Биылдан бастап еліміздегі барлық ауыл дербес бюджет жүйесіне көшті. Тиісті заңда Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін 2018 жылдан бастап халық саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтер деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде енгізу қарастырылған.
Ауылдағы өзін-өзі басқарудың жаңа деңгейі қандай болмақ? Дербес жеке бюджетпен жұмыс істейтін ауылдар дайындығы облыстық әкімдіктің көшпелі отырысында қаралған болатын. Көшпелі отырыс елімізге өркениетті дамыған ауыл ретінде танылған Успен ауданы Галицкое ауылында өтті. Өткен жылы біздің өңірде де тұрғындарының саны 2000 адамнан асатын 32 ауылдық округтің жеке бюджеті қалыптасып, олар өз қаржыларын ауыл игілігіне жаратуға мүмкіндік алды. Тірек ауылдар санатына алынған осы ауылдық аумақтарда 140 мың адам тұрады. Жаңа жылдан бастап көшпелі жиын өткен Галицкое ауылының әкімдігі де төртінші деңгейлі бюджет түріне көшеді.
Ауылдық аумақтар дербес бюджет жүйесі бойынша екінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Басты мәселе – табыс көзінің аз болуы.
– Егер 2018 жылы табыс көзінің көрсеткіші 9,8 пайызды құраса, 2019 жылы 8,6 пайызға азайды, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлия Арынова. Ол бұл көрсеткіш 1 пайызға дейін төмендейтінін айтты. Себеп – еліміздегі салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерге байланысты. Көлік салығын төлеу мерзімі ауысып, шағын бизнес иелері табыс салықтарынан босатылды. 2020 жылғы көлік салығы 2021 жылы ғана төленетін болғандықтан, ауылдық бюджеттер 400 миллион теңгеден астам қаржыдан қағылады. Бизнеске жасалған жеңілдікке байланысты ауылдық бюджеттердің шығыны 150 миллион теңгеге дейін жетеді.
Әлия Арынованың айтуынша, 2020 жылғы бюджет көлемі 7,6 млрд теңге шамасында. Оның ішінде өз кірістері 229,5 миллион теңге, оның 50 пайызға жуығы әлеуметтік салаға бағытталады. Дербес бюджетпен ауылдық аумақ әкімдеріне жергілікті басқару тетігі берілгендіктен, олар ауыл қауымдастығымен ақылдасып, ауылды көркейтудің басым бағыттарын анықтап отыруға тиіс.
Бюджет қаражатын игеру маңызды мәселе, маңызды шешім делік. Бірақ осы маңызды шешімдерді қабылдайтын адамдардың жауапкершілігі, бюджет қаржысының бөлінуі мен игерілуін бақылайтын тұрғындардың құзыреті қандай деген сұрақтар да ойлантады.
– Аудан орталықтарында 2020 жылы жеке кіріс көлемі 11 миллион теңге көлемінде болмақ, – дейді Ә.Арынова. Оның айтуынша, кірістің ең азы Аққулы ауданында – 1,4 миллион теңге шамасында. Тереңкөл, Ертіс аудандарының кірісі 20 миллион теңге төңірегінде. Май ауданы Майтүбек ауылдық аумағының кірісі 100 мың теңгеге де жетпейді. Тіпті ауылдарда айыппұлдан түскен кіріс облыс бойынша небәрі 149 мың теңгені құрайды. Мысалы, Баянауыл ауданында 14 ауылдық аумақ бар, 12 ауылдағы халық саны 2000 адамнан да аз. Сондықтан дербес бюджетті енгізу аудан орталығы Баянауыл ауылында, Майқайың кенті әкімдігінде жүргізілуде.
Ал бюджеттің төртінші деңгейіне өту – ауылға тиімді. Мәселен, тіркелмеген нысандар саралаудан өтіп, салықтық және салықтық емес түсімдер есебінен ауыл бюджеті артпақ. Жергілікті халықтың өзі табысты бөлуге қатысса онда билікке деген сенім қалыптасады. Яғни, ауыл, кентті басқаруға белсенді қатысады.
