдің даму көрсеткіштеріне, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. «Осы даму қарқынын одан әрі жалғастыра беріңіздер. Қасиетті Семей жерінде, ұлы Абай туған топырақта осындай кешеннің ашылуы құптарлық дүние. Бұл – шығысқазақстандықтарға жасалған үлкен тарту» деген Үкімет басшысының бірінші орынбасары еңбегімен еленген бірнеше шығысқазақстандық азаматқа мемлекеттік марапаттарды салтанатты түрде табыс етті.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, енді бұл нысанда қала тұрғындары спортпен ғана шұғылданбайды, халықаралық деңгейдегі әртүрлі мәдени және спорттық шараларды да қысылмай өткізуге болады.
Орайы келгенде айта кетейік, құрылысы екі жылға созылған спорттық нысанның жалпы аумағы – 33,8 мың шаршы метр, жобаның бас мердігері – «Фирма АЗИЯ» ЖШС, жобаның жалпы құны – 26 млрд теңге.
СЕМЕЙ