• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қаңтар, 2020

«Нұрлы жер» бағдарламасымен пәтер алды

397 рет
көрсетілді

Ақсу қаласындағы жеке тұрғын үйлер салынған шағын ауданда 8 қос пәтерлі үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйлер құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүргізілді. Пәтерлердің барлығы да орталықтандырылған су, жылу жүйелеріне, электр қуатына қосылған.

Шағын ауданда пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің кілттерін 16 көп балалы отбасы иелеріне облыс әкімі Болат Бақауов табыс етті. Өңір басшысы қысқа мерзімде үйлерді салып берген құрылысшылардың еңбегін атап өтті. Үйлердің барлығы бір көшеде орналасқан.

 Осы күнге дейін 4 баласымен қалада пәтер жалдап тұрған Мария Жаринова кілт алған сәтте, қуаныштан жылап жіберді.

– Жаңа үйіміз қандай кең, жылы, – дейді Мария толқынысын жасыра алмай.

«Әр бала өз несібесін ала ке­леді» дейді халқымыз. Көп балалы, жалғызбасты ана Гаухар Көк­сінова да бұған дейін пәтер жал­дап тұрған. Енді, міне, жарқы­раған 3 бөлмелі үйдің кілтін алды. Жақында ғана кенже ұлы қыр­қынан шығыпты.

– Үкіметке рахмет! Бала­лары­ма мектепте тегін тамақ, киім-ке­шек, оқу құралдары бері­леді. Бала­бақшаға да тегін барады. 2020 жылдан бастап 5 балам үшін қосым­ша ақы төленеді. Өзім де бос отыр­ған жоқпын. Кәсібім – тігін ісі. Қоржын, тойбастар тігіп сатамын,  – дейді Гаухар.

Қала әкімдігінің мәліметінше, шағын ауданның құрылысы 2016-2017 жылдары инженерлік-ком­муникациялық инфрақұрылым жүргізілген кезде басталған.

Бірақ, жер алғандардың бәрі бірдей құрылыс жүргізбеді. Сон­дықтан бұл учаскелер арендалық үйлер салу үшін мемлекет мен­шігіне қайтарылды. Қазір жеке тұр­ғын үй ауданында 28 екі пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Жеке үйлерді жалдау ақысы айына – 5-10 мың теңге.

Сөйтіп, көшелер саны да кө­бейді. Көшелерді абаттандыру, кө­галдандыру жұмыстары басталмақ. Әр отбасына өз үйлерінің қасынан ағаштар отырғызуға, бау-бақша егуге мүмкіндік бар. Қазір жарық бағаналары орнатылуда. Жобаға сәйкес, 2025 жылға дейін шағын ауданда балабақшалар, мектептер, емханалар мен сауда үйлерін салу қарастырылған.

 Сондай-ақ қаланың ауылдық аумағына қарайтын Қалқаман кентіндегі 30 жыл бойы қаңырап бос қалған үйлер де пайдалануға бе­рілді. Бұл үйден 32 отбасы пәтер алды.

– Жақсы пәтер, жылы үйге қол жеткіздік. Мемлекетімізге рахмет!, – дейді көп балалы ана Ақмоншақ Әділ.

 Қала әкімдігінің мәліметінше, жартылай бұзылған үйлерді қал­пына келтіруге бюджеттен 162 мил­лион теңге бөлінген. Биыл тағы екі үйге жөндеу жүргізіледі. Пә­тер­­лер бірінші кезекте әлеуметтік тұр­мысы төмен, көп балалы отбасы­ларға беріледі.

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы