• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2013

Ғалымдар қатерлі ісікті анықтайтын тәсіл тапты

422 рет
көрсетілді

Алматы қаласында орналасқан Қазақстан-Жапон инновациялық орталығының қызметкерлері қан құрамындағы сары суды жа­қыннан сәулелендіру арқы­лы қай мүшенің обырға шал­дық­қанын он минөт ішінде дөп басып айта алады. Осыдан үш жыл бұрын қолға алынған бұл істің нәтижесі бар көрінеді. Атал­ған мерзім аралығында ғалымдар жеке клиникалармен бірлесіп, мың жарымға тарта азаматтың қан құрамын тексерген. Сонда олардың қатерлі ісікке шалдыққаны дәлелденіпті. Соған қарамастан, бұл тәсіл еліміздің медицина саласына әлі толық енгізілмеген. Басты себеп, қаражат тапшылығы қолбайлау болып тұр.

Статистикалық дерекке жүгінсек, жыл сайын 30 мыңдай қазақстандық қатерлі ісікпен есепке алынады екен. Ал әлем бойынша 10 млн. адам тіркеуге алынған. Дәрігерлер әзірге қатерлі ісікті түбірімен жоятын ем-домды тапқан жоқ. Жалпы, ел арасында «жаман ауру» аталып кеткен осы сырқат 5 сатыға бөлінеді. Аурудың жаңа пайда болған кезі медицина тілімен айтсақ, рак инцито деп аталады. Екінші сатысында ол үлкейіп, келесі қабатқа өтеді. Үшінші, төртінші сатыларында дерт асқынып, түйін салып тарайды. Соңғы кезеңі өте қауіпті. Ал Қазақстан-Жапон инновациялық орталығының директоры Диас Мырзақожа тың тәсіл негізінде қатерлі ісікті жедел анықтап, адам өмірін біршама ұзартуға қадам жасалып отырғанын айтады.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,

«Егемен Қазақстан».