• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2013

Пәкстанда содырлар 243 адамды түрмеден шығарды

273 рет
көрсетілді

Пәкстанның солтүстік-батысы Дера-Исмаил-Хан қаласында «Талибан» радикалды қозғалысының содырлары өз өкілдерін босату мақсатында түрмеге шабуыл жасады. Бұл туралы «Рейтер» агенттігінің ақпарына сілтеме жасаған ИТАР-ТАСС хабарлап отыр.

Дера-Исмаил-Хан қаласындағы түрмеде шамамен бес мың адам қамауда ұсталған болатын. Олардың ішінде 250 қылмыскер «Терих-и-талибан Пәкстан» мен өзге де экстремистік топтардың өкілдері бар

Талибтердің өкілі Шахидулла Шахидтің сөзіне қарағанда, олар өз жақтаушыларын босатуға жүз содыр мен жеті жанкешті жіберген. Олар жарылғыш заттарды қолдану арқылы түрменің электр қуатын істен шығарып, қақпасы мен қабырғаларын бұзып, ішке кірген. Бұған қоса, содырлар түрме жанындағы тұрғын үй мен аурухана шатырына орналасып, сол жерден әскерилер мен полиция қызметкерлеріне оқ жаудырған.

Бір қызығы, Хайбер-Пахтунхва провинциясы түрмелерінің басшысы Халид Аббастың айтуынша, шабуыл жөнінде билік бір апта бұрын хабардар болған. Алайда, оның тез арада орын алатынын күтпеген көрінеді.  

РИА «Новости» агенттігінің хабарлауынша, талибтер түрмеге жасалған шабуылдың сәтті өткенін, сондай-ақ 300-ге жуық қылмыскердің босатылғанын мәлімдеген.

«Жалпы 243 адам түрмеден қашып шыққан, оның алтауы кейінірек құқық қорғаушылардың іздестіру жұмыстары нәтижесінде құрықталды. Ал қашқындардың арасында 30 адам аса қауіпті қылмыскер саналады», – деп мәлімдеді Пәкстан үкіметінің өкілі Муштак Джадун.

Айдар Өрісбаев.