Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Целиноград ауданына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы Елорда маңындағы елдімекендердегі мектеп, ауруханалар мен дәрігерлік амбулаториялардың құрылысына тоқталып, қарқынды өсіп келе жатқан ауылдардың алдағы даму жоспарын талдады.
Қараөткел ауылындағы №6 орта мектепте сынып жетіспеушілігі орын алуда. Білім ошағы 350 оқушыға лайықталып салынған болса, бүгінгі таңда оқушылардың саны екі есе көп.
– Қазір мұнда 720 бала оқып, білім алуда. Кейде сынып жетіспегеннен кітапхананың оқу залында сабақ өткіземіз, – дейді мектеп директоры Айтан Ахмет.
Қараөткелде 90 шақырым ауыл ішілік жол болса, оның 10 шақырымына асфальт, 27 шақырымына құмқайрақ төселіпті. Қыста қар басып, жазда шаңы бұрқырап жататын 60 шақырым жолды талапқа сай салу жоспарлануда. Сондай-ақ, ауылды жарықпен және ауызсумен қамту мәселелеріне де түбегейлі өзгерістер енгізілмек.
– Әлеуметтік салаға 4 миллиард теңге бөлінді. 4 жаңа мектеп салынады, бірқатар білім ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ауыз сумен қамтуға 3 жарым миллиард теңге бөлінді. 6 жарым миллиард теңге жол құрылысына бағытталды. Ауданның жалпы бюджеті 20 миллиард теңгеге жуық. Халық санының күрт өсуімен әлеуметтік нысандарға сұраныс артатыны белгілі. Оған тиісті қаражат бөлініп те жатыр, – дейді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Қалыптасып отырған жай дәрігерлік амбулатория мамандарына да салмақ салып отыр. Демек, екінші медициналық нысан салу да қажет. Салғырттықтан сан соққан елді мекендердің бірі – Оразақ ауылы. Бұл ауылда да білім ошағында, әлеуметтік-тұрмыстық мекемелердің қызметінде де тұрғындардың көбеюіне байланысты шешімін күткен мәселелер аз емес.