Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) сынға түсіп жатқан Нұр-Сұлтанның «Барыс» клубы «Барыс Аренада» Санкт-Петербургтің СКА командасымен ойнады.
Елордалықтар СКА-ға қарсы ойынды тамаша бастады. Матчтың небәрі 11-секундында Атте Охтамаа жылдам гол соғып, ойынды тамашалауға келген алты мыңнан аса жанкүйерге қуаныш сыйлаған болатын. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Айналдырған 9 минуттың ішінде СКА хоккейшілері үш гол соғып, таразы басын өздеріне аударды. Ал 13-минутта Алексей Маклюков есеп айырмасын қысқартқанымен, екінші кезеңде Санкт-Петербург командасы тағы үш гол соқты. 25-минутта Наиль Якупов, 28-минутта Василий Токранов мергендігімен көзге түссе, 38-минутта Артем Зуб ойындағы үшінші, жалпы матчтың соңғы голын соқты.
Осылайша, «Барыс» қатарынан екінші ойында жеңіліс тапты. Ал СКА командасын сегізін ойыннан бері жеңе алмай келеді. Жерлестеріміз Санкт-Петербург клубынан соңғы рет 2015 жылы басым түскен болатын. «Барыс» келесі кездесуін бүгін Мәскеудің «Динамо» командасымен өткізеді.