Халық аманатына адалдық танытып, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан азаматтың бірі – Құдайберген Төлепұлы Ержан асқаралы 60 жасқа толды. Нағыз кемел шағына келген Құдайберген Төлепұлының барлық өмірі, еңбек жолындағы жетістіктері елдің көз алдында өтіп жатыр. Қазақта «50 – ердің жасы, 60 – ағалық жас» дейді. Ағалық жасқа өзінің абыройымен жетіп отырған мерейтой иесінің өткеніне бір сәт көз жүгіртіп, халыққа жасаған қызметі жайлы сыр шертсек деп едік.
Құдайберген Төлепұлы 1959 жылы Өзбекстан Республикасы, Жызақ облысы, бұрынғы Октябрь ауданының Тимирязев атындағы кеңшарында туған. Алматы халық шаруашылық институтын экономист мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1982 жылы облыстық нормативтік зерттеу стансасында агроном-экономист болып бастады. 1983-1984 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет етті. 1986-1988 жылдары Өзбекстан Республикасы Жызақ облысының Фарыш ауданына қарайтын Қызылқұм кеңшарында бас есепшінің орынбасары, Алматы қаласындағы Геодезиялық зерттеу кәсіпорнының топография-геодезиялық жұмыстары бойынша жұмысшысы, «Казбытрадиотехника» өндірістік бірлестігінің ревизоры, «Гарант» өндірістік бірлестігінің ревизоры, аға ревизоры, «Еңбек» кооперативінің есепшісі болып қызметтер атқарды. 1988-1992 жылдары Алматы қаласындағы «Ритм» жастар ғылыми-техникалық шығармашылығының Москва аудандық орталығының бас есепшісі, «Сабаз» КЖК-інің директоры, «Центрбанк» банк филиалдарының директоры, 1998-2012 жылдары «Шардара су электр стансасы» акционерлік қоғамының құрылымындағы директоры және төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының үшінші, төртінші және бесінші шақырылымдарының депутаты болып сайланып, 2012-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы, 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып қызмет етіп келеді.
Шардаралықтар Құдайберген Төлепұлын осы өңірдің төл перзенті санайды. Алып кәсіпорынды 14 жыл бойы жемісті басқара жүріп, ол шежірелі аймақтың тыныс-тіршілігімен де жете танысты. Облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту жолында көптеген игі істерді жүзеге асырды. Халыққа қуат көзін үздіксіз сыйлап келе жатқанына жарты ғасырдан асып бара жатқан «Шардара су электр стансасы» мекемесінде өзінің жарқын қолтаңбасын қалдыра білді.
– Сыр бойындағы «Шардара су электр стансасы» мекемесін басқаруды ұсынған кезде ойланбастан келісім бердім. Біріншіден, мені сол өңірден шыққан соң Арал теңізінің құрғап бара жатқан проблемасы алаңдатушы еді. Екіншіден, бизнестің тиімділігін арттырудағы өзімде бар тәжірибемді еліміз үшін іргелі де маңызды объект – оңтүстіктегі көп жылдық даңқты тарихы бар үлкен су электр стансасында қолдансам дедім. Сырдарияның төменгі ағысындағы, ең әуелі Қазақстандағы ауыл шаруашылық жерлерін ирригациялау мен мелиорациялау мақсатында салынған Шардара су қоймасындағы суды реттеу проблемалары маған жақсы мәлім еді, – деп еске алады экономист-қаржыгерліктен энергетика саласына бет бұрып келген кезін Құдайберген Төлепұлы.
