• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Желтоқсан, 2019

Университетте «Әбіш әлемі» атты әдеби-мәдени күндері қорытындыланды

404 рет
көрсетілді

Ақтауда Ш.Есенов атындағы КМТИУ- де Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған «Әбіш әлемі» атты әдеби-мәдени күндерін қорытындылау кеші болып өтті.

Аталмыш шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев, жазушының ұлы Кекілбай Дәулет Әбішұлы мен немересі Әбіш Баязит Дәулетұлы,  өлке зерттеушілері, жазушылар Әбілқайыр Спан,  Отыншы Көшбай, Алқажан Еділхан, жас әбіштанушы Бақтыбай Жайлау, сондай-ақ жас ақындар мен өнерпаздар қатысты.

Салтанат кемеңгер тұлғаның ғибратты өмір жолы, атқарған қызметтері туралы ақпараттар қабырғаларда көрініс тапқан Әбіш Кекілбайұлы атындағы ғылыми-зерттеу зертханасының таныстыруымен басталды.

-Әбіш Кекілбайұлы атындағы ғылыми-зерттеу зертханасындағы кемеңгер тұлғаның ғибратты өмір жолы, атқарған қызметтері туралы ақпараттар қабырғаларда көрініс тапқан. Ақпараттар Президентіміз Қасымжомарт Тоқаевтың Әбіш Кекілбайұлы туралы айтылған құнды  пікірінен басталады.

Төрдегі қабырғаға өмір жолы, қызметі, шығармашылығы туралы негізгі мәліметтер берілді. Оң жағында Қара сөздің сүлейі атанған сөз шебері, ойшыл, ғұлама Абыздың небір ой орамдары бүгінде нақылға айналып кетті. Абыздан қалған асыл сөз стендісінде осындай түйінді ой орамдарынан үзінділер берілген. Сол жағында «Ашық аспан астындағы мұражай», табиғаттың таңғажайыбы деп бағалаған киелі мекені Маңғыстауға деген шексіз перзенттік сүйіспеншілігін,еркеше шабытын танытатын «Туған жер» өлеңінен үзінді берілген. Сондай-ақ, «Замананың заңғар тұлғасы» стендісінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде атқарған лауазымдық қызметтері, мемлекетіміздің тұғырлы бағыттарын айқындау, идеологиясын қалыптастырудағы орасан зор еңбектері топтасса, әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеген суреткер көркем проза, поэзия мен драматургияда кеңінен толғап, мәңгі өлмес туындыларын жазған «Ә. Кекілбаевтың шығармалары» бөлімінде 12 кітабы көрініс тапқан. Qr  код қосымшасы   арқылы білімалушылар смартфондарына жүктеп алып  кез келген шығармасын оқып,тыңдай алады Сонымен қоса ұлы суреткердің қаламынан әр жылдарда жарық көрген еңбектері арнайы кітап сөресіне қойылған. Биылғы жылы Кемеңгер тұлғаның 80 жылдығына орай жарық көрген Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың алғысөзімен шыққан Сауытбек Әбдірахмановтың «Абыз Әбіш» кітабы әбіштануға қосылған үлкен еңбек. Және Ғарифолла Есімнің редакторлығымен Әбіш Кекілбаев энциклопедиясының 3 томдығы жарық көрді.

Интерактивті тақта арқылы студенттер мен магистранттар бейнефильмдер, электронды оқулықтар, аудиокітаптар, деректі фильмдерді көріп, оқи алады. Осылайша білімалушылар үшін кітап оқуларына, электрондық нұсқаларымен де жұмыс жасауларына толықтай мүмкіндік берілген, дейді шараның және зертхананың ұйымдастырушысы «Қазақ филилогиясы» кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Отарова.

Ақмарал Отарованың айтуынша, ұлы жазушының рухани мұрасын зерттеу ісі университетте қызу жүргізілуде. Дипломдық жобалар, магистрлік диссертациялар қорғалып, профессор оқытушылар Әбіш Кекілбаев шығармашылығын тілдік, әдеби тұрғыда зерттеп, зерделеп, ғылыми мақала, жоба жұмыстарын, монография, оқулықтар жазуда. Сондықтан да ұлы тұлғаның бай рухани мұраларының тағылымын жастар бойына сіңіре беру ұстаздық міндетіміз бола бермек, дейді ол.

Қорытындылау кешінің «Кемеңгер Кекілбаев кеңістігі» атты жергілікті əбіштанушылармен кездесу бөлімі Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Жұмашев Қаныбек Бекболатұлы мен университет ректоры Ахметов Берік Бақытжанұлының кіріспе сөзімен ашылды.

Өлкемізге белгілі өлкетанушылар мен зерттеушілер дара тұлғаның ұлт руханияты мен мемлекет ісіне сіңірген еңбектері туралы ой бөлісіп, қызықты естеліктерін ортаға салды.

Шара соңында университетте өткен дәстүрлі ІІІ Әбіш оқулары байқауының жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы  дипломдар мен марапаттарды Кекілбай Дәулет Әбішұлы табыс етті.

Ғасыр кемеңгері атанған заманының заңғар жазушы Әбіш аға Кекілбайұлының рухани мұрасынан сусындаған өскелең ұрпақ бойында адами құндылықтарды қалыптастырып, өнегелі өмірінен ғибрат ала беретіні сөзсіз.

Жиналған көпшілік жоғары дәрежеде ұйымшылдықпен өткен мазмұнды шараға ризашылық сезімде болды.

Кеште мәлім болған тағы бір жаңалық – оқу орнының ректоры Б.Ахметовтың айтуынша, қысқы сессия қорытындысымен үздік деп танылған студенттерге Ә.Кекілбаев атындағы шәкіртақы берілмек.