• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Желтоқсан, 2019

Шымкент – қайырымды қала

1086 рет
көрсетілді

Қазір бүкіл әлем үлкен өзгерістер қар­саңында тұр. Кешегі құн­ды­лықтарыңыздың бүгінге жарамай қалып жатқанын көз көруде. Бір кездегі бүкіл әлемге үлгі шашқан алып империя­лар­дың өздері бастарынан қилы-қилы тағдырларды өткізуде.

Мына ғаламдастыру ғасыры сіздің кешегі беделіңізге қа­рай­тын емес. Кешегі беделге қарайтын болса, адамзат үшін Парсы мәдениеті, Бағдат мә­дениеті, Шам мәдениеті дей­тін брендтік ұғымдарды қалып­тастырған Иран, Ирак, Сирия мемлекеттерінің дәл қазір ауыздарынан ақ май төгіліп, мейманалары тасып отырған болар еді ғой. Мұны Шығыс өркениетінің шегінісі деп қабылдасаңыз, Батысыңыздың да оза шапқаны байқалмайды. Адам құқы, де­мо­кратия дейтін қасиетті ұғым­дарды еуропалық ағайын бұл күнде білгеніңді істеу, адами құндылықтарды аяқасты ету деп түсініп қалғандай әсер қал­дырады. Бір жыныстылардың некелесуі, атаның баладан, ба­ланың атадан безуі деген рухани кеселдердің ошағы Еуропада жатыр. «Еуропа азған жұрт осы күнде» дегенді Шәкәрім қажы осыдан жүз жыл бұрын айтқан екен. Шәкәрім атамыз осынау жырын жазған кезде «қарт» құрлықта әдебиет пен өнердің, ғылымның патшалық құрып тұрған-ақ кезі. Атамыз соның өзінде Батыстағы ағайынның тұрмыс-тіршілігінен бір кінә­ратты көргені ғой. Шә­кәрім ата­мыздың ол пікірін қи­сынсыз айтылған пікір дейін де­сеңіз Еуропаның қазіргі рухани хәлін бәріміз де көріп отырмыз.

Кез келген кесел түпкі себе­бін тапқанда ғана оңай әрі тез емделеді. Бұл кеселдердің түп­кі себебі жер бетіндегі ха­лық­тардың өздерінің рухани тамырларынан көз жазып қалғандығында жатыр. Экономикасы құлдыраған мемлекетті кез келген уақытта аяғынан қайта тұрғызып алуға болады. Ал руханияты азған елді ешнәрсе де құтқара алмайды. Осыны әлем мемлекеттері басшыларының ішінде бірін­ші болып қапысыз ұққан Қа­зақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев бол­ды. Қапысыз ұққаннан кейін де «Болашаққа бағдар: ру­ха­ни жаңғыру» атты тарихи дүние өмірге келді. Осынау бағдарламалық мақаланың қа­зақстандықтарды ғаламдық қатерлерден құтқару үшін жа­зыл­ғанына бүгінде руханиятты түсінетін адамдардың көздері жетіп болды.

Елбасы аталған еңбегінде бізді ұлттық кодымызды та­буға міндеттейді. Ұлттық кодты қайдан табуға болады? Әри­не, оны өз ұлтыңыздың сан­даған ғасырлар бойы жаса­ған руханиятынан табасыз. Бабаларымыздың бізге қалдыр­ған рухани жауһарларын бір сүзіп шықсаңыз аз олжаға ке­нел­мейсіз. Ұлттың ұлы тұлға­ларының кесек-кесек туындылары сіз үшін айсыз түнде темірқазық болып шығады.

Елбасымыздың дана шеші­мінің арқасында әділдік салтанат құрып, ғасырлар бойы ұлт руханиятының алтын бесігінде тербетілген Түркістан өңірі өз алдына дербес облыс болып, Шымкент қаласы Қазақстандағы үшінші мегаполис атанды. Ел де, Елбасы да Түркістанды Түркі дүниесінің алтын бесігі деп таниды. Тәуелсіздіктен бергі жылдардың ішінде Шымкент шаһары да тек Қазақстандағы ғана емес, Ор­тал­ық Азиядағы сұ­лу, ғажайып қалалардың қата­рына қосылды. 2020 жылы Шым­кент қаласының 2200 жыл­дығы ЮНЕСКО аясын­да аталып өтілмек. Сонымен бірге 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы мәр­тебесін жоғары дәрежеде атап өтеді. Міне осының бәрі шым­кенттіктерге зор міндеттер мен жауапкершілік жүктейді. Шымкентті көркейтуге атсалыс­қан әлденеше ұрпақтың осы­нау әсем қалаға деген сүйіспен­шілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Алайда әлемде бо­лып жатқан құбылыстар Шым­кентті де айналып өтпесе керек. Ал Елбасы бізді, қазақстан­дықтарды, оның ішінде шым­кент­тіктер де бар, ұлттық кодымызды табуға шақырып отыр. Не істемек керек?

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ­2019 жылғы Қазақ­стан­ халқына Жолдауында:

«Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнан­байұлының 175 жыл­дық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысы­рап­шыл­дыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін ха­лық арасында дәріптеуіміз керек. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отан­шылдыққа тәрбиелеуге жол ашады» деген болатын.

Мемлекет басшысы айт­қандай келесі жылы елімізде аталып өтетін ең айтулы мере­келердің бірі – ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­дық мерейтойы. Кіндік қаны Отырар жерінде тамып, уақыт өте келе есімі бүкіл әлемге мәш­һүр болған бабамыздың мерейтойы халықаралық деңгейде ата­лып өтілмек. Осы орайда ұлы бабамыздың «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты белгілі философиялық еңбегіне сүйене отырып, Шымкент қала­сына «Қайырымды қала» деген балама атау ұсынғымыз келеді. Яғни Шымкент шаһа­ры­ның анықтамасы, оның хал­қы – қайырымды қаланың тұрғын­дары болады. Әл-Фараби бабамыз «Тұрғындары бір-бі­ріне мейірімді, қайырлы, қам­қор, еңбекқор, ең бастысы, өзде­рінің туған қаласын ерекше сүйе­тін қауым – қайырымды қаланың тұрғындары» дейді. Баршаңызға белгілі, кейіндері көшпенділікке бет бұрған қазақ халқына берекелі мекен, құтты қоныс болған Ұлы Далада орта ғасырларда қала мәдениеті де кеңінен дамыған.

Бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарас­тары» деген шығармасындағы мемлекеттің пайда болуы, онда­ғы тексіздіктің өмірге келуі, идеал қала халқының моральдық бейнесі, қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер, әр адам­ның бақытқа жету үшін бүкіл қоғам болып тіршілік ету керектігі туралы айтылған пікірлері бүгінге дейін өзекті.

Ғылымы мен білімі, мәдение­ті қарыштап дамыған Отырар қа­ласынан шыққан әл Фараби баба­мыз «Қайырымды қала тұр­ғындары» трактатын жазу ба­рысында Шығыстың жүздеген шаһарын аралап көрді. Көне Шам мен даңқы дүрілдеген Бағ­датқа да барады. Сол сапарларда көрген-түйгендерінің, рухани ізденісінің нәтижесінде «Қайырымды қала тұрғындары» атты теңдессіз еңбек дүниеге келді. Сол бабамыздың ойын біз мың жылдан кейін қайта жазып, оны жас ұрпақ санасына сіңіре беруді көздеп отыр­мыз. Біз әл-Фараби, Абай сынды ұлы тұлғалар еңбек­­терінің мемлекеттік тәуел­сіз­дікті нығайту, ұлт тұтасты­ғын ұйыстыру, жастарды отан­­сүйгіштікке, патриотизм­ге тәр­биелеудің негізі екенін ұмыт­пауымыз керек. Әл-Фарабиді таныған, Абайды түсінген ұрпақ өзінің ұлттық кодын тез табады деген ойдамыз.

Дегенмен, әл-Фарабиді тану, Абайды түсіну оңай шаруа емес.­ Осынау алып тұлғалар өз биі­гін оңай алдырса, ұлы бола ма?! Фа­ра­би­ді, Абайды түсінуге үлкен ішкі дайындық керек. Әл-Фарабиге, Абайға бару үшін алдымен өз замандастарыңды түсін. Шымкент қаласының үл­кен көшелеріне бүгінгі қа­зақ поэзиясының жар­қын өкіл­дері­нің бір-бір шумақ өлеңдерін ілудегі бір мақсат осы. Екінші бір мақсат, өлең оқып өскен ұрпақтың ішкі әлемі сұлу болады. Ішкі әлемі сұлу адам қылмыстан қашық болады, адамдарға қайы­рымдылық жасауға асық болады. Қайырымды адамдары кө­бейсе, қала да қайырымды болады. Ұлттық кодты табуды жүзеге асырудың ең сенімді жолы – руханиятыңа оралу!

Осы жерде бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Кешегі де­малыс күндері әлеуметтік же­ліде Нұр-Сұлтан қаласында жаңажылдық шырша мерекесі басталып, оның қайырымды қала концепциясымен жүзеге асыры­латыны, «Қайырымды қала» дейтін әннің тұсауы кесілетіндігі жария болып, оған отандастарымыз өздерінің пікірлерін қызу білдірді. Пікірлердің көпшілігі «Шымкент өзін қайырымды қа­ла етіп жариялағаннан кейін елордалықтардың мұндай қа­дам­ға баруы «жиендік жасау», яғни плагиат болып табылады» дегенге келіп саяды. Біз мұндай пікірлермен мүлде келіспейміз. Рас, «Қайырымды қала» деген идеяны жүзеге асыруға алғаш талпыныс жасаған – Шым­кент қаласы. Бірақ ол бас­қа қала­лар қайырымды қала болмасын дегенді білдірмейді. «Қайырымды қала» деген идеяны жалғыз Нұр-Сұлтан қаласы емес, еліміздің басқа қалалары да іліп әкетсе, қанеки! Оған тек қуану керек, елордалықтардың осынау қадамын қуана құптау керек. Еліміздің бүкіл қаласы қайырымды қала болып жатса, байтақ Қазақстанымыз әлемге қайырымды мемлекет болудың үлгісін көрсетпей ме?! Үлкеніміз де, кішіміз де осы мұраттың жолынан табылсақ, ол Шәкәрім атамыз айтқандай, «Жетпесең де алғаның» болып шықпай ма?!

Келесі жылы 175 жылдығы мемлекетімізде кең көлемде ата­лып өтілетін Абай атамыз «Адам­ның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді!» дейді. Ендеше, іске сәт, «Қайы­рымды қала мен оның қайырлы тұрғындары!»

 

Ерлан АЙТАХАНОВ,

Шымкент қаласының әкімі