Стансаның тыныс-тіршілігімен жақсылап танысып алған соң Құдайберген Төлепұлы алғашқы жұмысын экономикадан, яғни электр энергиясын сату жүйесінен, оны бөліп беруден, кәсіпорынның бірден-бір жалғыз тауары – өндірілген энергияға алдын ала төлемақы енгізуден бастауды ұйғарды. Қаржылық ахуалды түзетуде банк саласында қызмет атқарған жылдардағы жинаған тәжірибелері көп көмегін тигізді. Бірінші кезекте электр энергиясын сатып алу-сату келісім-шартын жаңа типте жасады. Онда төлем жасаудың міндетті түрде кепілдігі болуға тиіс. Біраз жылдан бері алдын ала қаржы төлемей-ақ электр қуатын алып келген және пайдаланған энергиясы үшін айлар бойы тағы да төлемей жүре беруді әдетке айналдырып алған ұйымдар бастапқыда реніш білдіргенімен, кейіннен түсінді. Кез келген тауар сияқты электр энергиясы үшін де өз уақытында өтемақы төлеу қажет екендігін, ол үшін тоқты да үнемдеп, құнттап жұмсаған жөн екендігін ұғына бастады. Осылайша кәсіпорынның жағдайы жайлап түзеле бастады. Қаржы жағы жөнге қойылысымен қызметкерлердің өздеріне деген сенімдері арта түсті. Жаңашыл басшы мекеме қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, соның ішінде 60-шы жылдары салынған әкімшілік, қызметтік ғимараттардағы тозығы жеткен және қолданыстан қалып бара жатқан жиһаздарды түгелдей ауыстыруды қолға алды. Көп өтпей-ақ, интерьер түгелдей жаңартылып, қазіргі заман талабына сай жиһаздармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Осының бәрі де адамдардың көңіл-күйлеріне, олардың жұмысының сапасына оң әсерін тигізді. Құдайберген Ержанның өзінің үлгі көрсетуімен мұнда саламатты өмір салтын ұстанатындар қатары көбейді. Офистегі жаңадан қойылған теннис столына, басқа да жаттығу залдарына жастар ғана емес, аға буын өкілдері жиналып, спортты жандарына серік ете бастады. Мекеме қызметкерлерінің балаларына арнап таэквон-до спорт клубын ашып, іске қосып берген де Құдайберген Төлепұлы болды. Арнайы алдырған жаттықтырушыға 80 бала жазылып, олар үш ауысымда жаттығып жүрді. Кейіннен мұнда қаланың өзге балалары да келіп жаттығатын болды. Қазіргі таңда Шардара ауданының таэквондошылары әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрсе – осы мекемеден бастау алған игі тірліктің жемісі деп айтқан болар едік.
Құдайберген Төлепұлының кәсіпорын қызметкерлеріне, басқа да азаматтарға жасаған игі істерін көптеп келтіруге болады. «Шардара су электр стансасы» АҚ-ы басқарма төрағасының қаржы-экономикалық мәселелері жөніндегі орынбасары Әділхан Үсіпбек былай дейді:
– Құдайберген Төлепұлы біздің мекеменің тізгінін қиын кезеңде қолға алды. Ол кісінің өмір көрген тәжірибесі мен кәсіби шеберлігінің арқасында көптеген мәселелер оң шешімін тауып отырды. Атап айтар болсам, бірінші кезекте бізден электр энергиясын алатын ұйымдар уақтылы төлем төлеп отыратын жағдайға жетті. Әлеуметтік жағдайымыз күрт жақсарды. Мәселен, Құдайберген Төлепұлының ұйытқы болуымен жұмысшылар асханасы ашылды. Ондағы мекеме қызмектерлеріне берілетін түскі астың 70 пайызын кәсіпорын өз есебінен төлейді. Жұмысшылар күнделікті жұмыс ауысымынан шыққан соң тегін пайдаланатын монша мен жуынатын себезгілер салынды. Қызметкерлердің санаторий-курорттық емделуі мен демалысына ішінара төлем жасалып отырды, яғни, бұл 90 пайызын мекеме төлеп береді деген сөз. Ұлы Отан соғысының және ауған соғысының ардагерлеріне, өзіміздің энергетика саласында қызмет атқарып, зейнетке шыққан ардагерлерімізге, халықтың мейлінше тұрмысы төмен бөлігіне материалдық көмектер көрсетіліп отырды. 2003 жылы көрші Жамбыл облысында зілзала орын алып, оған бүкіл ел болып көмек қолын созған кезде жұртшылық ұмытпаса керек. Мінеки, сондай ел басына күн туған ауыр сәтте алғашқылардың бірі болып «Шардара су электр стансасы» мекемесі Құлан ауылына аттанып, 2 пәтерлік тұрғын үй салып берді. Осы жұмыстардың барлығы да Құдайберген Төлепұлының тікелей қолға алуымен ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда Парламент төрінде отырып халықтың мұң-мұқтажын шешу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан әріптес-ағамыз Құдайберген Ержанға 60 жасы құтты болсын дей отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілеймін...
