Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) сынға түсіп жатқан елорданың «Барыс» клубы Мәскеудің «Спартак» командасынан жеңіліп қалды.
«Барыс» ойыншылары осыдан бірер күн бұрын Мәскеу облысының «Витязь» клубынан 5:2 есебімен басым түскенімен, жексенбі күні ҚХЛ-дің «Батыс» конференциясында 5-орында келе жатқан «Спартак» командасына 3:1 нәтижесімен есе жіберді. Бірінші кезеңде айдын иелерінен Илья Зубов мергендігімен көзге түссе, екінші кезеңде Артем Федоров есепті 2:0-ге жеткізді. Екінші 20 минутта «Барыс» сапынан Аркадий Шестаков таблодағы көрсеткішті бір шайбаға қысқартқанымен, үшінші кезеңде «Спартак» ойыншысы Александр Хохлачев командасының үшінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды. Осылайша төрт ойынға созылған «Барыстың» жеңісті жолын «Спартак» кесті.
Елорда командасы келесі кездесуін 25 желтоқсанда Санкт-Петербургтің СКА клубына қарсы өткізеді. Матч Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.