• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Желтоқсан, 2019

Жастарға серпіліс сыйлады

512 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен 2019 жылдың Жастар жылы деп белгіленгені дүйім жұртқа белгілі. Үкімет дайындаған 89 тармақтан тұратын Жол картасы бойынша ел жастарына әлеуметтік қолдау көрсету үшін бірқатар бағдарламалар қолға алынды. Жемісін көріп, пайдасына жаратқандар аз емес. Оған еліміздегі жас кәсіпкерлердің қатарының көбеюі дәлел.

Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 3 миллион 800 мыңнан астам жас бар. Бұл жалпы халықтың 21 пайызын құрайды. Жастардың әл-ауқатын жақсартуға ар­налған жылдың жетістіктері де бар. Ең алдымен жұмыс істейтін жастарды қуантқан жаңалықтан бастайық. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 3000 пәтердің жалға берілуі көптің көңілінен шықты. Жастарды баспанамен қамтуға мемлекет бюджетінен алғашында 65 млрд теңге бөлінген, кейін пәтер санының артуына байланысты қосымша 14,4 млрд теңге бөлінді. Конкурстан өтіп, жалдамалы пәтерге ие болған 3000 жас қоныс тойларын жаңа жылдың алғашқы күндерінде тойлайды. Республикамыздың басқа өңірлеріндегі жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспана салу 2022 жылға жоспарланған.

Пәтер мәселесімен бірге биыл жұ­мыспен қамту, кәсіп бастауға көп мүм­кіндік жасалды. «Жас маман» бағдарла­масымен қатар, ЖОО түлектеріне арналған «Жастар практикасы» да қолға алынды. Осы орайда кәсіпкерлікті қолдау мақ­сатында бірнеше жоба іске қосылды. Ал ең маңыздысы «Жас кәсіпкер» жобасы ая­сында еліміздегі 20 мың жас кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Жастар жылында 9,5 мың жас жаңа бизнес бастауға грант иеленіп, 2,5 мың жасқа өз ісін дамыту үшін шағын несие берілді. Кәсіпкерлік негізін оқытуға халық қазынасынан 1,5 млрд теңге бөлінді. Бизнес жобаларды несиелеуге республикалық бюджеттен 3 жыл мерзімге 89 млрд теңге бөлу қарастырылған.

Оксана Яркова «Жас кәсіпкер» жобасы ауыл жастары да қатысып, өз бақтарын сынауға мүмкіндік алғанын айтады. Ол – Солтүстік Қазақстан облысындағы Якорь ауылының тұрғыны. «Мамандығым бойынша тәрбиешімін. 2 жыл балабақшада жұмыс істедім. Бала күті­мі бойынша демалысқа шығып, балама киім тіге бастадым. Бағдарлама туралы әкімдіктен естіп, қатысуға бел будым. Жұ­мысымнан өз еркіммен шыққан соң, шегінерге жол жоғын түсініп, ынтаммен оқып, жұ­мысыма көп уақыт арнауға тырыстым. Бұл бағдарлама сүйікті ісімді кәсіпке айналдыруға мүмкіндік берді. Екі апта бойы Бескөл ауданында бизнес жос­пар жасау, салық ережелері сияқты кәсіпкерлерге қажетті білім алдым. Одан кейін жобамызды қорғап, грант конкурсына қатыстық. Біраз уақыттан кейін 505 мың теңге көлемінде грантқа ие бол­ғанымды естіп, бір қуандым. Бұл ақшаға қажет-жарақты алдым. Яғни тігін ісіне қажетті техника, тігін машиналарын сатып алдым. Гранттан кейін несие алдым. Өйткені жақсы тауар жасау үшін сапалы шикізат керек. Қазірде әлеуметтік желілер арқылы жұмысымызды көрсетіп, тапсырыс қабылдаймын. Тауарды жеткізу үшін «Қазпошта» қызметіне жүгінемін. Жалғыз жұмыс істеймін, алайда келер жылы бірнеше тігінші алу ойымда бар. Бү­гінде табысым керемет дей алмаймын. Несием­ді жабуға, отбасымызға жетеді. Бағ­дар­лама түлектеріне берілетін грант пен білім сенімді болуға, бизнесті игерудің қыр-сырын үйретті. Мұндай дайындықсыз, білім­сіз кәсі­біңді дөңгелету мүмкін емес шығар. Ал ауыл жастары үшін бұл әлем мүл­де таңсық. Осы жылы сүйікті кәсібіңді бас­тау үшін қалада туу міндетті емесін түсін­дім», дейді бағдарлама түлегі Оксана Яркова. 