Таза жүріп, адал еңбек еткен адамды абырой мен бақ өзі іздеп тауып алады. Құдайберген Төлепұлының су электр стансасындағы тынымсыз еңбегі мен ізденістері көп өтпей-ақ өз нәтижесін берді. 2005 жылдың қорытындысымен «Шардара су электр стансасы» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы бойынша «Ең үздік салық төлеуші» болып танылды. Осы жылы Астанада өткен салтанатты шарада еліміздің сол кездегі Қаржы министрі Наталья Коржова «Шардара су электр стансасы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Құдайберген Ержанға диплом мен естелік медальді табыс етті. Мұнан кейінгі жылдары кәсіпорынның қаржы-экономикалық көрсеткіштері жылдан-жылға қарқынды өсіп отырды. Атап айтар болсақ, 2005 жылы су электр стансасының таза пайдасы 42,645 млн теңгені құраса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 28 есеге өсіп, таза пайда 1 216,8 млн теңгені құрады. Ел бюджетіне салық төлеу де осы дәрежеде болды. 2005 жылы мемлекетке 81,9 млн теңге салық төленсе, 2010 жылы 573,1 млн теңге салық төленді, яғни 7 есеге ұлғайды. Қызметкерлердің орташа айлық еңбекақысы 2005 жылы 58917 теңге болса, 2011 жылы 106775 теңгеге артты.
Су электр стансасындағы тағы бір елеулі оқиға 2010 жылы болды. Электр стансасы пайдалануға берілген 1967 жылдан кейін арада екі жыл өткенде, яғни 1969 жылы су қоймасында судың аса мол жиналған кезінде 648,1 млн кВт/сағат электр энергиясын өндіріп, ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген болатын. Бұл рекордтық көрсеткіш 41 жылдан кейін жаңартылды. Осы уақытқа дейін ескі жабдықтармен жұмыс атқарып отырған «Шардара су электр стансасы» мекемесі өз тарихында тұңғыш рет 670,5 млн кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Әрине бұл көрсеткішке басқарма төрағасы Құдайберген Ержанның білікті басшылығымен стансаның жақсы ретке қойылған жұмысы негізінде және кәсіпорын қызметкерлерінің шеберліктері арқасында қол жеткізілді.
Сағатына 100 Мвт электр қуатын өндіретін кәсіпорында қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары аяқталу үстінде. Бүгінге дейін 3 агрегат жаңғыртылған болса, келесі жылдың ақпан айында 4-ші агрегат пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Шетелдік компаниялардың озық технологиясы негізінде жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстары толық аяқталып шыққан кезде кәсіпорын қуаты 126 Мвт-қа артпақ. Осынау «Шардара су электр стансасы» акционерлік қоғамының технологиялық жабдықтарын жаңғырту жобасы да Құдайберген Ержанның жеке бастамасы еді. Себебі, стансаның негізгі агрегаттарының тозуы басты проблемаға айналғалы қашан. Күрделі жөндеу көрмеген станса өзінің кепілдік мерзімінен жиырма жыл артық жұмыс істеп келе жатқанын жасыруға болмас. Мекеме жұмысшылары ескі жабдықтарды жамаумен әуреге түсіп жатқандары. Стансаны түбегейлі жаңғырту қажеттілігі күн тәртібіндегі өзекті де өткір мәселе еді. 2007 жылы Құдайберген Төлепұлының қолға алуымен жаңғырту жұмыстарының инвестициялық бағдарламасы жасалды. Білікті басшының тереңнен талдап, бүге-шігесіне дейін мұқият есептеп ұсынған жобасының негізінде репсубликалық бағдарламаларға енгізілді. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №958 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі №303 Қаулысымен бекітілген 2010-2014 жылдарға арналған республикалық индустрияландыру картасы аясында «Шардара су электр стансасы» акционерлік қоғамында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жобаны жүзеге асыруға халықаралық тендердің жеңімпазы – Германия-Австриялық «Андритц Гидро ГмбХ» компаниясы тартылды.
«Ер қадірін – ел білер» дегендей, Құдайберген Ержан туралы сөз қозғалғанда шардаралық азаматтар тек жақсы пікірлерін айтады.«Абырой дегеніміз – сен туралы басқа бір адамның жақсы пікірі» дегеннің бір дәлелі де осы болса керек. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков ағамыз:
– Аудандық мәслихатқа хатшы болып жүрген кезімде Құдайберген Төлепұлымен танысып, қызмет бабында араласып кеттік. Іскерлік қабілетімен көпке танылған азаматқа халық та сенім білдіріп, облыстық мәслихатқа бірнеше мәрте депутат етіп сайлады. Облыстық мәслихаттың депутаты болып жүрген кезінде де, облыстық мәслихаттың хатшысы болып жүрген кезінде де Шардараға ұдайы қамқорлық танытып, маңызды деген салаларға қаржы бөлдіртіп отырды. Ол кісінің ықпалымен ауданымызда көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Қазіргі таңда да Мәжіліс депутаты ретінде халықтың арасына көп барып, тыныс-тіршілігімен танысады. Алдымен өзі еңбек еткен біздің өңірге келіп, елдің жағдайын көреді. Шардаралықтар барлық уақытта да Құдайберген Төлепұлын зор құрметпен қадірлейді – дейді.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев Құдайберген Ержанның халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолындағы еңбектері ұшан-теңіз екендігін айтады.
