• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Желтоқсан, 2019

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені аяқталды

2678 рет
көрсетілді

Бүгін Жамбыл облысының 80 жылдығы аясында Тараз қаласының орталығынан «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені ашылды. Мұнда барлық құрылыс жұмыстары ортағасырлық шығыс сәулеттік стилінде жүргізілген.

Бұл нысан көне Тараз шаһарының екі мың жылдан астам тарихын нақтылай түседі. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Руханият және тарихтану» орталығы, «Қолөнер шеберлерінің галереясы», «Көркемсурет галереясы», «Облыстық тарихи-өлкетану музейі», «Ретро-фестиваль» амфитеатры, «Көрме» павильоны, «Сағат» стелласы және «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңы сияқты 8 нысан қамтылған.

Бүгінде аталған кешендегі 8 нысан бойынша құрылыс-монтаж, әрлеу-безендіру жұмыстары толығымен аяқталған. Құрылыс жұмыстарына барлығы 1000-нан аса құрылысшы, 100-ден астам техника жұмылдырылған. Кешенді әрлеу жұмыстары Самарқан кірпіштерімен жүргізілген. Бұл орайда Өзбекстаннан арнайы мамандар тартылды. Мәселен, кешен құрылысына қажетті материалдардың 80 пайызы отандық өндіріс орындарынан жеткізілсе, Самарқан кірпіші, глазурь төсеніштері Қытай және Өзбекстан мемлекеттерінен әкелінген. Глазурь төсеніштері арнайы пештерде 1800 градус температурада алдын ала өлшеммен дайындалған. Жалпы, кешендегі нысандардың қабырғаларын әрлеу жұмыстарына 7000 шаршы метрден астам Самарқан кірпіштері, 2000 шаршы метрге глазурь төсеніштері пайдаланылған. Ал, әрлеуге пайдаланылған травертин тастарының элементтері Қырғыз елінде әзірленген. Кешендегі тағы бір ерекшелік, нысанды безендіру жұмыстарына Айша бибі кесенесінде кездесетін сегіз бұрышты өрнек-бедерлер пайдаланылған. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталып, желтоқсан айында аяқталып отыр.