Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне теміржол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы газ және газбен жабдықтау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін тұрақты қамтамасыз ету үшін жағдайды ынталандыру, газды отын ретінде қолданатын жаңа инвестициялық жобаларды тарту және іске асыру мақсатында әзірленген болатын.
Заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заң жобасы ел экономикасына инвестициялар тартуға және қосылған құны жоғары әрі елеулі мультипликативтік әсері бар мұнай-химия өндірісін дамытуға бағытталған. Бұл ретте, ішкі нарықты газбен үздіксіз жабдықтау, сондай-ақ газ бағасының тұрақты деңгейін қамтамасыз ету үшін заң жобасы аясында жаңа стратегиялық маңызды инвестициялық жобалар үшін тауарлық газдың шекті бағасы газ жеткізудің өзіндік құны мен газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың ең төменгі тиімділік нормасынан қалыптасатын болады.
Сенатор Манап Кубеновтың айтуынша, электр энергиясын өндіру үшін тауарлық газды отын ретінде пайдаланатын электр станцияларының құрылысына инвестиция тарту мақсатында газға ұзақ мерзімді кезеңге қолайлы баға белгілеу ұсынылады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне теміржол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық шаралар жоспарының 30-тармағын іске асыру мақсатында әзірленген болатын.
Бұл заң жобасымен 7 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болды.
Сенатор Ерік Сұлтанов заң жобасымен мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекітудегі тариф белгілеудің ашықтығын жетілдіру мен арттыру, кірме жолдар қызметтерін пайдаланушыларды субсидиялау және құқықтарын қорғау жөніндегі өкілеттіктері толықтырылатынын атап өтті.
Құжатта жол жүру құжаттарын қайта сату және теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етілмегені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделген.