Биыл Шығыста жылдағыдай емес, қар қалың. Қардың қалыңдығынан талғажау етер азық азайды ма, әлде жүріп-тұру қиындады ма, жыртқыштарға жем болудан сақтанғаны ма, соңғы кездері өңірде аң-құстардың қалаға кіріп кетуі жиіледі.
Былтыр жыл ортасында Семейдегі кітапханалардың біріне бұғы, ал Риддерге аю кіріп кеткен еді. Жыл аяғында, яғни желтоқсан айында Семейдің шетіндегі үйлердің бірінің ауласына сілеусін, облыс орталығына елік еніп кетіп, елді елең еткізген-ді. Өскемен көшесінде екі күн жүрген түз тағысын ақыры көлік қағып, жарақаттап, шаһардағы ветеринарлық емханалардың біріне жеткізілді. Елікке ота жасалғанымен, дәрігерлер жанын аман алып қала алмаған-ды. Адамдардан пана іздеп, Ертіс жағасындағы қаланы екі күн бойы еркін кезген сұлу жануарды мұндағы құзырлы орындардың амалын тауып ұстап алып, шаһардан шығарып жіберуге тырыспағаны түсініксіз.
Елік демекші, содан бір апта өтер-өтпесте қаладағы Абай даңғылының бойында жүрген екі елік көзге түсті. Ал кеше Өскеменнің шет жағындағы Жібек маталар шағын ауданындағы (ЖМК) көпқабатты үйлердің жанына жем іздеп, бір топ шіл келіпті. «Еліктер қала маңын мекендейді. Оларды ЖМК шағын ауданы аумағынан кездестіруге болады. Шамасы жыртқыштардан бас сауғалап, қалаға келген болуы керек» дейді өскемендік орнитолог-ғалым Сергей Стариков.
Шығыс Қазақстан облысы