Ал жас та болса, бас болып Атыраудың тәй-тәй басқан кәсіпкерлеріне бизнес әлемінің қыр-сырын үйретіп, қолдауын аямаған, «Жас кәсіпкер» жобасының тренері Бибігүл Кәкімжанқызы биыл 110 шәкірт тәрбиелеп, оларға бизнес әлемінде бағдар болғанын айтады. «Бағдарламаға Атырау қаласынан 55 адам, Махамбет ауданынан 55 кісі қатысты. 3 аптаға жуық нарық анализі, бизнес психологиясы, жобаның сұранысын арттыру мен шарттары туралы дәріс оқыдым. Әр қатысушыға жеке консультация өткізіп, бизнес жоспар жасауға көмектестік. Бір мақтанарым, шәкірттеріміз ауыл шаруашылығына да ден қойды. Нұрлыбек пен Уәлихан Құбайдоллаевтар ешкі шаруашылығымен айналыса бастады. Ал Еркін Әміржанов бүгінде тауық шаруашылығын дөңгелетіп жүр. Түлектер қайы­рымдылықпен де айналысады. Курс біткенде ашық аспан астында кинотеатр ұйым­дастырып, ол жерде өз өнімдерін сату­ға мүмкіндік беріп, жиналған қаржыны мұқ­таж отбасыларға аудардық. Жастар жылы Атырау жас­тарының екінші тынысын аш­қандай болды. Жастарға мүмкіндік беру өңірдің дамуын білдіреді. Ал өңірлердің өркендеуі республикамыздың экономикасын көтере түспек», дейді жас тренер. 31 жастағы Бибігүл жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдағаны үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапатына ие болды.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – Президенттік жастар кадрлық резерві. Оның қорытындысы жыл соңына таман жарияланды. Бірнеше кезеңнен тұрған байқаудан 300 қазақстандық жас іріктеліп алынды. Резервке енген жастар мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге таға­йындалады. Мұндағы басты мақсат – білікті бас­шылардың жаңа буынын қалыптастыру және жастар үшін әлеуметтік лифтінің ұтымды жүйесін құру. Комиссия мүшелері таңдаулылардың қатарына ілікпегендер де назардан тыс қалмайтынын айтты.

Студент жастардың негізгі мәселесі – жатақхана. Бұл жерде Жастар жылында замандастарының жағдайын жасауға қол­ғабыс еткен Ілияс Түстікбаев ерекше атап өтуге тұрарлық. «Дарын» мемлекеттік жас­­тар сыйлығының «Қоғамдық қыз­мет» аталы­мының биылғы иегері – «Қазақ­станның сту­денттер альянсы» республикалық сту­денттік қозғалысының көшбасшысы. Ол 2019 жылдың өзі үшін де, өзі басқаратын ұйым үшін де олжалы болғанын айтады. Жастар жылында дайындалған Жол картасы нәтижесінде жастардың біраз мәселесі шешімін тапты дейді. «Биыл екі жылдан бері жоспарлап жүрген жастардың үздіксіз дамуына арналған жобамызды бас­тадық. «Студенттер үйі 2.0» акциясы қолға алынды. Бұл акция студенттердің не­­гізгі мәсе­лелерінің бірін шешеді деп сене­мін. Ал жастар арасындағы ең үлкен ма­ра­патты, «Дарын» сыйлығын иеленуім тек ма­рапат емес, үлкен жауапкершілік еке­нін түсі­немін. Мамандығым бойынша жұмыс іс­те­месем де жастардың игілігіне, ел игі­лі­гіне қызмет еткеніме қуаныштымын», деді ол.

Отанның отбасыдан басталатынын қашан да естен шығармайтын қазақ халқы үшін Жастар жылының отбасы институтына да шарапаты тиді. Әр өңірде отбасылық ресурстарды қолдау орталықтары ашылды. Олардың ақпаратына сүйенсек, биыл 270 отбасы ажырасудан аман қалған. Сонымен қатар әр аймақтағы Жастар ресурстық орталықтарында тегін заңгерлік кеңес беру бөлімдері жұмыс істейді.

2019 жылы жастарды қаржыландыру көлемі 40 есе өскен. Жалпы шараларға 2 млн-нан астам жас тартылса, арнайы шаралармен 722 мың адам немесе еліміздегі әрбір 5-ші жас қамтылған. Жастарды қолдауға бағытталған 56 гранттық жоба жүзеге асырылды. Бұл бағдарламалардың жалпы сомасы 2,8 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жаңа бастамалар мен идеялардың жемісін талап ету үшін, әлбетте, ерте. Де­ген­мен 2019 жыл қазақстандық жастардың құлшынысына серпіліс әкелгені айқын.