– Мен қалаға әкім болып тұрған кезімде Құдайберген Төлепұлымен тығыз байланыста болдым. Ол кезде қазіргідей барлық нәрсе жетіп-артылатын заман емес еді. Қарапайым ғана коммуналдық шаруаларды реттеуге техника таппай қиналатын едік. Сол кезде Құдайберген Төлепұлының жәрдемін көп көрдік. Әлі есімде, қаланың 40 жылдық мерекесі аталып өтетін жылы Құдекең басқаратын су электр стансасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде аудандық Мәдениет сарайын күрделі жөндеуден өткізіп берді. Аудандағы бірден-бір рухани ошақ саналатын Мәдениет сарайындағы құрылыс жұмыстарын Құдекең өзі басы-қасында болып, бақылап отыратын. Облыстық мәслихаттың хатшысы болып жүрген кезінде ауданымызда 260 орындық спорт кешенін салдыруға жәрдем берді. Сондай-ақ мектептерді, теңіз жағасынан бой көтерген жаңа музей ғимаратын салдыруға, су қоймасы жағалауынан туризмді дамыту үшін 255 гектар жер бөлдіру ісінде Құдайберген Төлепұлының үлесі мол. Содан соң, бұл кісі табиғатпен етене жақын адам. Талай мәрте сапарлас болып, аңға шыққан кездеріміз болды. Сол кезде қандай аң болсын аналығына мылтық оқталмайды. Дәл осы Құдайберген Ержанның бастамасымен 2 жыл бойына үйрек, қырғауыл сияқты құстарды атуға мораторий жарияланғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ағамыздың сүйегі асыл азамат. Тұлғасына қарап 60 жасқа толды дегенге сенбейсің. Құдайберген Төлепұлының қоғамға беретіні әлі мол, күш-қайраты жалындаған кемел жасқа енді келді деп айтамыз, – дейді Бұлтбай Лесбекұлы.
Ұзақ жылдар бойы аудан әкімдігінде заңгер болып қызмет атқарған Үсен Құралбаев ағамыз Құдайберген Ержанның қолқа салуымен су электр стансасына қызмет ауыстырған азамат. 2000 жылы осы мекемеге ауысып барған кезін Үсен Тұрысбекұлы былай деп еске алады:
–Кәсіпорынға жаңадан келген Құдайберген Ержан заман ағымының талаптарына сай жаңашыл әрекеттер жасауға кіріскен кезі еді. Бұл мекеменің өзі өндірген электр энергиясының ақшасын өндіру өте ауыр болып тұрған шақ-тұғын. Сол кездегі аудан басшысы маған стансаның проблемаларын талдап, хатқа түсіруге көмектес деп жіберген еді (себебі, мекеменің заңгері жұмыстан босап кеткен екен). Сонда байқағаным, Құдайберген Төлепұлына заңгердің қажеті жоқ сияқты. Ол өзі бәрін терең талдап, біліп отыр. Бірақ, бірінші басшы болған соң басқа да шаруалары жетіп жатыр. Сонымен, менің жұмысым ол кісіге ұнаған болса керек, күтпеген жерден маған өзіне жұмысқа ауысуға ұсыныс жасады. Мен біраз уақыт ойланып жүріп, келістім. Құдайберген Төлепұлы өзі жеке дара директор болып тағайындалса да, алқалы атқарушы орган құруды қалады. Маңызды мәселелерді өзі шеше бергенше ортаға талқыға салып, біздің де пікірімізбен санасуды жөн санады. Заман ағымын тез ұғынып, жаңалыққа жаны құмартып тұратын басшымыздан біз де көп нәрсе үйрендік, – дейді.
«Елге еткен еңбек еш кетпейді». Құдайберген Ержанның қалтқысыз қызметін мемлекетіміз де жоғары бағалап, бірнеше наградамен марапаттады. Атап айтар болсақ, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Құрмет» ордені және «Шапағат» медалімен наградталды. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астана қаласына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», мерекелік медальдарын иеленді.
Біз бұл мақаламызда Құдайберген Төлепұлының шағалалы өңірде атқарған жұмыстарын ғана қамтып өттік. Ал облыс пен республика көлемінде жасап жатқан еңбектері өз алдына бір төбе. Кемел жасқа келіп отырған азаматтың деніне саулық, шаңырағына амандық тілейміз.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ
Түркістан облысы,
Шардара ауданы