• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Желтоқсан, 2019

Премьер-Министр Жамбыл облысында болды

297 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде қолға алынған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ету және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы әуелі Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласына барды.

Жаңатас қаласында Үкімет басшысы Асқар Маминнің қатысуымен еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі және «ЕуроХим МХК» АҚ арасында минералды тыңайтқыштарды шығару зауытын салу және пайдалану жөніндегі Меморандумға қол қойылды. Жобаға тартылған инвестициялар көлемі шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. «ЕуроХим» әлемдегі жетекші минералды тыңайтқыштарды өндіруші кәсіпорынның бірі. Сонымен қатар, зауыттың қуаттылығы жылына 1 миллион тонна тыңайтқыш өндіруге жетеді. Жаңатас қаласында «ЕуроХим Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орналасқан. Ресурстық базасы Қаратау фосфорлы бассейнінің кен орны болады. Өндіріс технологиясы қоршаған ортаға зиянын мейлінше аз тигізіп, жоғары сапалы фосфорлы және кешенді тыңайтқыштарды фосфогипс қалдықтарынсыз шығаруға мүмкіндік береді.

Бір мезетте жылына 120 мың тоннаға жуық кальций хлориді мен кемінде 400 мың тонна дигидрат гипсі өндірілетін болады. Бұл автожол, мұнай-газ өндіру, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының қажеттіліктерін өтейді. Аталған кәсіпорын 2021 жылы пайдалануға берілетін болады. Мұнда 2000-ға жуық жаңа жұмыс құрылады деп жоспарланған. Бұдан кейін Премьер-Министр Асқар Мамин «Жаңатас жел электр станциясы» құрылысының жобасымен танысты. Аталған жобаның құны 50 миллиард теңге болады. Сондай-ақ, жобаның бірінші кезеңінің қуаттылығы 100 МВт болса, екінші кезең 200 МВт-ты құрайды. Бүгінгі таңда мұнда 19 жел генераторы орнатылған болса, 2020 жылдың бірінші тоқсанында олар 40 генераторға дейін жеткізілетін болады.

Үкімет басшысына 2020-2022 жылдары салынатын «Qazaqsoda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт құрылысына дайындық барысы туралы баяндалды. «Yildirim Group» түрік компаниясының аталмыш жобаға салатын инвестициялар көлемі 127 миллиардқа жуық теңгені құрайды. Аталған кәсіпорын бірінші кезеңде жылына 400 мың тонна өнім шығаратын болады. Перспективада өндіріс көлемін жылына 1 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланған.

«Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Асқар Мамин Тараз қаласындағы өңірдің жетекші әрі көне кәсіпорындарының бірі – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Минералды тыңайтқыштар зауытын аралап көрді. Жыл басынан бері зауыт 142 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Сонымен қатар, бұл өнімдер негізінен ішкі нарыққа шығарылған және Ресей, Қытай, АҚШ, Германия, Біріккен Араб Әмірлігі елдеріне інішара экспортталған. Бұдан кейін Үкімет басшысы қосымша 70 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін «Сәуле» кондитерлік фабрикасының үшінші өндірістік желісін іске қосуға қатысты. Сонымен қатар, Премьер-Министр Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Тараз қаласының орталығынан ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде болды. Кешен құрылысымен танысып, кешен ішінен жаңа ашылған облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды.

Ағымдағы жылдың 11 айында Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 319,5 миллиард теңгені, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 250,1 миллиард теңгені құраған. Сонымен қатар, 2020 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде іске асыру мерзімдерімен және 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 2,7 триллион теңгеге 66 инвестициялық жобаның пулы құрылды.

Жамбыл облысы