Жастар жылының қорытындысы аясында дәстүрлі облыстық «Jas Aqmola» жастар жүлдесімен және «AQMOLA POWER» облыстық инновациялық идея мен жобалар конкурсы жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараға өңір басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, жастарға сәттілік тіледі.
Белсенді жастардың ынтасын ашып, қызметке деген ерік-жігерін қайрау үшін еңбегін елеп, қолға алған бастамаларына қолдау көрсетіп отырған абзал. Шараға өңіріміздегі қай салада болсын атойлап алда жүрген, нағыз сен тұр, мен атайын дейтін кіл мықты жастар жиналды. Өңір басшысы Ермек Боранбайұлы өңірімізде жастарды қолдау бағытында қолға алынып жатқан шараларды атай отырып, оларды тынбай еңбектенуге шақырды.
– Жастар жылының салтанатты ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жастар еліміздің қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы» деп атап өткен болатын. Бүгінгі іс-шара жастардың қоғамдық сананың қуатты қозғаушы күші екендігінің тағы бір дәлелі,–деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Ағымдағы жыл ақмолалық жастар үшін жемісті жыл болды. Жыл басынан бері 6 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 140 адам әлеуметтік жұмыс орындарына және 722 адам іс-тәжірибесіне жіберілді. 412 студент облыс әкімінің гранты бойынша білім алуда. «Жас Ақмола» дәстүрлі облыстық жастар жүлдесімен 17 жас және «AQMOLA POWER» облыстық инновациялық идея мен жобалар конкурсының 12 жеңімпаздарына 200 000, 250 000 және 350 000 теңгенің сертификаттары табысталды.
– Мен «AQMOLA POWER» облыстық инновациялық идея жобасының қатысушысымын. Аталмыш жобаға сумен жұмыс істейтін қозғалтқышты ұсындым. Қазылар алқасы еңбегімізді елеп жатқанына қуаныштымын. Осы қозғалтқышты толық жетілдіріп, қолданысқа қосқым келеді,–дейді «Jas Aqmola-2019» жүлдесінің иегері Әлихан Қайыр.
Мұндай марапаттаулар дарынды жастарды одан әрі ынталандыруға септігін тигізетіні хақ.