Ауылдың бюджеті әкімдіктердің қарамағындағы мүлікті жалға беруден, ерікті алымдардан, қайырымдылық және демеушілік жарналардан, айыппұлдар мен сыртқы жарнама орналастыру төлемдерінен құралады. Ол үшін ауыл әкімдерінің білігі мен білімі жоғары деңгейде болуы қажет. Сол себепті әкімдерді қаражатты жоспарлау және жұмсау, салық жинау, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруда арнайы оқыту курстары, бюджетті жоспарлау, атқару және коммуналды мүлікті пайдалану жайында сауатты басқаруға үйрету, оқыту қажет болды. Облыс әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен облыстағы әр ауылдық аумақ әкіміне, қазынашылық, экономика және бюджетті жоспарлау, қаржы, мемлекеттік кіріс органдарына аудан, қалалар бекітіліп берілген. Тіпті ватсап желісінде арнайы чат құрылып, сұрақ қоюға мүмкіндік жасалған. Былтыр дербес бюджеті болған 32 ауылдың 5-еуі әр ай сайын бөлінген қаржыны тиімді игеріп, бюджеттің кіріс бөлігін де орындап отырған. Төмен көрсеткіш аудан орталықтары Баянауыл, Көктөбе ауылдық аумақтарында тіркеліпті.
Облыстық тексеру комиссиясының басшысы Айнагүл Құрманова Ақтоғай мен Аққулы аудандарына жүргізілген тексеріс нәтижелеріне орай жалпы, ауылдарда жиналған кірістің аз болуы жоспарлаудың дұрыс болмауынан дейді. Егер ауылдық әкімдіктер берілген ескертулер мен ұсынымдарды ескерсе, қателер қайталанбауға тиіс.
Ал кірісті көбейту үшін не істеу керек? Облыс әкімі кірісті көбейту үшін ауыл әкімдері коммуналдық мүліктерді тиімді пайдаланулары қажет екенін айтты. Жалпы, 6,8 млрд теңгенің коммуналдық меншігі ауылдық әкімдіктерге өткізілген. Нәтижесінде 5 жылжымайтын мүлік пен 3 көлік бәсекелес ортаға беріліп, ауылдардың бюджетіне 16,7 миллион теңге түскен. Бұған өңірдегі 200 орта мектепті қосыңыз. Оқушы саны аз ауылдардағы 2-3 қабатты мектептер қыс бойы жылытылады. Мектептердің бос тұрған бөлмелерін қажетті жағдайларға пайдалану қажеттігі ең әуелі ауыл әкімдерін ойландыруы керек.
Келесі мәселе, ауылдық әкімдіктерде маман жетіспейді. Дербес бюджетке көшкеннен кейін ауылдық әкімдіктердің жұмысы көбейеді. Ә.Арынованың айтуынша, әрбір ауылға штаттық лимитті 5-7 бірліктен 7-9 қызметкерге арттыру ұсынылуда. Маман жетіспейді дегеннен шығады, облыс орталығының іргесіндегі 11 мың халық тұратын кентте 9 маман ғана қызмет көрсетеді екен. Кенттегі ауыз суға, жолға, басқа да әлеуметтік мәселелерге байланысты тұрғындардың шағымы көп. Өңірдегі Майқайың, Солнечный, Қалқаман кенттерінде де осындай жағдай қалыптасқан. Майқайың кентінде 9 мыңға тарта, Павлодар ауылында 7 мыңға жуық тұрғын бар. Сондықтан кент деп қарамай, әкімдік қызметкерлерін көбейткен дұрыс болар.
Биыл басталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында да қыруар қаражат қарастырылып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батановтың айтуынша, биыл Павлодар облысына осы бағдарлама аясында 1,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Тереңкөл, Железин, Ертіс, Баянауыл аудандарының орталықтарында жол, әлеуметтік нысандар жөнделуде. Биыл Шарбақты, Ақтоғай, Көктөбе, Аққулы аудандарындағы 34 жобаға 1,2 млрд теңге жұмсалуға тиіс.
– Өңірімізде Галицкое сияқты ауылдардың көбейгенін қалаймын. Әкімдер еліміздегі мемлекеттік бағдарламаларды жете түсініп, оның әр тетігін пайдалана алса – ауыл өзгереді, – деді Болат Бақауов жиын соңында.
Дамыған елдерде әр қала, әр провинция жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бойынша жұмыс істейді. Олар инвестор тартуда, тұрғылықты жерін өркендету ісінде бір-бірімен жаппай бәсекелес. Павлодар облысындағы ауылдық елді мекендер де Галицкое ауылымен бәсекелестік жолына түссе игі.
Павлодар облысы