Жыл соңында әр саладағы атқарылған жұмыстарды, қол жеткізілген көрсеткіштерді саралап, қорытындылайтын дәстүр бар. Желтоқсанның орта шенінде негізгі әлеуметтік-экономикалық нәтижелер белгілі бола бастаған-ды. Соның бірқатарына көз жүгіртіп көрейік.
ІЖӨ өсімі – 4,4 пайыз
Ресми дерекке сүйенсек, көрсеткішке көңіл толғандай. ІЖӨ өсімі 11 айда 4,4 пайызға жетті. Халықтың табысы 6,4 пайызға жоғарылады. Құрылыс секторындағы өсім 12,1 пайыздан, сауда – 7,5 пайыз, көлік саласындағы өсім көрсеткіші 5,6 пайыз, өңдеу секторы, оның ішінде машина жасаудағы өсім 19 пайыздан асты.
Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қордың активі 60,5 млрд-қа жеткенін хабарлады. 11 айда республикалық бюджетке 9595,7 млрд теңге кіріс кіріп, Премьер-Министр Асқар Мамин оны «Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша биылғы жоспар асыра орындалды» деп бағалады. Желтоқсан айын қоса алғандағы көрсеткіштер әлі толық қорытындылана қойған жоқ. Дегенмен өсім қарқыны жыл бойы бәсеңдемегенін ескерген Үкімет былтырғыдан асып түсетініне сенімді.
Доңыз жылы әлеуметтік салаға бұрын-соңды болып көрмеген мол қаражат жұмсалғанын айта кетейік. Былтыр оған 2,6 трлн теңге бөлінсе, биыл 2,9 трлн-ға жетті. Бекітілген 3 жылдық бюджет жоспары бойынша келер жылы 3 триллионнан асып түсетіні тағы бар.
2010 жылы басталған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бесжылдығы биыл мәреге жеткен болатын. Осы бағдарлама аясында қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде 25-орынға, яғни 2015 жылмен салыстырғанда 16 позицияға көтерілді.
«Нұрлы жол» не берді?
Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында «Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек. Бұл стратегиялық жоба. Соның арқасында көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады. Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің қалтасында кетті, ал таза су жоқ және басқа да инфрақұрылымдардың жағдайы әлі сол күйінде» деген болатын.
Президент Жолдауынан кейін 3 айға жуық уақыт өткенде «Нұрлы жолдың» 5 жылы қорытындыланды. 5 жылда көлік саласына шамамен 5,8 трлн теңге жұмсалды. Оның 2 трлн 540 млрд теңгесі бюджеттен бөлінсе, қалған 3 трлн 274 млрд-ы мемлекет-жекеменшік әріптестігінің үлесінде. Қаржының негізгі бөлігі автомобиль жолдары мен темір жол жобаларына бағытталып, нәтижесінде, 3 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолы салынды, реконструкцияланды. Соның ішінде 15 мың шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолы жөнделіп, 1,4 мың шақырым жаңа темір жол пайдалануға берілді. 5 жылда 400 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, ІЖӨ-дегі көлік саласының үлесі 8,3 пайыз болды. Контейнерлердің жалпы транзиті – 3 есе, транзиттен түсетін кіріс – 4,3 есе, жүк тасымалы транзитінің көлемі – 1,5 есе, транзиттік авиажолаушылар саны 4 есе өсті.
Бұған қоса Қытаймен шекарадағы терминалдардың өткізу қабілеті жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайды. Ақтау порты кеңейтіліп, Құрық порты салынды, сөйтіп Каспийдегі порт инфрақұрылымының қуаты жылына 27 млн тоннаға дейін артты.
Ақылы жолдар деген түсінік қарапайым жүргізушілердің де, автотасымалдаушылардың да санасына біршама берік орныққан сыңайлы. Биыл жолдан жиналатын қаржы 4 млрд теңгеден асқанын айта кету керек. Қазақстандағы ақылы жолдардың ұзақтығы 700 шақырымға жуықтайды. Олар: «Нұр-Сұлтан – Щучъе» – 211 км; «Нұр-Сұлтан – Теміртау» – 134 км; «Алматы – Қапшағай» – 42 км; «Алматы – Қорғас» – 295 км. Келер жылы «Нұрлы жолдың» 2020-2025 жылдарға арналған жаңа кезеңі «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі басталады.
Биыл «Бизнестің жол картасының» алғашқы кезеңі мәреге жеткенін жоғарыда айтып өттік. Осы бағдарламаның негізгі мақсаты және және орта бизнестің рөлін арттыру екені мәлім. 5 жыл ішінде ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 28 пайыздан артық ұлғайды. Бүгінде ШОБ субъектілерінің саны – 1,3 млн. Бұл бағдарлама басталған 2015 жылғы көрсеткіштен 400 мыңға көп.
«Бизнестің жол картасы-2020» аясында бюджеттен 282 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 16 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері қаржыландырылды, 100 мыңнан астам кәсіпкер оқытылды, 15,5 трлн теңгенің өнімі өндірілді, 1 трлн теңге шамасында салық төленді.
Үкімет бағдарламаның 2025 жылға дейінгі жаңа жобасын әзірлегенін айта кетейік. Ресми дерек бойынша оны жүзеге асыруға 421 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыру өткен бесжылдық кезеңге қарағанда бір жарым есеге ұлғаяды. 2025 жылға дейін ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 35%-ға, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4%-ға жеткізу көзделген.
Сыртқы сауда серпіні
Қаңтар-қыркүйек айларында жалпы сыртқы сауда айналымының көлемі 70,3 млрд долларға жетті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1,9 пайызға жоғары көрсеткіш. Экспорт көлемі импортпен салыстырғанда бір жарым еседей жоғары – 42,7 млрд және 27,6 млрд. Есесіне биыл елге сырттан келген импорт көлемі былтырғыдан ұлғайғаны байқалады. Сарапшылар оны бірінші кезекте шикі мұнай экспорттау көлемінің төмендегенімен байланыстырады. Сыртқы сауданың жартысынан көбі – 57,1 пайызы «қара алтынның» үлесінде. Дегенмен мұнай экспорты былтырғымен салыстырғанда (61,9 пайыз) төмендегенін де айта кету керек.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда айналымының үлесі бір жылда 21 пайызға жетіп, қаңтар-қыркүйек айларында 70 млрд доллардан асты. Алайда, одақтас елдердің арасында Қазақстанның импорттаушы ретіндегі рөлі басымдау. ЕАЭО елдерінен импорттайтын тауар экспорттан 2,3 есе көп. 11 айда одақтас елдерден 10,3 млрд доллардың тауарын алып, 4,4 млрд доллардың өнімін экспортқа шығарыппыз.
Жалпы, Қазақстанның ең ауқымды тауар айналымын орнатқан 10 мемлекеттің бесеуі Еуропа мемлекеті, үшеуі – Азиялық ел, қалған екеуі ТМД-дағы көршілеріміз (2019 жылдың 11 айы). Оған жекелей тоқталар болсақ, алғашқы орын Ресейге тиесілі: экспорт – 12 млрд 245 млн доллар. Қазақстаннан экспортталатын тауар көлемі бойынша одан кейінгі орындарда: Қытай 9,205 млрд; Италия – 6,774 млрд доллар; Оңтүстік Корея – 4,397 млрд; Франция – 3,02, млрд; Нидерланды – 2,9 млрд; Түркия – 2,1 млрд доллар; Өзбекстан – 1,9 млрд; Испания – 1,8 млрд; Швейцария – 1,5 млрд доллар. Биыл Қазақстанның экспорт нарығындағы елдердің саны 119-ға көбейіп, тауар номенклатурасы 800-ге жуықтады.
Сауда және интеграция министрлігі таратқан ресми дерекке жүгінсек, биылғы 11 айда еліміз жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 61 экспорттық келісімге қол жеткізіпті. Министр Бақыт Сұлтановтың айтуына қарағанда, алдағы уақытта Қытай, АҚШ, Еуроодақ елдерінің нарығына басым көңіл бөлінбек.
«Астана» ХҚО-ның адымы
Ел экономикасының өсімін қамтамасыз ететін басты құралдардың бірі болуға тиіс делінген «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңы арқылы биыл 130 млн доллар инвестиция тартылды. Әлемнің 35 елінің 350 компаниясы елордадағы қаржы орталығына тіркеліп, жоспарланған меже артығымен орындалды. Ыстанбұл, Варшава, Будапешт, Мәскеу және Баку қалаларын артта қалдырып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қаржы орталықтарының арасында алғашқы орынға көтерілді. Қаржы орталықтарының Жаһандық индексінде (GEFI`26) 104 орталықтың арасынан 51-орынға көтерілді. Нарық капиталы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың дәулетін басқару, қаржы технологиясы, ислам қаржысы, «жасыл» қаржы сынды 6 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейтін «Астана» ХҚО «Белдеу және жол» бастамасы аясында халықаралық ASIAMONEY журналы тарапынан «Жыл жобасы» деп танылды.
7,7 миллион адамды қамтитын жоба
Биыл бастау алған «Ауыл – ел бесігі» жобасын айтпай кете алмаймыз. Бүгінде ел халқының 7,7 миллионы, яғни 42 пайызы ауылдық жерде тұрады. Жаңа жобаның аясында 6443 ауылдың ішінен даму әлеуеті бар 3 477-сі іріктеліп алынды. Спутниктік ауылдарды дамытуға алдын ала есептеулер бойынша 900 млрд теңге керек. Үкімет бұл соманың 70 пайызын, яғни 630 млрд теңгені республикалық бюджеттен, қалған 270 млрд-ты жергілікті бюджеттен бөлуді жоспарлап отыр.
«Ауыл – ел бесігінің» аясында 7 жылда 7 миллион адамның тұрмысын жақсарту көзделген. 7 мың шақырымнан астам кентішілік көше салынып, барлығына ауызсу жеткізіледі, әлеуметтік нысандар жаңғыртылады. 17 мың маманға ауылдық жерден тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі. Қазір 700 мыңдай адам тұратын 53 ауылда 30 млрд теңгенің инфрақұрылымдық жұмысы басталып та кетті.